МЕЙІРІМНІҢ КӘУСАР БҰЛАҒЫ

Шуақты көктемнің алғашқы мерекесі — Халықаралық әйелдер күніне орай Махамбет атындағы қазақ драма театрында ұйымдастырылған салтанатты жиында барлық нәзікжанды аруларды құттықтаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов тіршіліктің қайнары, махаббаттың шуағы, мейірімнің кәусар бұлағы — ана екендігін ерекше атап өтті.

 

– Өткен жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен «Мерейлі отбасы» байқауы аталып өтті. Бұл байқаудың мақсаты — отбасындағы аналардың рөлін көрсетіп, оларға деген құрметті арттыру болатын. Жуырда Елбасы бір топ көп балалы аналарды «Алтын» және «Күміс алқалармен» наградтау туралы Жарлыққа қол қойды. Оның ішінде Атырау облысынан алты ана «Алтын», жиырма жеті ана «Күміс алқамен» марапатталды. Ана мен бала өлімін азайту мақсатында өткен жылы қабылданған іс-шараларды орындау барысында ана  өлімі – 75, бала шетінеуі 18,5 пайызға төмендеді, – деген облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы құрманғазылық Әсемгүл Әзімжанованың кеудесіне «Алтын алқа» медалін тағып, Айнагүл Аманқосова, Күләш Боздақова, Бибігүл Қоесова, Гүлфия Сәрсенова, Тілекші Шайхиева және Қарылғаш Шығанақованы «Күміс алқамен» марапаттады. 

Атырау облысы демографиялық көрсеткіш бойынша Оңтүстік Қазақстан және Маң-ғыстау облыстарынан кейінгі үшінші орында келеді. Бүгінгі таңда облыстың денсаулық сақтау саласында еңбек етіп жатқан қызметкерлердің – 92, білім беру саласы қызметкерлерінің 88 пайызын әйелдер құрайды. Сонымен қатар, басқа  да салаларда олардың орны басым. Сондықтан, облыс басшысы өңірдің дамуында әйелдердің атқаратын рөлі зор екендігін ерекше атап айтты. Отбасы берекесін берік ұстап, шаңырақ шаттығы мен ұрпақ өсірудің үлгісі болып, кәсіпкерлікте, ауыл шаруашылығында, өндірісте де белсенді, абыройлы қызмет етіп, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосып отырған бір топ әйелдерге Алғыс хат тапсырды. 

Салтанатты шара соңы концерттік бағдарламаға ұласты.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз