Жарнама
Жаңалықтар

Мерейді өсірген марапат

Атырауда Республика күніне орай Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында  «Тұғыры биік Қазақстан» атты салтанатты шара өтті. Жиынға облыс әкімі Серік Шәпкенов қатысып, барша жиналғандарды айтулы мерекемен құттықтады.

– Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамасымен Ұлттық ұлы мереке қайта оралды. 1990 жылы 25 қазанда бабаларымыз аңсаған, көптен күткен Мемлекеттік егемендік туралы Декларацияға қол қойылды. Бұл ел Тәуелсіздігіне қол жеткізген ерекше күннің алғашқы баспалдағы. Бүгінде мемлекет басшысы егемендігімізді нығайту жолында көптеген қызметті атқарып жатыр. Елімізде жаңа, әділетті Қазақстан орнатуда бірқатар жұмыс қарқын алды. Жаңа саяси экономикалық реформалар жүргізілуде. Сондай-ақ жаңа қоғамды қалыптастыру үшін демократиялық үрдістерді дамытуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған көптеген шара іске асуда. 

5b457904 5b1b 4fab a36a 33ec38350ad2

Бүгінде әлемде өте қиын жағдай орын алды. Ауыспалы кезеңдер, ел арасындағы тыныштықтың бұзылып жатқан сәттерінде біз үшін Тәуелсіздігімізді сақтап қалу өте маңызды. Президентіміз айтқандай, Тәуелсіздіктен қымбат еш нәрсе жоқ. Сондықтан, қазір елдегі бірлікті ту етіп, халқымыздың амандығы үшін бас жинайтын кезең. 

Республика латын тілінен аударғанда «ортақ іс»деген мағынаны білдіреді. Ел дамуы жолында ортақ іске жұмылған жөн. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын, — деді Серік Жамбылұлы.

Облыс басшысы өткен жолды саралап, алдымызға қоятын мақсаттарды айқындап, ел экономикасының дамуына үлес қосқан азаматтардың еңбегі өлшеусіз екенін атап айтып, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес бірқатар мемлекеттік наградаларды табыс етті.

2535ca5b a04e 4c27 ab8c 1412b8d059d9

Мемлекеттік және қоғамдық қызметтегі cіңірген еңбегі, елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін еңбек ардагері Мәдина Ғабдісәлімова «Парасат»орденімен марапатталды.

Жылыой ауданындағы «Горизонт» ЖШС бас менеджері Халел Жамалов, «Теңізшевройл» ЖШС Қазақстанда мұнай-газ өндіретін бірлескен кәсіпорныбас директорының кеңесшісі Айбек Крамбаев, «Атырау барыстары» ЖШС баскетбол академиясының жаттықтырушысы Анатолий Лысяк, Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының бас суретшісі  Темірбек Мұхтаров, облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев «Құрмет» орденіне ие болды.

39fd3de2 c87b 4b86 8d15 4486f161959d 1

«Дина Нұрпейісова  атындағы  халықтық  музыка Академиясы» Атырау музыка колледжі халық аспаптар бөлімінің домбыра мамандығының арнайы аспап пәнінің оқытушысы Сәлімгерей Садықов, «InfinityPlazaEcoPark» эко-паркі, «Инфинити-Орда» ЖШС құрылтайшысы Сағын Сәрсенов, Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрыныңкөркемдік жетекшісі Мұқанғали Томанов та аталған орденмен наградталды.

201ce18e 8750 4b09 90f1 3444ef55fb3e 1

    Ал, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» ордені Мақат ауданынан «Ембімұнайгаз» АҚ «Доссор Мұнайгаз» МГӨБ №1 Ботақан мұнай және газ өндіру цехының операторы Дүйсембай Ержанғалиевке, Махамбеттен«Бірлік» ШҚ жұмысшысы Амангелді Қонашевқа табыс етілді.  

Сонымен қатар «Атырау-Ақпарат» ЖШС бас директорының орынбасары Исатай Балмағамбетов«Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Мұндай құрметке ие болғандардың қатарында «Атырау Жарық» АҚ Қызылқоға аудандық электр жүйесінің басшысы Аманбек Әбділдиев, облыстық индустриалдық-инновациялық даму басқармасыбасшысының орынбасары Қарлығаш Бекбаева, Н.Жантөрин атындағы Атырау облыстық филармониясының бас режиссері Ақмарал Мәшімова, «Былина» газетінің тілшісі Лев Гузиков және бір топ азамат  бар. 

Салтанатты жиында мерейді өсірген марапаттар көп болды. Соның ішінде облыстық кардиологиялық орталықтың жан сақтау бөлімшесінің меңгерушісі, дәрігер-анестезиолог-реаниматологі ЖангелдіҚадыровқа және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Атырау облысы бойынша өкіл имамы, «Иманғали» мешітінің бас имамы Алтынбек Ұтысханға «Шапағат» медалі табыс етілді.

Ал Махамбет атындағы Академиялық қазақ драма театрының әртісі  Ғазиза Орынбасарқызына «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағы берілді. Бұдан басқан бір топ азамат Қазақстан Республикасының Құрмет грамотасына ие болды. 

Индер ауданы бойынша Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар Кеңесінің төрайымыЖібек Мұғауова ел бірлігін нығайтуға, татулық пен келісімді сақтауға және рухани мәдениетті дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен наградталды. Қазақстан халқының бірлігін, қоғамдық келісім мен қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан лайықты үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасына ие болғандар да бар. 

Сонымен қатар, бүгін Астана қаласында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Бақтықожа Ізмұхамбетовтың «Еңбек ері» атануы, Президенттің қолынан ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін алған «Атырау Жарық» АҚ Атырау қалалық электр желілерінің «Жоғары кернеулі электр жүйелері» учаскесінің электр монтері Мұрат Жақсығалиевтіңеңбегі айрықша аталып, мұның барлығы жас ұрпаққа үлгі болуы қажеттігі сөз болды. 

Салтанатты жиын мерекелік концертке ұласып,Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрының актерлары мен жергілікті көркемөнерпаздар өнер көрсетті. Кеш қонағы ретінде шақырылған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова да әсем әуендерімен мерекелік шараның көркін қыздырды. 

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button