Мектептен тыс дәрістер: қажеттілік пе, әлде?
Қазіргі таңда ата-аналардың көбі балаларын негізгі мектептегі сабақ уақытына қоса би, музыка, сурет, спорт мектептеріне оқытады, шет тілдері курстарына береді. Қарап тұрсаңыз, мектеп оқушыларының бәрінің дерлік күні бойы сабақтардан, дәрістерден қолдары босамайды.
Заман ағымына байланысты, жаһандану дәуірінің талаптарына сай жас ұрпақ білімді болуы керек-ақ. Алайда, бөбек кезінен бастап дәріс тыңдаудан, сабаққа дайындалудан шаршаған бала есейгенде бәрінен жалығып кетпес пе екен? Осы мәселеге мамандар не айтады?
Әлия ТАНАШЕВА, «Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы» жанындағы балалар музыка мектебінің мұғалімі:
Таланттыны ғана жетеле!
– Бұл мәселе бәрімізді де толғандырады. Шындығында, кейде ата-аналар өзі қызықпай тұрған баланы желкелеп музыка мектебіне береді, одан ағылшын курстарына апарады. Бала шаршайды, қиналады. Шаршатып, қинап өнер иесі етіп шығаруға болмайды. Таланты жоқ, музыкаға бейімі де, қабілеті де жоқ баладан қалай музыкант шығаруға болады? Мұғалім сиқыршы емес. Біз өзі талпынып, талаптанып тұрған балаларды алға жетелейміз, үйретуден жалықпаймыз. Ал, «слухы» жоқ, өзі де анау айтқан өнерге құлшынып тұрмаған шәкіртті оқыту өте қиын. Әрине, ата-аналарды түсінуге болады, олар «балам өнерлі болса екен» деп тілейді. Мүмкін ол бала жақсы математик немесе ақын шығар? Баланың өзінен сұраған дұрыс-ау?
Арайлым Садықова, студент:
Менен музыкант шықпады
– Мені ата-анам жасымнан музыкаға берді. Жеті жыл бойы фортепьяно сыныбында оқыдым, музыка мектебін бітіргенім жайлы куәлік алдым. Алайда, фортепьяно туралы есіме салатын сол куәлігім ғана. Өзім жаным қаламай оқығандықтан ба екен, қазір ол аспапты тартпаймын. Мүлде басқа саланы меңгерудемін. Қаржыгер болуды арман етіп, сол факультетте оқып жатырмын. Сондықтан, баланы күштеп өнерге баулудың керегі жоқ. Өзіне керек болса, қай өнерді де өзі меңгеріп алады. Ал, күштеген сайын содан жалығады, көргісі келмейді. Менен музыкант шықпады. Ол үміттерін ақтамағаным үшін ата-анамнан, ұстаздарымнан кешірім сұраймын. Бірақ, өзімнен жақсы қаржыгер шығарына сенімдімін.
Камила ЖАПАЛОВА, Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Қазақстан Суретшілер Одағының мүшесі, «Арт-Студия» өнер мектебінің басшысы:
Бір өнермен ғана шұғылданған жөн
– Қазақ «Екі қайықтың құйрығын ұстаған суға кетеді» демей ме? Ал, бірнеше өнер үйірмелері мен курстарына баланы қатыстыра беруге де болмайды. Ең алдымен, баланың талғамын анықтап алу керек. Оны қай пән, қай сала, қандай өнер қызықтырады екен? Ата-ана осыны білгені дұрыс. Музыкада үйренгенін сурет үйірмесіне барғанда ұмытып, сурет пәні тапсырмасын ағылшын курсына барғанша есінде сақтамаған оқушы ешбіреуінің де байыбына барып оқи алмайтыны анық.
Бірнеше курстарда оқуға бала түгіл ересек адамның да әлі келмейді ғой. Шаршайды, баланың белсенділігі азаяды. Кейде тіпті ұйықтап отырады. Осыдан оған қандай өнер немесе білім қонбақ? Баланы негізгі мектептегі сабағына қосымша бір өнер үйірмесіне қатыстырса жетеді. Ол – музыка мектебі ме, сурет студиясы ма, ағылшын курсы ма, оны баланың өзі шешсін. Сурет студиясына кейде сызықты дұрыс сыза алмайтын шәкіртті әкеледі. Ата-ана әкеліп тұрған соң амалсыз дәріс беруге тура келеді. Бірақ, одан суретші шықпайтынын біліп тұрасың. Баланың бір сызық сызуы арқылы да оның суретке деген қабілетін анықтауға болады. Менің айтарым, бір ғана өнер түрімен шұғылданса, одан жақсы өнер иесі шығуы мүмкін. Ал, бірнеше мектепте оқыған бала бәрінен жалығып кетуі де ғажап емес.
Дидар ҚАБИ, №34 көп салалы мектеп-гимназиясының биология пәнінің мұғалімі:
Баланы жалықтырмау керек
– Мамандығымыз мұғалім болғандықтан, бала жанын зерттеп, психологиясына мән беріп отырамыз. Сонда байқағаным, бірнеше курстарға баратын оқушылар сабаққа жете дайындала алмайды. Өйткені, уақыты жетпейді. Сондықтан, ата-ана көңілді негізгі білім беретін мектеп бағдарламасына бөліп, оқушының соны меңгеруін қадағалауы керек. Өнерлі, талантты шәкірт көрініп тұрады. Әр балада әртүрлі қабілет болатыны сөзсіз. Мәселен, біреуінің дауысы ашық, әнді жақсы айтса, екіншісі биология пәніне жүйрік болады. Енді біреуі математиканы сүйсе, келесісі қазақ тілі мен әдебиетін судай сапырады. Баланың ыңғайын, талантын танып, соған сәйкес тереңдетіп оқытатын курсқа, өнерге баулыған жөн. Бір саланы жақсы меңгерсе, ол баланың болашағы бар деген сөз. Сондықтан, әр салаға уақыт бөліп, баланы шаршатпай, өзі сүймейтін курстарға оқытып, жүйкесіне тимей, күйзелтпей, бала өзі таңдаған пәнін меңгерсе, ата-ана да, бала да өкінбесі анық.
P.S. Жас ұрпақтың өнерлі болғанына қуанамыз. «Сегіз қырлы, бір сырлы» болса екен деп музыкаға бейімдеудің, «жалақысы жақсы» деп мұнайшы болуға қыстаудың, қаржыгер, заңгер болуға көндірудің еш қисыны жоқ. Соны ұмытпайық!
Гүлзада Ниетқалиева