Мемлекеттік қызметке конкурссыз тағайындалды
Мемлекеттік қызметке түсуді жеңілдету мақсатында мемлекеттік қызмет туралы заңнамасына енгізілген жаңашылдықтардың бірі – жоғарғы оқу орындарын мемлекеттік тапсырыс шеңберінде орташа 3,33 GPA мәнімен аяқтаған үздік түлектердің аудан мен ауылдық деңгейдегі төменгі лауазымдарға конкурстан өтпей уәкілетті органның келісімі негізінде қызметке тұруы. Бүгінгі күні осы тәртіппен Атырау облысындағы екі ауданда түлектер лауазымдық қызметтерге тағайындалды, деп хабарлайды atr.kz тілшісі.
Бұл білікті жастарды мемлекеттік қызметке ынталандыру, өңірлердегі кадр тапшылығын шешу үшін қабылданған норма.
Ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл жастары арасынан шыққан азаматтарға арналған квота (ауыл квотасы) шеңберінде С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетін 2023 жылы орташа 3,53 GPA мәнімен үздік аяқтаған Тәжбентаев Рамазан Әнуарұлы уәкілетті органның келісімі бойынша Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы лауазымына конкурстық іріктеусіз тағайындалды.
Сондай-ақ, мемлекеттік тапсырыс шеңберінде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін 2023 жылы орташа 3,56 GPA мәнімен үздік аяқтаған Василий Мадина Жарасқызы уәкілетті органның келісімі бойынша Құрманғазы ауданы кәсіпкерлік және ауылшаруашылығы бөлімінің бас маманы лауазымына конкурстық іріктеусіз қабылданды.