БілімЖаңалықтарҚоғам
Мен мектепке барамын!
Atr.kz/12 шілде, 2019 жыл. Биылғы оқу жылында балаңыз 1 сыныпқа барады делік. Бұл ретте ата-ана қандай қадамдар жасауы қажет? Жинақтауы тиіс құжаттар қандай? Мектепке қабылдауға қатысты жаңа ережелер бар ма? Сонымен…
- Ең алдымен, балаңызды медициналық тексерістен өкізуіңіз тиіс. Педиатрдың жалпы қорытындысын алған соң, алғашқы сатының артта қалғанын аңғарасыз.
- Келесі кезекте білім ордасын таңдайсыз. Яғни, биылғы жаңа талаптарға сай, www.school.atyrau.gov.kz сайтына кіріп, қажетті мектепті табасыз. Айта кетелік, ата-ана баласын тұрғылықты мекен-жайындағы мектептерге еш кедергісіз орналастыра алады.
- Ал, егер сіздің таңдауыңыздағы білім ордасы басқа ықшамауданда орналасса ше? Онда мектепке қабылдау тәртібіндегі бүгінгі жаңа заңдылықтарға жүгінуге тура келеді. Яғни, ата-ана немесе баланың заңды өкілі жоғарыда көрсетілген www.school.atyrau.gov.kz сайтына кіріп, қажет мектепті таңдайды. Бөлінген қосымша квота санына сәйкес, онлайн өтініш қалдырып, кезекке тұрады. Осы тұста әрбір ата-анаға жылдамдық танытып, басқа мөлтекауданның балалары үшін бөлінген санаулы орынға тіркеліп үлгеріп қалуы қажеттігін қаперіңізге береміз.
- Барлық құжаттар электронды түрде базаға енгізіледі. Қолыңызда болуы тиіс құжаттар: Баланың ата-анасынан және өзге заңды өкілдерінен өтініш; Баланың туу туралы куәлігінің көшірмесі; Денсаулық жағдайы туралы анықтама (026/у-3 нысаны), 3 x 4 көлеміндегі сурет – 2 дана.
- Бұдан соң, балаңыздың мектепке қабылданғаны жөнінде сіздің, яғни ата-анасының ұялы телефон нөміріне смс-хабарлама келеді.
- Міне, енді сіздер мектепке дайынсыздар! Тиісті ресми рәсімдерді жүзеге асырумен қатар, балаңыздың білуі тиіс талаптарына да зер сала кетіңіз. Яғни, 1 сыныпқа қабылданатын оқушы барлық әріптерді танып, ажырата білуі, буындап қосып, оқуы, әріптердің жазба, баспа түрлерін жазуы тиіс. Сонымен қатар, 1-ден 10-ға дейін және кері санап білгені жөн. Аты-жөнін, жасын, туған күнін, мекен-жайын білуі, жыл мезгілдерін атауы, ай аттарын, апта күндерін ажыратуы да – тиісті талаптардың бірі.