«МЕНІҢ ОТАНЫМ — ҚАЗАҚСТАН»

Жаңа оқу жылы осындай тақырыптағы сабақпен басталды

Білімнің берекелі шаңырағы

1 қыркүйек — Білім күні облыс бойынша 104 мыңнан астам оқушы жайдарлы жазғы демалыстан соң алтын ұя – мектебімен қайта қауышты. Оның ішінде 13 740 бүлдіршін мектеп табалдырығын алғаш аттап отыр. Бүгінгі күнгі басты жаңалық – аймақта екі жаңа білім ошағы бой көтеріп, оқушыларды қарсы алғандығы. Соның бірі — Махамбет ауданындағы Жалғансай орта мектебі. Жаңа мектептің ашылу салтанатына облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов қатысып, ата-аналар мен оқушыларды білім күнімен және оқу жылының басталуымен құттықтады.

 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенді саясатының арқасында еліміз жылдан-жылға көркейіп, көптеген жетістіктерге қол жеткізіп келеді. Әсіресе, соңғы жылдары «100 мектеп, 100 аурухана», «Қолжетімді баспана-2020» және тағы басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында еліміздің түкпір-түкпірінде көптеген мектеп, аурухана, емхана, балабақшалар және басқа да әлеуметтік нысандар іске қосылып жатыр. Атырау облысында да осындай жетістіктер баршылық. Бүгін 1 сынып оқушылары үшін ерекше күн. Олар Елбасы Н.Назарбаевтың «Менің Отаным — Қазақстан» атты кітабын сыйға алғалы тұр. Бұл тарихи кітап – жаңа өмірге аяқ басып жатқан бүлдіршіндерге ғылымға, білімге деген сүйіспеншіліктерін оятуға жасалған алғашқы қадам. Қадамдарың құтты, талаптарың оң болсын! –  деп, облыс басшысы Бақтықожа Ізмұхамбетов ақ тілегін жеткізіп, білім ордасы директоры Ж.Есенғалиевке мектепке автокөлік алуға үш миллион бес жүз мың теңгенің сертификатын табыс етті. Сондай-ақ, 1 сынып оқушыларына Мемлекет басшысының сыйлық кітабын табыстап, алғашқы қоңырауды салтанатты жағдайда соқты.

Тарихқа үңілсек, аталған ауылда 1932 жылы бастауыш мектеп өз жұмысын бастаған. Ардагер ұстаз Жамиға Натифуллинаның айтуынша, тек 1975 жылы аталған білім ордасы орта мектепке айналды.

Облыстық білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Шәкіржан Мырзағалиевтің айтуынша, үш жүз орындық мектеп бұрынғы апатты жағдайдағы білім ордасының орнына салынған. Құрылыс жұмыстары екі жыл жүрді.

– Атырау облысы үшін жаңа оқу жылы үлкен тоймен басталып отыр. Осыдан бір айға жуық уақыт бұрын Құлсарыда бір мектеп ашылды. Сондай-ақ, бүгін сол қалада облыстық дарынды балаларға арналған тағы бір мектеп пайдалануға беріліп жатыр.

Еліміз бойынша 12 жылдық білім беру жүйесіне көшіп жатқан 30 мектептің қатарында Атырау қаласындағы №17 және Исатай ауданының Тұщықұдық ауылындағы Ж.Мырзағалиев атындағы орта мектептері бар, – деді басқарма басшысының міндетін атқарушы Шәкіржан Қишуұлы.

Мектеп директоры Жексенбай Есенғалиевтің сөзіне сүйенсек, сән-салтанаты келіскен жаңа мектеп ауыл жастарының көптен күткен арманы болатын. Оқушыларға сапалы білім алу үшін барлық кабинеттер заманауи технологиямен жабдықталған. Атап айтсақ, мультимедиялық, тіс дәрігері, информатика, химия, физика, зертханалық кабинеттер қызмет етпек.

 Мектепте оқушылар саны 251 болса, оларға 41 мұғалім дәріс береді. Мектеп директорының айтуынша, мұнда кадр мәселесі толықтай шешілген.

Бес мың шаршы метр алаңы бар үш қабатты мектептің құрылыс жұмыстарын жүргізіп, белгіленген уақытында тапсырған «Аксиома сервис контракт» ЖШС басшысы Қали Қамаубаев символикалық кілтті мектеп директорына табыстады.

Шашу шашылып, ән-күй ойналып, ауыл тұрғындарының жүздерінен мерекелік тамаша көңіл-күй мен шаттықты байқадық. Ал, керілген лентаны қиған облыс басшысы жаңа білім ошағын аралап, жан-жақты танысты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ,

суреттерді түсірген

Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ,

Махамбет ауданы,

Жалғансай ауылы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз