Мектептерге 336 орыс тілді педагог тапшы
Аtr.kz/23 сәуір, 2019 жыл. Бүгінде Атырау қаласында 13 үш ауысымдық мектеп бар. Мұнда оқушылардың саны белгіленген көрсеткіштен 14800-ге артық. Осы мәселелерді азайту мақсатында қазірде төрт білім ордасының құрылысы жүргізілуде.
Жұлдыз-1, Нұрсая, Береке ықшамаудандары мен Дамбы ауылында салынып жатқан нысандар толық іске қосылғанда 3024 бала мектепке қабылданады. Сондай-ақ, облыс орталығында алдағы уақытта оқушылар үшін әскери кадет корпусын ашу жоспарда бар. Бұл туралы Атырау қалалық білім бөлімінің басшысы Фаруза Шангереева Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.
Жалпы үш ауысымдық проблемасын жоюда 20 мектеп салу жоспарланды. Сегіз білім ошағын мемлекеттік жеке меншік әріптестік негізінде салу жоспарланса, сегіз нысанның жобалық-сметалық құжаттамалары жасақталуда. Осы мектептер пайдалануға берілгенде 12 184 оқушыға орын болады, — деген Фаруза Ғарифоллақызы білім сапасын арттыру мақсатындағы жұмыстарға да тоқталды. Оның айтуынша, мониторинг жүргізу арқылы білім сапасы төмен мектептерге әдістемелік көмек ұйымдастырылды. Дарынды балалармен жүргізілетін жұмыс жанданды.
Спикердің мәлімдеуінше, бүгінде педагогикалық кадрлардың жетіспеушілігі – басты мәселе. Қазірдің өзінде мектептер орыс тілді 336 педагогты қажет етеді. Жаңадан тұрғын үйлер салынып, халық саны артып отырған Самал, Жерұйық, Нұрсая ықшамаудандарында мектептерден орыс сыныптарын ашу туралы сұраныс та көбеюде. Осынау проблемаларды шешу үшін жоғары оқу орнын бітіруші түлектерді жұмысқа шақыру іс-шаралары басталды.
«Павлодар, Өскемен қалаларының педагог кадрларды дайындайтын оқу орындарына хат жазылды. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі, көршілес мемлекет Ресейдің Астрахань қаласындағы, көрші облыстардағы Ақтөбе, Орал қалаларындағы жас мамандарды жұмыс орындарына бөлу жәрмеңкесіне қатысып, жас педагог мамандарды жұмысқа шақыру ұсынылды. Жаңа оқу жылында осы атқарылған жұмыстар нәтижесінде қаладағы мұғалімдер қатары жас кадрлармен толықтырылады деп күтілуде» деді Ф.Шангереева.
Оқушыларды 1 сыныпқа қабылдау ережесі өзгеріп, бұл жұмыстар цифрландырылуда. Ендігі уақытта www.schoolatyraugov.kz сайтында қала мектептеріндегі оқушылар үшін бос орындар туралы толық мәлімет беріледі. Әрбір ата-ана бетшеде көрсетілген жеңілдіктерді де пайдаланып, өз тұрғылықты жерінен қашық орналасқан білім ордаларын таңдап, тіркеле алады. Мұнда мұғалімдер үшін бос жұмыс орындары да ұсынылады. Аталған жүйе маусым айында толық іске қосылады. Қазір бұл жүйенің базасы жасақталып, дайындалуда.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА