Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Мерекенің мерейі

Мереке Құлкенов… Бұл есім қазақтың оқырман қауымына өткен жиырмасыншы ғасырдың жетпісінші жылдарының орта тұсында-ақ таныла бастады. Ал, зиялы қауымның, әдебиет әлеміндегі сыншылардың назарына сексенінші жылдардан бастап ілінді.

%d0%b0%d1%82%d1%8b%d1%80%d0%b0%d1%83%d0%b4%d0%b0%d0%bd-%d1%82%d2%af%d0%bb%d0%b5%d0%b3%d0%b5%d0%bd-%d0%b0%d2%9b%d0%b8%d1%8b%d2%9b%d1%82%d0%b0%d1%80

Өз басым оны әріректен, сонау алпысыншы жылдардан білемін. Оған себеп, мен сол алпысыншы жылдардың ортасында аудандық «Коммунизм туы» (қазіргі «Қызылқоға») газетінің редакциясында журналистік қызметімді бастадым. Сол шамада ауданымыздың Мұқыр  орта мектебінен оқушы Мереке Құлкеновтің редакцияға жолдаған балғын өлеңдерін, шағын-шағын мақалалары мен хабарларын тұшына оқып, кідіртпей газетке жариялап тұрдық. Әсіресе, жылт еткенді тез танып, көргіш, талант көзін ашуға ынталы ағамыз, журналист Қабижан Сағиев:

— Осы баланың келешегі бар, жазғандары жатып қалмасын,- деп пошта арқылы келген дүниелерін түгендеп жүретін. Кейбір материалын отыра қалып өзі қорытып тастайтын.

1968 жылдың күзінде әскер қатарына алынып, бір жылдан соң редакцияға оралсам, газетімізде жібек мінезді, ұяң бір бозбала қызмет істейді екен. Бақсам, ол баяғы тырнақалды туындыларын өзіміз жиі жариялап тұрған талапкер Мереке Құлкенов көрінеді.

Оның өзін бірінші көруім, ал әке-шешесінің есімдері ауыл адамдарына жақсы таныс. Әкесі Әбдеш Қабылұлы – кезінде партия, кеңес орындарында басшылық қызметтерде болған аудандағы зиялы тұлғалардың бірі. Менің туған жерім Балабейітте де ұжымшар партия комитетінің хатшысы қызметінде болып, ауыл адамдарымен етене араласып, саяси жұмысты ұршықша үйіріп жүргізе білген адам. Анасы Талшын Қарабалақызы – көпке сыйлы, халыққа қадірлі жан. Тұла бойы тұнған өнер – ісмер, биші. Жергілікті тұрмыс комбинатының басшысы.

Осындай өнегелі ортадан тәрбиеленіп шыққан Мереке газет қызметінде істеген кезінде де жұмысында ешкімге қамшы салдырмады. Бірақ, көп ұзамай келер жылғы жазда ол Алматы қаласындағы бірегей білім ордасы Қазақ мемлекеттік университетіне оқуға түсуге аттанды. Сөйтіп, Мерекенің шығармашылық жолдағы тұсауын алғашқы кескен де, қолына жолдама беріп, қадамына сәттілік тілеп университетке аттандырған да Қызылқоғаның аудандық газеті еді.

Студент күнінде-ақ қаламының ұшқырлығымен назарға іліккен Мерекенің әрі қарайғы қаламгерлік жолы өсу, өрлеуден кенде болмады. Бастауын аудандық газеттен алған журналистік қызметі республикалық «Қазақстан пионері» газетінің, «Пионер» журналының редакцияларында сәтті жалғастырылып,  шығармашылық шеберлігін жетілдіруге қолайлы ықпал етті. Оның қолынан шыққан қай мақаланы да, қай корреспонденцияны  да, қай очеркті де оқырмандары жылы қабылдады. Өзінің сиқырлы иірім-дерімен тартып, жаныңды баурап алатын. Ақ қағазға балғын балалардың мінез-құлықтарын, қам-қаракеттерін айнытпай түсірді. Мүмкін бұл оның өзінің туабіткен дарынымен қатар, қазақтың қайталанбас құдіретті ақын қызы Фариза Оңғарсыновамен үзеңгілес жүріп, жұмыстас болуы да, тәлім-тәрбиесін көруі де дұрыс ізге түсуіне себепкер болды ғой дейміз. «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деген халықтың дана сөзі осындайда айтылмайтын ба еді?!

