«МЕРЕЙЛІ ОТБАСЫ» МӘРЕГЕ ЖЕТТІ
Байқауға қатысушыларды жеңісімен құттықтаған аймақ басшысының орынбасары елдің ел болуы, дамуы үшін әр отбасының рөлі ерекше екенін баса айтты.
Биыл 84 отбасы байқауға қатысып, 32 отбасының материалы облыстық кезеңге жолдама алды. Оның ішінде 16 отбасы үздік деп танылып, салтанатты шараға қатысты.
Үшінші орынға Индер ауданынан Салауат Әжіғұловтар, Қызылқоға ауданынан Алмасболат Қарабалиндер және Жылыой ауданынан Байтаңат Оңдашевтар отбасылары ие болды. Ал, Махамбет ауданынан Жаңабай Жайлашевтар, Исатай ауданынан Ибрайым Қарабалиндер, Атырау қаласынан Басаролла Харасовтар отбасылары жүлделі екінші орынға лайық деп танылды. Бірінші орынды Мақат ауданынан мұнайшы Жеңіс Қанатбаев пен Құрманғазы ауданынан теміржолшы Кеңес Аймұрзаевтардың отбасылары жеңіп алды.
Жеңімпаздар дипломмен марапатталып, оларға Алматы қаласындағы «Қазақстан» шипажайына отбасылық жолдама берілді және отбасылардың құжаттары республикалық «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсына қатысу үшін Астана қаласына жолданады.
Шара барысында облыстық байқауда дипломант атанған бірқатар отбасылары да назардан тыс қалмады. Оларға Алғыс хаттар мен ескерткіш сый ретінде теледидар табыс етілді.
Байқау жеңімпазы Жеңіс Қанатбаев – бүгінде зейнеткер. Елу жылдан астам уақыт «Доссормұнаймаш» мекемесінде абыроймен қызмет еткен. Іскерлік қабілетінің арқасында бірқатар жетістіктерге жетіп, марапаттарға ие болған. «Құрмет» орденінің иегері. Доссор кентінің және Мақат ауданының Құрметті азаматы. Жұбайы Маржан Дәулетова екеуі екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсірді.
Ал, Кеңес Аймұрзаев еңбек жолын Құрманғазы ауданында темір жолда жөндеу бригадасының бригадирі қызметінен бастаған. Темір жол саласында жол дистанциясының кадр бөлімінің бастығы қызметінен зейнетке шыққан. «Отандық темір жолға – 150 жыл» төсбелгісімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Еңбек даңқы» орденімен марапатталған. Жұбайы Ұлболсын Аймұрзаева да ұзақ жылдар темір жол саласында қызмет еткен. «Алтын алқа» иегері. Отбасында сегіз баланы тәрбиелеп өсірген. Бес баласы ата-анасының жолын қуып, осы салада қызмет етеді. Ер азаматын, қашан да биікке көтерген Ұлболсын апай бүгінгі жеткен жетістіктерін өмірлік серігі, отағасы еңбегінің жемісі деп санайды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.