
Мекемелік марапаттарды ретке келтірген абзал
Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың критерийлерін қайта қарау және үкіметтік емес ұйымдар туралы заңнаманы жетілдіру қажеттігін, азаматтық сектор реформаларды жүргізу және қоғамды дамыту ісінде маңызды рөл атқаратынына тоқталды. Сонымен қатар мемлекет пен үкіметтік емес ұйымдардың серіктестігі өзекті мәселелерді шешуге, жасампаз құндылықтарды дәріптеуге және ұлттың жаңа сапасын қалыптастыруға ықпал ететініне назар аударды. Осы орайда мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстың тиімділігін арттыру үшін қазіргі заманның талаптарына сай келетін жеке заң әзірлеу керектігін атап айтты.
«Біз кейінгі жылдары мемлекеттік наградалар мәселесін қайта қарап, бір жүйеге түсірдік. Енді ведомстволық марапаттарды ретке келтіру қажет. Мемлекеттік органдар бұл жұмысты назардан тыс қалдырды. Нақты ереже жоқ, бәріне ортақ мәліметтер қоры да жоқ. Соның кесірінен кейбір марапаттар орынсыз таратылып жатыр. Тіпті бір мемлекеттік органның төсбелгісін бір адам бірнеше рет алған жайттар да кездеседі. Мекемелік марапат – нағыз білікті мамандарға ғана берілетін, сол арқылы кәсіби мәртебені көтеретін маңызды награда. Бұған бейжай қарауға болмайды. Сондықтан мекемелік марапаттардың бірыңғай стандартын және тізімін жасау қажет. Әрине, әр мекеменің өз ерекшелігін ескерген жөн. Бірақ бәріне ортақ ұстаным болуы керек. Құзырлы органдарға осы шаруаны қолға алуды тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.