Мемлекеттік қызмет – мерейлі міндет
Atr.kz/21 маусым, 2019 жыл. Жастарға үлкен сенім артылады. Елімізде «Жастар – ел тірегі» арнайы жобасы мен «Жас кәсіпкер» бағдарламасы одан әрі жалғасады. Жастарды мемлекеттік қызметке көптеп жұмылдыру үшін «Президенттік кадр резерві» құрылады.
ОНЫНШЫ БАҒЫТ
Мемлекеттік қызмет атқарудағы басты мақсат – қоғам мен мемлекет тарапынан сенімге ие болу. Қазақстан Республикасының Президенті қызметіне ресми кірісу рәсімінде сөйлеген сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік қызметтің барлық деңгейіне жас талантты басқарушыларды ілгерілету үшін «Президенттің кадрлық резерві» қалыптастырылатындығын айтқан болатын.
«Біздің жастарымыз мақсаткер, еңбексүйгіш, креативті, сондықтан, Қазақстанның болашағы сенімді қолда» деп атап көрсетті Мемлекет басшысы. Демек, еліміздің дамуы мемлекеттік қызметшілердің жоғары адамгершілік деңгейімен, өз қызметіне деген адалдықпен, патриоттық сезімімен, заңдылықты бұлжытпай орындауымен тығыз байланысты.
Бүгінгі таңда облысы бойынша мемлекеттік қызметшілердің штаттық саны – 3 434, нақты саны – 3 080 бірлікті, оның ішінде саяси мемлекеттік қызметшілер саны – 7, «А» корпусының қызметкерлері – 8 бірлікті құрайды. Ал, жас мемлекеттік қызметшілер саны – 747. Олардың әділдіктің, қарапайымдылықтың үлгісі болатынына сенімдімін.
Сонымен қатар, әр мемлекеттік қызметшінің отансүйгіштігі маңызды. Шын мәнінде, мемлекеттік қызмет – халыққа қызмет көрсету. Халықтың игілігіне жұмыс істеп, жұртқа қолайлы жағдай туғызу – басты міндет. Бұл қызметке орналасқан мамандар парасатты әрі нағыз патриот болса, ұтарымыз көп. Қысқасын айтқанда, мемлекеттік қызметтегі әрбір адам өз жұмысының маңыздылығын сезінуі және өз елінің ұлтжанды азаматы болуы керек.
Бүгінгі күні мемлекеттік қызметшінің мансаптық өсуі меритократия қағидасы арқылы жүзеге асырылады. Меритократия дегеніміз – мемлекеттік қызметшінің жеке сіңірген еңбектері мен жетістіктерін мойындау, оны қабілеттері мен кәсіби даярлығына сәйкес мемлекеттік қызмет бабында ілгерілету.
Демек, жоғарғы білікті, кəсіби шыңдалған əрі тиімді ұйымдастырылған мемлекеттік қызмет пен ұтымды басқару құрылымын қалыптастыруда жұмылдырылған адами капитал мен мемлекеттік қызметшілердің кəсібилігіне ерекше мән беріледі деген сөз.
Мемлекеттік қызметті жаңғырту және дамыту – қоғамның өркениеттілігінің ғана емес, саяси тұрақтылығының да көрсеткіші. Сондықтан тәуелсіз мемлекетіміздің тарихи мақсаттарына қол жеткізудің маңызды шарты мемлекеттік қызметшілердің жас буынның жан-жақты білімділігі, олардың отансүйгіштігі мен айқын азаматтық ұстанымы болып табылады.
Тоқтамыс ЖҰМАҒҰЛОВ,
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің
Атырау облысы бойынша
департаментінің басшысы –
әдеп жөніндегі кеңес төрағасы