Мерекенің өрісті өрлеуге шыға бастаған ең жемісті шақтарының бірі –оның «Қазақ әдебиеті» газеті редакциясында бөлім меңгерушісі болып қызмет істеген жылдары. Сол кезеңде ерекше елең еткізген проблемалық мақалалары, ірі тұлғалар жайлы көлемді очерктері арқылы өзекті мәселелерді көтерді, елге есімдері қалтарыста қалып келе жатқан талай арыстарды таныстырды. Қазақ тілінің тайғанақ тағдырына араласты, табалдырықты аттағалы тұрған экологиялық апатты ескертті. Малды ауылдар тұрмысындағы, мәдени саладағы, әдеби әлемдегі кенжелеушілікті, олқы тұстарды соқырға таяқ ұстатқандай етіп көрсетуге ден қойды. Рухани жұтаңдыққа ұрынуымыздың себептеріне үңілді. Жұртқа ой тастады, келешекте келеңсіз-діктерден қалай құтылуға  болатыны хақында бағыт-бағдар сілтеді.

Оқырман қауымға да, барша халыққа да Мереке әрі жазушы, әрі публицист, әрі қоғам қайраткері ретінде танымал. Ол бірнеше хикаяттар мен әңгімелер жинақтарының төл иесі. Алғашқы шыққан кітаптарының бірі «Таңғы самалға» енген екі хикаяты «Қанжардағы жазулар» мен «Шаттықты» тебіренбей оқи алмайсың. Ал, «Үрей» атты кітабында 18 әңгімесінің бастары қосылған.  Қай-қайсысы да оқи бастаған адамның жүрегіне бірден ұялайтын, өмір айдынындағы жанды көріністер. Бір ғажабы, Мерекенің очерктері мен эсселері де әңгіме, хикаяттары тәрізді тартымды, әсерлі. Ондай туындылары негізінен арқауы сан қилы оқиғаларға толы «Біздің қоғам» атты кітабына (Алматы. «Өлке» баспасы, 2006)  топтастырылған. Кітаптың баспа ұсынған басқы таныстырылымында «…егеменді еліміз болашақта қай бағытпен дамиды, ол дамуда Шығыс пен Батыстың құндылықтарының қайсысын таңдайды, әлде өзінің сара жолымен жүре ме, жаһандану дәуірінде алатын орны мен болашағы жайлы философиялық жауап беруге ұмтылған бағалы еңбек» делінген. Сол айтылғандай, «Әкім және оның командасы», «Тым орыстанып кеткен халықпыз», «Пара», «Сүттен ақ, судан таза», «Қазақ неге жалқау?», «Бай мен кедей» және басқа да публицистикалық шығармаларында жұрт көкейіндегі пікірлер қозғалып, өткір ойлар ортаға тасталады.

Оқып қарайық, «Әкім және оның командасы» деген мақаласында «…мәдениет пен әлеуметтік мәселелерді, білім беру саласын басқаратын мекемелерге көбіне кездейсоқ адамдар басшылық жасайды. Абайдың немесе Мұхтардың бір шығармасын толық оқымаған, құлағымен естіген әңгімелерді малданып, мәдениетке басшы болып жүрген рухани кембағал орынбасарлар, мекеме басшылары қаншама?» десе, ал «Пара» атты мақалада «Баяғы «Пара бергенше, бара бер» деген нақыл, «Бара бергенше, пара бер» болып өзгергелі қашан»  деп түйреп өтеді. «Сүттен ақ, судан таза» деген мақалада «Бұрынғы адамгершілік қағидаларына, ата-бабамыздың салт-санасына сызат, сызат емес-ау, жік түсті. Жас айырмашылықтары арқылы бағаланатын адамдық қасиеттердің көбі бүлінді. Ақсақалдың аузынан дуа кетті, жастың бойынан иман жоғалды. Адалдық пен тазалық деген адам бойындағы ең ұлы қасиеттерге нұқсан келді. Ғасырлар бойы алақанына салып, аялап келген осы ұлы қасиеттер кейінгі жас ұрпақтың бойынан тез жоғалады. Неліктен? Бізді өзекті өртеген осы мәселе қатты ойландырса керек» деп шыр-пыры шығып, ой тастайды. Ел қамын жеген ердің сөздері. Кең ауқымды тұлғаның ойлары. Кейбір публицистикалық еңбектері тақырыптарының өздері сөйлеп тұр, «мені оқы» деп өздеріне шақырады.

Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдарымен тоғысқан тұста «Қазақ әдебиеті» газетінің тұтастай екі бетін алған «Есіл ер» атты көлемді очеркі жарық көрді. Мұнда Алашорданың батыс аймағы көсемдерінің және қазақтың тұңғыш профессорларының бірі, ірі ғалым, қоғам қайраткері, әскери дәрігер, әдебиетші, тарихшы… әрі қарай созбалай бермей, бір сөзбен айт-қанда, әмбебаптың өзі, отызыншы жылдарғы ұлт зиялыларына төнген зобалаңның құрбаны болып «халық жауы» атанған жерлесіміз Халел Досмұхамедовтың өмір жолы мен ғылыми-педагогикалық, қоғамдық жұмыстары көркем баяндалған. Бұрын «ақтаңдаққа» айналып, құпияланып келген Халел тағдыры, шығармашылығы туралы шындыққа оқырман жұрт осы очерк арқылы молынан қанықты. Жазу мәнері, шұрайлы тілі қызықтырды. Кейін білгеніміздей, бұл тарихи очерк үлкен шығармаға барар жолдағы алғашқы баспалдақ екен. Қаламгер Халел туралы роман жазу үстінде көрінеді. Сәт сапар тілей отырып, мынадай ойға қалдым: кемеңгер Мұхтар Әуезов әлемді таңдантқан бірегей туындысы «Абай жолы» эпопеясын жазарда да әуелі осындай сатылардан өткен емес пе?! Жалпы, ұлы адамдар туралы қалам тербеуге өзіне-өзі сенімді жазушылар ғана бара алады. Мерекенің сондай ең таңдаулы топтың сапына қосылуға бағыт ұстағанына қуандық. Ол шығарманың бастапқы үзінділері газет-журналдарға, жинақтарға жарияланды да. Енді толық нұсқасын асыға күту қалды.

Осы жерде еріксіз еске оралды, тоқсаныншы жылдардың күзінде Мереке Әбдешұлы шығармашылық іссапармен Атырау аймағының теріскейіндегі Қызылқоға ауданына барды. Негізгі мақсаты Халел Досмұхамедовтың кіндік қаны тамған, ат жалын тартып мінген, жастық шағы өткен өңірді, табиғатын өз көзімен көру, өмір тынысын, табан ізі түскен жерлерді аяқтай аралау, ел адамдарымен сөйлесу екен. Сол сапарда оған жолбасшы болудың сәті түсті.

Қарабау ауылында болғанымызда, Мереке өзінің дүниеге келген үйін іздеді. Ауыл басшыларының топшылауынша, бұдан 35 жыл бұрын аудан орталығының Миялыға қоныс аударуына орай оның ата-анасының көшіп кеткен орны ауылдың бір бүйірінде екен. Таба алмай бірталай сергелдеңге түсуімізге тура келді. Соңғы жағында жаяулап-жалпылап жүрдік. Сөйтіп жүргенімізде ауылдың қартамыстау бір адамы Мерекенің туған мекенін дәл көрсетті. Әлі міні құрымаған екі бөлмелік әсем үй қаңырап бос тұр. Ол пәтердің ішін аралап көріп, балалық шағын еске түсірді. Тіпті, үйінің алдындағы шүңейтке дейін, оған шомылғанын, бірге ойнаған балалардың аттарын… бәрін ұмытпапты. Осы үйде Мерекенің кіндігі 1951 жылғы қарашаның сегізінде кесіліп, бес жасқа толғанында әкесі Әбдеш қызмет бабымен көшуіне тура келген. Қасында бірге болған біз Мерекенің туған ошағын қастер тұтқанын үлкен ізеттіліктің, көрегендіктің белгісі деп ұғындық. Шіркін-ай, әр адам өз атажұртын, өз Отанын осылай ардақтай білсе ғой! Жас буынға бұл – таптырмас өнеге.

Бір қызығы, ауыл басшысының аузынан сол үйді бұзуға жатқызылып  қойылғанын естіп, тасыған көңіл бәсеңсіді. Мен реті келгенде:

— Ертеңгі күні Мереке ұлы жазушы болып жатса, осы үйді қайта қалпына келтіре алмай әлек боласыздар-ау,- деп араға әзіл-шыны  аралас сөз қыстырдым. Басшы езу тартты да қойды.

