Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«Мені спорт тарихы алаңдатады»

Санаулы күндерден кейін еліміз Тәуелсіздік алғанына 25 жыл толу мерейтойын атап өтеді. Осынау тарихи сәт мұнайлы мекенде таэквондо спортының негізі қаланған тұсымен сәйкес келеді. Жергілікті тарихшы, республиканың еңбек сіңірген жаттықтырушысы Қабибек МҰХИТОВ ардагер спортшылар арасында өткен ел біріншілігінде алтыннан алқа тағып, қос мерейтойдың құрметіне тамаша сыйлық жасады! Әлемге әйгілі спорт саңлағы Мұстафа ӨЗТҮРІКТІҢ шәкіртін біз де сөзге тарттық.

%d0%ba%d0%b0%d0%b1%d0%b8%d0%b1%d0%b5%d0%ba

Білуімізше, тәуелсіздіктің ширек ғасырында көптеген  Қазақстан чемпионын тәрбиелеп шығарыпсыз. Әңгімеміздің әлқиссасын өзіңіз туралы мәліметке арнасақ.

— Иә, мен таэквондомен сонау тоқсаныншы жылдан бері айналысып келемін. Ал, 1991 жылы Атыраудан арнайы мектеп аштым. Сол себептен де, осы спорттың біздегі негізін қалаушы болып саналамын. Ол кезде жас тарихшымын ғой, Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының бірінде аспирантурада білімімді шыңдап жүрген едім. Соңынан «Қазақстанның мұнай өнеркәсібінің тарихы – соғыс жылдарында» тақырыбында ғылыми жұмысымды қорғадым. Күндіз мұрағаттың шаңын қағып, Ембі мұнайының тарихын тізбектесем, кеш-құрым жаттығулардан қол үзбедім. Осылайша, ғылыми-оқытушылық қызметпен бірге спортты да қатар алып жүрдім.

Ал, Мұстафа Өзтүрікпен қай уақытта, қалай таныстыңыз?

— Онымен танысудың сәті 1992 жылы түсті. 1954 жылы Түркияның Қайсері қаласындағы Мұсаходжалы ауылында дүниеге келген оның есімі спорт жылнамасына алтын әріптермен жазылды. Әттең, тек ғұмыры қысқа болып, 1995 жылы өмірден өтті. Жүрген жерінде өзінің қазақ екенін мақтанышпен айтып жүретін-ді. Ел үшін туған ер осындай болса керек.

Жалпы, алдымен Қазақстанда таэквондодан интернационалдық федерация құрылды. Кейін оған бүкіләлемдік федерация қосылды. Атақты спортшының өзі 1992 жылы Атырау жеріне аяқ басып, мені шәкірті ретінде таныстырған болатын. Міне, осы кезден бастап бізде таэквондоға үлкен көңіл бөліне бастады. Артынша көптеген турнирлер ұйымдастырылды. 1995 жылы «Үздік бапкер» атандым. Аталмыш спорт түрінің облыстық федерациясына басшылық жасадым. Аға бапкер де болдым. Санап көрсем, осы кезде он шақты ел чемпионын тәрбиелеген екенмін.

— Одан соң немен айналыстыңыз? 

— Кейін Алматы қаласына көштім де, сол жақта тұрдым. Белгілі академик Манаш Қозыбаевтан тәлім алдым. «Тарих ғылымдарының кандидаты» ғылыми атағымды  қорғадым. Бір кездері Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтында қызмет еттім.  Ал, 2009 жылы туған өлкеме оралдым. Содан бері осындамын. Бұған дейін Атырау мемлекеттік университетінде тарих пәнінен дәріс те бердім, бапкерлікпен де айналыстым. Қазір балалар және жасөспірімдер спорт мектебінде жаттықтырушымын. Сондай-ақ, Атырау мұнай және газ университетінде дене шынықтыру бойынша сабақ беремін.

