Мектеп лигасы мәреге жетті (+ФОТО)
Atr.kz/21 мамыр, 2019 жыл. Атырау аймақтық дене тәрбиесі және спортты дамыту орталығының күнтізбелік жоспарына сәйкес жыл сайын дәстүрлі түрде өткізілетін «Ұлттық мектеп лигасының» облыстық кезеңі өз мәресіне жетті.
Сонау ақпан айында бастау алған мектеп оқушыларының жарысы баскетбол, волейбол, гандбол, футзал, шахмат, футбол сынды спорттың алты түрінен өткізілді.
Биылғы жылы ұлттық мектеп лигасының мектепішілік, топтық, аудандық, облыстық кезеңдеріне облысымыздағы жеті аудан және қала мектептерінен жалпы есеппен 195345 оқушы қатынасты. Осы төрт кезең қорытындысында Құрманғазы ауданы спортшылары командалық есепте жоғары көрсеткішке ие болып ұлттық лига чемпионы атанса, екінші орын Индер ауданының оқушыларына бұйырды.
Ал, үшінші орынды исатайлық лигашылар қанжығаға байлады. Ендігі кезекте, спорттың әр түрінен жеңімпаз атанған командалар кезекті республикалық кезеңде бақтарын сынайтын болады.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