Жарнама
Жаңалықтар

Мемлекеттік — жекеменшік серіктестік бұл тәрбие саласындағы тиімді жобаға айналды

 «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мемлекет-жекеменшік серіктестіктігін дамыту мәселесі ерекше басымдықпен айтылған. Яғни, мемлекеттік және жекеменшік әріптестіктің әлеуетін белсенді пайдалану. Экономиканың басым бағыттарына өз қаражатын жұмсайтын жекеменшік инвесторларды ынталандыру бойынша қосымша шаралар қарастыру көптеген күрделі мәселені шешетіні сөзсіз. Сөзімізге өңірімізде соңғы жылдары көптеп ашылып жатқан жеке мекемелер дәлел бола алады. Нәтижесінде, балалар мектепке дейінгі ұйымдармен қамтылуда. Соның өзінде әлі де жиырма мыңға тарта бүлдіршін балабақша кезегінде тұрған көрінеді. Дегенмен, жеке ұйымдардың ашылуы осы қарқынмен жүрсе, 2019-2020 жылдарға қарай сәбилерді балабақшамен қамту проблемасы жойылар деген үміт те жоқ емес. Өйткені, еліміз бойынша 2020 жылға дейін үш жастан алты жасқа дейінгі бүлдіршіндерді мектепке дейінгі біліммен және тәрбиемен толықтай қамту көзделген.

ЖЕКЕМЕНШІК ТӘРБИЕ ОРНЫ ҚАЖЕТ

  Атырау қалалық білім бөлімінің мәліметіне қарағанда, қалада қазір 39 мемлекеттік балабақша, 28 жекеменшік, 4 дамыту орталығында 17 987 бала қамтылған. 1444 бала – жекеменшік балабақшалардың тәрбиеленушісі. Оның ішінде бесеуі мемлекеттік тапсырыс негізінде жұмыс жасайды. Атап айтқанда, «Хан шатыр», «Алтын сақа – 1», «Алтын сақа – 2», «Нартайлақ», «Жас батыр». Тағы төрт балабақша мемлекеттік тапсырыс алуға өтініштерін беріп қойғанын да айта кетейік. Олар: «Алтын сақа – 3», «Балапандар», «Ералаш», «Бәйтерек».

  Осыдан 15-20 жыл бұрын қала бойынша бүлдіршіндерге арналып 67 балабақша ашылған болатын. Алайда, оның жиырма екісінде ғана бала толық қамтылып, қалғанына бүлдіршін жетпей тұрған кезде де болыпты. Оның үстіне қала тұрғындары қазіргідей көп емес. Тоқсаныншы жылы шаһарда 150 мың тұрғын болған. Қазіргі жағдайда аймақ екі есе үлкейді, халық саны да үш есеге жуық өсті. Бұрын балабақша нысандары көп, бала аз болса, қазір керісінше. Соңғы жылдары жұмыссыздық мәселесіне байланысты ауылдардан көшіп келгендер саны артып отыр. Мәселен, 2006 жылы қалаға Байшонас, Сарықамыс, Қошқар, Ескене, Комсомол поселкесінің тұрғындары көшірілді. Сондай-ақ, Ресей, Өзбекстан, Қарақалпақстаннан көшіп келген оралман бауырларымыздың өздері бір ауылға айналды. Өзге облыстардан да қоныс аударғандар саны бірталай. Осындай себептерден балабақшалар саны аз да, тәрбиеленушілер қатары көбейіп отыр.

— Олқылықтарды жою мақсатында, мектепке дейінгі шағын орталықтар, ерте жастан дамыту орындарын, жеке балабақшаларды көбейтуді жүзеге асырудамыз. Соңғы кездегі тағы бір басты мәселе – мектепке дейінгі білім беру ұйымдарына орыстілді мамандардың жетіспейтіндігі болып отыр. Сол себепті Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті мен Қ.Дүтбаева атындағы Атырау гуманитарлық колледжімен тығыз байланыста жұмыс жасап, қажет кадрларды дайындауға ұсыныс беріп келеміз,- дейді қалалық білім бөлімінің бас маманы Гүлнар Жолмұханова.

