Жарнама
Жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ КӨРСЕТУ

Былтыр елімізде мемлекеттік қызмет көрсетудің сапасын білу мақсатында қоғамдық мониторинг өткен болатын. «SANGE» зерттеу орталығы ұйымдастырған шара бүгінде көп жайға көз жеткізіп отыр. Соның бастысы, мемлекеттік қызмет сапасының, қолжетімділігінің артқандығында. Жүргізілген сауалнама жұртшылықтың көрсетілген қызметке қанағаттанатындығын байқатыпты. Дегенмен, бұл орайда олқы тұстар да аз емес. Зерттеу орталығындағылар түрлі бағалау негізінде облыстардың рейтингін жасақтады. Атырау – алдыңғы топтың ішінде. Керісінше, Қызылорда, Маңғыстау аймақтарындағы осы бағыттағы жұмыстар ақсап жатыр екен.  

— Қызмет көрсету деңгейі мемлекеттік орын қызметкерлерінің кәсіпқойлық, біліктілік, әдептілігіне және қызмет көрсету жылдамдығын бағалауға негізделген, — дейді ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Мәлік Кариев.

Қызмет көрсетудегі жаңа жүйенің тиімділігін ешкім жоққа шығармайды. Халық бұрынғыдай сеңдей соғылысып жүрмей, бір орынға барып, барлық шаруасын бітіретін мүмкіндік алды. Мәселен, биылғы жылдың екі айында жергілікті тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы бойынша 870 мемлекеттік қызмет түрі көрсетілген. Оның дені баспана кезегіне тіркеуге байланысты болыпты. Әйткенмен, жұртшылық қызмет көрсетудегі мемлекеттің өздеріне жасап отырған ұтымды жол, оңтайлы әдістерін әлі біле бермейтін секілді. Бұған мекеме басшыларының көпшілік арасында насихаттық жұмыстарды жүргізбейтіндігі, баспасөз, өзге ақпарат құралдарын тиімді пайдаланбайтындығы себепші екендігі анық. Алқалы жиында қоғамдық кеңестің төрағасы Сайын Қуанышев осы жағдайларға маңыз беруді сұрады.

Атырауда балабақшаға бүлдіршіндерді кезекке қою да –көрсетілетін қызметтің бір түрі. Аталған мәселе мұнайлы өңірде әлі өзекті. Қалалық білім бөлімінің басшысы Нұрсәуле Сайлауованың айтуынша, қазір облыс орталығында 7710 бала кезекте тұр. Ата-аналар кезектілік санын қалалық білім бөліміне аптаның белгіленген екі күнінде барып, немесе ғаламтор арқылы біле алады.

Қоғамдық кеңесте өзге де мәселелер талқыланып, шешім алынды.

Азамат Базарбаев.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button