Алыптар асылды алыстан таниды. Қазақтың адуын ақыны, заңғар тұлға  Мұхтар Шаханов шығармашылық жағынан толысып, өсіп келе жатқан Мерекенің әдеби, журналистік талантын танып, біліп, оны өзіне «Жалын» журналы бас редакторының орынбасарлығына алып, зор  сенім көрсетті. Екі жазушы азамат тізе қосып еңбек еткен жылдары журналдың мазмұны күрт өзгеріп, ілгері басты. Маңайына жас қаламгерлерді тығыз топтастырып, келешегі бар талай талапкерге қолдау көрсетіп, қанат бітірді.

Республикалық бірлескен «Ана тілі», «Жалын» басылымдарының, «Таң Шолпан» журналының бас редакторы, «Өлке» баспасының бас директоры, «Қазақ газеттері» ЖШС-нің бас директоры-редакторлар кеңесінің төрағасы қызметтерінде болғанында да, арасында қазақ теледидарының төрінде  жүргенінде де  Мереке елдің жоғын жоқтап, мұңын шертіп жүретін Алматы, Астана қалаларындағы Атыраудың бір көзі, бір тірегі тәріздес болды. Оның Исатай тойын оңтүстік астанамыздың қақ төрінде өткізуге мұрындық болуы, Махамбет поэзиясы күндерін, республикалық ақындар айтысын ұйымдастыруға белсене атсалысуы, Махамбеттің 200 жылдық мерейтойы алдында «Махамбет кітапханасы» сериясымен 20 томдық кітапты және «Махамбет елі» кітап-альбомын үш тілде (қазақша, орысша, ағылшынша) дайындауда жалпы редакциясын басқаруы, өзінің туған ауданы Қызылқоғаның мерейтойларында қыруар арнаулы кітаптар шығарып, ұсынуы азаматтығының тағы бір айқын көрінісі. Еңбегіне қарай ие бол-ған марапаттары да баршылық. Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері, Президент сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденімен және бірнеше медальмен марапатталды. Жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевпен бірігіп жазған «Бас» драмасы  еліміздің  Мәдениет министрлігінің екінші жүлдесін иеленді.

Жазушыны өзінің өскен ортасының қалай бағалап, қалай қадірлейтіні көп нәрсені аңғартады. Оған балалық шағы өткен, мектепте оқыған Мұқыр ауылында болған Мерекемен кездесуде тым тәуір көз жеткіздім. Оның кітаптарын ауылдастары қызыға, құмарта оқиды екен, әр шығармасы туралы беріле баяндап, тұшына талдағанда, сүйсініп отырдық. Мектептегі ұстаздары Жақұт Қалиева, Бағила Жолмұқанбетова, Нәсіпқали Құбашев, Амангелді Сәрсенбаев, Зауза Ғұсманова бірінен кейін бірі жарыса сөйлеп, бір кездегі оқушы Мерекенің сабаққа алғырлығы, ізденімпаздығы, ізеттілігі жайлы тілдерінің майын тамыза мақтасты. Шығармаларының дені өз ауылдарының өмірлерінен алынғанын, кейіпкерлеріне дейін танымал екендігін сөз еткендерінде жазушы алабұрта бас изеп отырды. Ауылдың қадірменді ақсақалы Мұқанбетжан Зұлқанов:

— «Болатын бала кісіге үйір, жарамды ат саяққа үйір» дегендей, әкесі Әбдеш екеуміз әңгімелесіп отырғанда, қасымыздан шықпайтын. Ел туралы, азаматтық жайлы ой бөліскенімізде,  ұйып тыңдайтын, бала болса да өз пікірін қымсынбай қосып отыратын. Сол Мереке міне, есімі қазақ жұртына белгілі жазушы болып ортамызда отыр. Біздің аяулы жерлесіміз Халел Досмұхамедов туралы роман жазып жатқандығы мені ерекше сезімге бөледі…- деп тебіренді.

Ауыл адамдарының ыстық ықыласынан кейін Мереке Құлкенов, әрине, шалқып, тасығандай болды.

-…Жазушы қашанда халқымен бақытты,- деді ол толқи сөйлеп,- Менің кітабымды күтіп жүрген  сіздер барсыздар. Мен  сіздер үшін жазамын. Ол қай жазушы үшін де үлкен мәртебе…

Шыны да сол емес пе?!

Төлеген ЖАҢАБАЙҰЛЫ,

Қазақстанның

Құрметті журналисі, Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы, доцент.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button