Біз қалалық білім бөліміне барғанда, 2013-2014 жылғы кезек бойынша ата-аналар балабақшаға жолдама алып жатты. Олардың бәрі – осыдан екі жыл бұрын сәбиі дүниеге келген бойда халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы арыз беріп қойғандар. Дегенмен, арыз берер алдында ата-ана белгілі бір балабақшаны таңдап, соған ұл-қызын беруге мүдделі болады. Кейін, ол балабақшада бала көп болуы мүмкін. Сол себепті, білім бөлімі оларды тәрбиеленушісі аз, тұрғылықты мекен-жайына жақын мекемеге қарай бағыттайды.

— Балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуды тек мемлекет есебінен жүргізу мүмкін емес. Сондықтан, кейбір ата-ананың әлеуметтік жағдайына қарап мемлекеттік тапсырыс негізіндегі жекеменшік балабақшаларды да ұсынамыз. Онда ата-анасы 10 мың теңгені тек баласының тамағына төлейді, — дейді Гүлнар Дінішқызы.

БАЛАБАҚШАҒА НЕШЕ ЖАСТА БЕРГЕН ЖӨН?

  «Сәбиді ерте жаста балабақшаға беру қате» дейді мамандар. Қазіргі кезде бөбек 2 жасқа толғанда балабақша қатарына алынады. Алайда, мұнымен психолог Мейрамгүл Биғазиева келіспейді. Ол перзентін балабақшаға 3 жастан бастап беру керек дегенді алға тартады. Өйткені, осы жаста бүлдіршін көпшілік ортаға бейімделуге, қарым-қатынас жасауға дағдысы қалыптасады. Қолындағы қуыршағын жалғыздан гөрі, достарымен бөлісіп ойнаудың қызық екенін ұғына бастайды. Ата-ана баланың ең жақыны болғанымен, есейген сайын оған достарының орнын алмастыра алмайды. Бүлдіршін өзіне ұнаған ойыншығымен жалғыз емес, балалармен ойнауды үйренуі керек. Бұл оның – ақыл-ойының күннен-күнге жетіліп келетіндігін көрсетеді. Осы жаста арнайы педагог мамандар тәрбиесіне бергеннің артықтығы жоқ екен. Иә, балабақшаның балаңызға берері аз емес. Сурет салып, ойын ойнап, ақыл-ойды дамытатын жаттығулар, әдебиетті, мәдениетті тануды, өзінің түймесін тағып, өздігінен киінуді үйретеді. Уақытылы ұйықтап, ояну, мөлшерімен, сағатымен тамақтануға баулиды. Педагогтар балаға көпшілікпен тіл табысуды үйретіп, көшбасшы қабілетті бойына дарыта алады.

АТА МЕН ӘЖЕ МЕЙІРІМІ БӨЛЕК

  Бүгінде жұрттың бәрі бірдей перзентін балабақшаға беруге асығады деп айтуға болмайды. Арасында, бөбегінің отбасы – ошақ қасында, ата-әжесінің әлдиімен өскенін қалайтындары бар. Ата-әжесінің ыстық құшағында өскен бала есейгенде ортаға тез бейімделе алады. Керісінше, мектепке дейінгі ұйымдарға бармаса да зеректігімен, пысықтығымен асып түсетіндері бар. Мәселен, Марфуға Бозова немересі төрт жасқа келгенде жекеменшік балабақшаға жолдама алуға келіп тұрғанын айтады. Оған дейін өзі тәрбиелеген.

  Мемлекеттік тапсырыс негізіндегі жекеменшік балабақшаларға баратын тәрбиеленушілер қатары көбейіп келеді. Олардың төлемақысында да айырмашылық шамалы. Мемлекеттік балабақшада балаға – 8000 теңге болса, жекеменшік мекемеде – 10000 теңге.

  Сөзімізді қорыта айтқанда, баласының қай ортада жайлы сезінетінін ата-ана өзі шешеді. Сіз осы күнге дейін балаңызды балабақшаға қай кезде, қандай тәрбие ұйымына беру керектігін ойланып көрдіңіз бе? Ендеше, тиімділігі мен кемшілігін енді өзіңіз таразылап көріңіз.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button