Бір қарағанда, спорт – менің мамандығым емес, тек жан-тәніммен құлай сүйген сүйікті ісім. Ол арқылы «тыныс аламын», айналамды танимын, өсіп-жетілемін. Көп уақытымды соған бөлгенім үшін де еш өкінбеймін. Шүкір, шәкірттерімнің алды – ұлттық құраманың бас бапкері Мұстахим Қабдыраш сияқты белгілі азаматтар. Одан басқа Нұрхат Дүйсенбаев, Бауыржан Төребаевтай еліміздің еңбек сіңірген жаттықтырушылары. Мұндай атақ 2006 жылы өзіме де берілген еді. Екі дүркін ел чемпионы, республика спорт шебері атандым.

%d0%ba%d0%b0%d0%b1%d0%b8%d0%b1%d0%b5%d0%ba1

— Демек, қазір де жас спортшылармен бір сапта өнер көрсетіп жүрсіз. Оның бір көрінісі – күні кешегі ардагерлер арасындағы жарқын жеңісіңіз. Бұл кездейсоқ келген сәттілік пе, әлде толымды тәжірибе жемісі ме?

— Бұл жарыс таэквондоның «пумсе» деген түрі бойынша өткен болатын. Ол –  бір немесе бірнеше адамға арналған белгілі бір жаттығулар мен қимылдар кешені. Онда негізгі күш қол мен аяққа түседі. Әрбір жас ерекшелігіне орай, «пумсенің» өз бағдарламасы болады. Мәселен, мен жарысқа 51 жастан жоғары қатысушыларға лайықталған бағдарлама бойынша дайындалдым. Бұл спорттың ерекшелігі сол, ағза қатты терлейді. Өйткені, әр қимылды айна-қатесіз өз деңгейінде орындап беру оңай емес. Бұл жарысқа мен екінші мәрте қатысудамын. Былтыр Ақтау қаласында өткізілсе, биыл Астанада ұйымдастырылып отыр.

— Бүгінде өңірде спортты жан-жақты дамыту жолында қандай қиындықтар кездеседі?

— Сауалыңыз өте орынды. Рас, орталықпен салыстырғанда, аймақтардағы спорттың даму деңгейі сәл төмендеу. Бұл ретте біздің облыста да шешімін күткен мәселе көп. Айталық, әңгімелеп отырған ардагерлер турниріне елуден астам спортшы қатысты. Көбісі еліміздің оңтүстік өңірлерінен келді. Бізден тек алты адам ғана бақ сынады. Неге? Себебі, бізде «пумсе» деген бағыт әлі дамымай отыр. Ал, оған ересектер де қатыса алады ғой. Спорт тек жарыс нәтижесімен ғана өлшенуде. Яғни, оған дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын қалыптастыру тұрғысынан мән берілмей келеді.

Мысал үшін айтқанда, 25 жасында таэквондодан қол үзіп қалған ересек спортшыларымызды қазір қалай қатарға қайта қосарымызды білмей отырмыз. Осы ретте «пумсенің» атқаратын қызметі зор. Онда жаттығулардың біраз түрі қамтылған. Осының өзі спорттан алшақтап қалғандарға физикалық дайындығын жақсартып алуға мол мүмкіндік береді.

Өкінішке орай, жергілікті жерлерде спорт тек алтын медаль алып, әлемге танылудың құралы ретінде ғана қарастырылады. Чемпион атануға кімнің мүмкіндігі мол, сол ғана жаттығады, дайындалады, жарыстарға қатысады. Ал, қалған адамдардың спорттық дайындығын былай қойғанда, қарапайым денсаулығына ешкім алаңдамайды. Оның үстіне, қазір телефонға телміріп, компьютерге кісенделген ұрпақ өсіп келеді. Себебі, оларды спорттық шараларға ешкім шақырмайды, дене шынықтырудың пайдасы өз деңгейінде насихатталмайды. Осыдан келіп, қайдан денсаулығымыз жақсарып, ауру азаймақ?

— Сізді сала ардагері ретінде қандай мәселелер көбірек толғандырады?

— Кейде ойлап қарасам, тарих пен спорттың өзара тығыз байланысты екенін түсінемін. Өйткені, спорт саласындағы жеңістер мен жеңілістер тарихтан орын алса, сол тарихтағы маңызды оқиғаларға байланысты спорттық жарыстар ұйымдастырылады.

Қазір тарих ғылымы көп салаланып кетті. Әлеумет, экономика, медицина, мәдениет және басқа да салалардың тарихы өз алдына жеке зерттелуде. Сол секілді, спорт тарихы да жазылуға тиісті. Тіпті, соңғы кездері тарихта «әйгілі Шыңғыс ханның ұлты қазақ болған екен» деген сияқты батыл тұжырымдар жасалуда. Оның қасында кешегі жеңістерімізді жіпке тізудің не қиындығы бар?

Бірде менің бір магистрант шәкіртім «Атырау спортының тарихы» тақырыбында ғылыми жұмыс қорғаған еді. Сол кезде өңірдің спорт тарихы баяндалған бірде-бір еңбектің жоқ екеніне көзіміз жетті. Демек, Атыраудың атын шығарған спорт саңлақтары мен олардың жеткен жетістіктері туралы мәлімет жоқ деген сөз. Ал, бұл – үлкен мәселе. Ендеше, оны қазірден біржақты етпесек, кейін кеш болады.

— Елу бес жасқа келгенде, Атыраудың алғашқы тарихшы-спортшысы атанып отырсыз. Жоғарыда айтылған мәселелерді шешудің қандай жолдарын ұсынар едіңіз? 

— Расымен де, спорт тарихын түгендеп шықсам, онда Атыраудың тұңғыш тарихшы-спортшысына айналарым сөзсіз. Көрші Ресей мемлекетінде спорт тарихы жақсы дамыған. Шығыс жекпе-жегі бойынша да ғылыми еңбектер жазылуда. Сонау 1972 жылы грек-рим күресінен біздің облыс тарихында бірінші рет ел чемпионы атанған Меңдігерей Хайруллин деген азамат төсек тартып ұзақ ауырды. Оның өмірден көрген-білгені, спорт саласында жинаған іс-тәжірибесі мол болатын. Өз аузынан көптеген қажетті мәліметтерді жазып алуға болар еді ғой?

Әйтсе де, осындай сала ардагерлері өздерінің білім-біліктері мен бай мұрасын өздерімен  бірге «алып кетіп» жатыр. Бұл мәселеге республика тарапынан да көңіл бөлінуі керек. Неге спортты айтқанда, тек мерекелік спартакиадалар мен біріншіліктер туралы ғана сөз болады. Ал, «бұқаралық спорт» және «дене шынықтыру» ұғымдары тек құжат жүзінде ғана қалып қояды. Қарапайым жергілікті мұражайда спорт жылнамасына арналған бірде-бір бұрыш жоқ. Спорт тақырыбына арналған көрмелер  ұйымдастырылмайды. Сайып келгенде, ертеңгі  ұрпақ елімізді төрткүл дүниеге танытқан спортшыларымызды қайдан іздеп табады? Қазақ спортын айтпағанның өзінде, Атыраудан да  қаншама әйгілі  спортшылар шықты. Олар қазір  ұмытылып барады.

Тағы бір мысал келтіре кетейін. Қазір Владимир Пак деген спорт ардагері үйінде науқастанып жатыр. Ол – Атыраудан алғаш рет бокс мектебін ашып, оның негізін қалаған адам. Соның ұтқыр ұйымдастыруымен жетпісінші жылдары Кеңес Одағының екі мәрте Батыры атанған Павел Поповичтің атында турнир өтті. Атақты ұшқыш-ғарышкердің өзі де кезінде бокспен айналысқан екен. Сондықтан оның атында арнайы жарыс өткізіліп тұрған. Кеңес Одағының бокс федерациясын басқарған ол  өз атындағы жарысқа қатысу үшін Атырауға да келген деседі. Беделді қонақты сол кездегі облыстық партия комитетінің басшысы Саламат Мұқашев қарсы алып, қонақ етіпті. Ендеше, осы істің басы-қасында жүрген Владимир Пактің жағдайын сұрап, небір тарихи естеліктерді өз аузынан неге жазып алып қалмасқа?.. Міне, алдағы уақытта осы жұмыстарды қолға алсақ, дұрыс болар еді.

— Әңгімеңізге бек рахмет!

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button