Мектептегі хиджаб мәселесі Қазақстанда заңға ғана тіреліп тұр: қоғам оған дайын ба?
Қазақстанда жаңа оқу жылы басталған сайын туындайтын ескі дау бар. Ол – мектептегі хиджаб тақырыбы. Оқушы қыздардың орамал таққаны дұрыс па, бұрыс па деген дау өршіген сайын оған ой қосатындар қатары ұлғая береді. Қатар ұлғайған сайын бұл мәселеге қоғам болып ортақ пікірге келу қажеттігі де өзекті бола түспек. Неліктен бұл мәселе маңызды екенін Ulysmedia.kz тілшісі осы мақалада сараптап көрді.
ДАУ СОТҚА ДЕЙІН БАРАДЫ, БІРАҚ…
Жалпы Қазақстанда «орамал таққан баламның құқығы шектелді» деп бір емес, бірнеше рет ата-аналар сотқа жүгінген. Соның бірі – Ақсай қаласында 5-ші сынып оқушының анасы Дина Омарова директорымен соттасқан болатын. Дина қызын 2023 жылы сабақ басталғаннан қарашаға дейін «сеніміне байланысты» орамал тағып жүргендіктен мектепке әкімшілік кіргізбеоенін айтады. Ата-ана бірнеше рет мектеп басшылығына жүгінгенімен, нәтиже шықпаған. Дина жоғары инстанцияға шағым түсірген. Апелляция шағымында ол қызының орамалы діни атрибут емес, ұлттық киім, яғни кимешек екенін түсіндірген. Алайда сот алқасы ақ орамалдың діни маңызы бар екенін және оны кию міндетті мектеп формасы ережелерін бұзады деген шешім шығарады. Ақыры, сабаққа қатысудан бас тарту заңды деп танылған.
Бұл тұста мән беретіні – сот орамалдың белгілі бір дінге жататынын сараптама арқылы нақты көрсете алмаған. Жұрттың ойын сан-саққа бөлетін мәселе де осыдан туындайды. Діни атрибуттары бар киімдерге сонда не жатады?
Қарағандылық оқушы Анель Мусинаның әкесі қызын киімі үшін оқудан шығарып жіберген мектеп әкімшілігін сотта жеңген болатын. Оның да қызы мектепке ақ орамал тағып барған. Сот шешімін қолына ұстап, қыздың әкесі мектепке барып, қызын қайтадан қабылдауды өтінген. Мектеп әкімшілігі осы кезде бас тартады.
ЖОҒАРҒЫ СОТТА ҚАРАЛҒАН ІС
Биыл бұл даудың өзгеше сипатпен өршуіне Жоғарғы соттың шешімі де себеп болғанын атап өту керек. Құқыққорғаушы Жасұлан Айтмағанбетов Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуға тыйым салу туралы облыстық соттың шешімін жойып, мұндай шектеулер білім алу құқығын бұзады деп танығанын әлеуметтік желіге жазғаны сол-ақ еді, бүкіл БАҚ «Жоғарғы сот орамал дауына нүкте қойды» деп жар салды. Мұны оқыған жұртшылық «Жоғарғы сот мектепке орамал тағып баруға болады деген шешім шығардц» деп түсінген. Оның алдында осындай істер Атырау, Қарағанды, Павлодар және Түркістан облыстарының соттарында да қаралып, ұқсас шешімдер қабылданған еді.
Араға көп салмай Жоғарғы сот бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде «Жоғарғы сот мектептерде орамал тағуды заңды деп тапты деген жалған ақпарат таратылғанын» мәлімдеді. Құзырлы органның хабарлауынша, «кассациялық саты мектептің оқушыны сабаққа жібермеуін заңсыз деп таныған, ал министрдің тиісті бұйрығы заңсыз деп танылған жоқ және күші жойылған жоқ». Бір сөзі екіншісіне қайшылау естілетін осындай мәлімдеме қоғамда бұрын да көп қордаланған сұраққа сұрақ қоса түсті.
МҰНЫ ҚАЛАЙ ТҮСІНЕМІЗ?
Отыз тістен шыққан сөз отыз рулы елге тарайды. Жоғарғы соттың бұл шешіміне «бұл қалай?» деп сұрақ қойған саясаттанушы Ғазиз Әбішев шешім мен кейінгі мәлімдемені «өзінше тәпсірлеп» көрді. Оның сөзінше, оқу – діни сенімдерге қарамастан барлық азаматтардың қасиетті құқығы. Сарапшының сөзінше, зайырлы шенеуніктер мектеп формасынан айтарлықтай ерекшеленетін діни киімдерді тұрақты киюді зайырлы мектепте өткізуге жол берілмейтін, ұзаққа созылған діни рәсім ретінде қарастырады.
«Ата-аналар осы мектептердің заңды ережелеріне сәйкес балаларды орта мектептерде оқытуды қамтамасыз етуге міндетті. Балаларға орта білім беруді қамтамасыз ету жөніндегі міндеттерді орындаудан бас тарту – Конституция ережелерін бұзу. Мүмкін, бұл ережелер қайта қаралуы мүмкін. Іс мүдделі тараптардың қатысуымен кешенді әлеуметтік-саяси пікірталасқа арналған. Зайырлы режим мен халықтың діндар бөлігі арасында тараптарға икемділік танытуға мүмкіндік беретін кейбір күрделі келісімдерді әзірлеу қажет. Бұл мүмкін, бірақ бұл мәміле табылмайынша — Конституция мен заңдарда белгіленген ережелерді сақтау қажет», — дейді ол.