Жарнама
Жаңалықтар

МЕДИЦИНАЛЫҚ ТАЛДАУ: КЕШЕ ЖӘНЕ БҮГІН

2002 жылы денсаулық сақтау департаментінде «Шеврон-Тексако» компаниясының көмегімен құрылған «Медициналық ақпаратты талдау бөлімі» жұмыс істеді. Бөлімнің басты міндеті – атыраулықтардың қатты сынына ұшыраған облыс тұрғындарына көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын арттыру болды.

Бұл орталықтың ашылуы денсаулық саласында жағдай енді жақсарады деген үміт берді. «Шеврон-Тексако» кіріктірілген модемдері бар отызға жуық заманауи компьютерлерді сатып алды. Олар облыстың түрлі медициналық мекемелеріне орналастырылды, барлық ақпарат облыстық денсаулық сақтау басқармасына келіп түседі. Сондықтан ауруханаға түскен әрбір науқас туралы барлық деректер аймақтық мамандарға бірден белгілі болды, олар кез келген уақытта тіпті шалғай аудандардағы әріптестеріне көмек көрсетуге мүмкіндік алды. Барлық дерлік емханалар мен ауруханалар жүйеге қосылды. 

2003 жылғы қаңтардағы Үкімет қаулысымен 2006 жылы Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Атырау облыстық медициналық ақпараттық-талдау орталығы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны құрылды. Облыс халқының денсаулығы мен денсаулық сақтау ұйымдарының қызметі бойынша статистикалық көрсеткіштер мен есептерді жинақтауда бұл орталық маңызды рөл атқарды. Сол жылдары ақпараттық орталықта «Қант диабеті», «Кадр», «ТЭП», «Проф.осмотр», және «Медстат» мамандандырылған бағдарламалары енгізілді. Бұл статистикалық деректерді жинақтауға, әртүрлі есептік нысандарды жинақтауға негізделген еді.

2006 жылы осы медициналық ақпаратты талдау орталығының директоры Х.Т.Имандосов болды. Осы саланың қалыптасуы мен дамуында аянбай еңбек етіп, айшықты қолтаңбаңбасын қалдырған жандар: Ү.Масатова, Шалабаева Г., А.Тюякпаева, Ж.Ергалиева, Юсупова А., Шаненова Ұ. сынды мамандар еді.

2007 жылы З.Кужаниязова басқарған орталықта ұжымның барлық жұмыстарына белсене араласып, дарынды ұйымдастырушы қырынан көрініп, облыс денсаулық сақтау саласына көрнекті қызмет еткен Шаманова С., Имангалиева Р., Оңайбаева Б., секілді мамандармен қатар, мамандандырылған бағдарламалармен жұмысты өңірдегі медициналық ұйымдарға таныстырып, жұмыс жүргізуін бастау кезінде Уразбаева Г., Кужахметова А., Хамзина М., Қайрекесова Ж., Салихов А., Юсубалиева А., Калмурзиев Р., Максутов К. және т.б. өз ісінің майталман мамандарын атап өтпеу мүмкін емес. 

 «Мемлекеттік мүлікті бір түрден екінші түріне ауыстыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2003 жылғы 22 қаңтардағы №81 қаулысымен, сондай-ақ «Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «Республикалық ақпараттық-талдау орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорнын құру туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 4 желтоқсандағы №2017 қаулысына сәйкес 01.01.2010 жылы Атырау облыстық «Медициналық ақпаратты талдау орталығының» құқықтық мирасқоры РМК ШЖҚ «Республикалық ақпараттық-талдау орталығы» Атырау облыстық филиалы болып құрылды. 

Бұл кезеңде Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2011-2015 жылдарға арналған «Саламатты Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезеңінде сектораралық және ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту арқылы денсаулықты сақтау мәселелері жөніндегі бірыңғай ұлттық саясатты қалыптастыру бойынша белгілі бір жұмыстар жүргізілді. Денсаулық сақтау саласының Ұлттық бірыңғай жүйеге көшуі кезінде өңірдегі электрондық технологияларды енгізу жолымен стационарда құжат айналым деңгейін төмендетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асты.

ҚР Үкіметінің 14.02.2011 жылғы №133 қаулысымен және ҚР Қаржы министрлігінің мемлекеттен кеткен мүлік және жекешелендіру комитетінің 18.03.2011 жылғы №179 бұйрығына сәйкес «Республикалық ақпаратты талдау орталығы» РМК Атырау облысының филиалы негізінде «Денсаулық сақтауды дамыту орталығы» РМК-ның Атырау облыстық филиалы болып қайта құрылды. 2012 жылдан бастап ұжымды М.Т. Кашкенова басқарды. 

Қазақстан Республикасы денсаулық сақтау саласының ақпараттық құрылымын құру мақсатымен Қазақстан Республикасының Бірыңғай ақпараттық денсаулық сақтау жүйесін (бұдан әрі – БАДСЖ) енгізу аяқталады, өзекті бағыттар бойынша веб-қосымшалар (әлеуметтік мәні бар аурулардың тіркелімдері, «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы, ААС-Емхана, «Бекітілген халық тіркелімі», кадрлар бойынша «Ресурстарды басқару жүйесі», «Медициналық техниканы басқару жүйесі», «Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жүйесі» және т.б) әзірленді және енгізілді. Аталған ақпараттық жүйелерді облыстың медициналық ұйымдарына толықтай енгізу мен жауапты мамандарды оқытуда айшықты қолтаңбасы бар мамандар: жоғарыда аты аталған мамандармен қатар Аманғалиева А., Жарылғасынқызы А., Жумаева Б., Жумакулов Ж., сондай-ақ Т.Ильжанов, Н.Куанышкалиева, М.Куспанова сияқты жандар білікті кадрларды топтастыруға, іріктеуге аса жауапкершілікпен қарап, оларды тәрбиелеуге лайықты үлес қосты. 

БҰДСЖ негізгі ерекшелігі — емделушінің дәрігерді және медициналық ұйымды еркін таңдау қағидасын енгізу жолымен медициналық ұйымдар арасында бәсекеге қабілетті ортаны құру болып табылады.

Алайда, қолда бар дерекқорлар жалпыланып кеткен және біртұтас ақпараттық кеңістікке интеграцияланбағандығы денсаулық сақтау саласының түрлі деңгейлерінде ақпарат сабақтастығын қамтамасыз етпей, жедел талдау жасау мүмкіндіктерін шектеді. Медициналық ұйымдарда электрондық құжат алмасу толық жүйесі енгізілмеді.

ҚР ДСМ «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК Атырау облыстық филиалы ҚР Үкіметінің 2013 жылғы 10 қазандағы №1076 қаулысымен 2013 жылғы 25 желтоқсаннан бастап РЭДСО ШЖҚ РМК басшылығымен жұмыс істейді. 

Қызметтің негізгі мақсаты денсаулық сақтау жүйесінің ақпараттық инфрақұрылымын және медициналық статистиканы жетілдіру жолымен денсаулық сақтау жүйесін дамытуға жәрдемдесу болып табылады.

Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асты. «Денсаулық» бағдарламасында айтылған міндеттердің барлығын ескеріліп, 2019 жылы – «Электронды денсаулық төлқұжатын» енгізілді. Ақпараттық жүйелерді интеграциялау, мобильдік цифрлық қосымшаларды қолдану, электрондық денсаулық паспортын енгізу, «қағаз қолданбайтын ауруханаға» көшу, осының барлығы дәрігерлер қағазбастылықтан құтылды.

2018 жылдан бастап осы ұжымда басшылық қызметте А.Орынбасарұлы. Осы тұста елімізде 2018–2022 жылдарға арналған «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Осы бағытта жүргізілген жұмыстар нәтижесінде бірінші кезекте цифрландыру дәрігерлер мен пациенттердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді. Электронды қызметтің нәтижесінде пациенттер зертханалық талдаулардың қорытындысын алу үшін емханаларға жиі бармайтын болды. Дәрігердің қабылдауына жазылу, дәрігерді үйге шақыру секілді қызметтерді электронды түрде жасай алады. Тіпті, ол үшін телефонмен қоңырау шалып, жауап бермесе жүйкені жұқартып жатудың да қажеті жоқ. Аталған қызметтердің бәрі смартфон арқылы қолжетімді. 

Сонымен қатар қандай-да бір медициналық қызметті алғаны туралы мысалы, пациенттің тегін дәрілерді алу туралы, жүкті әйелдің есепке тұрғаны туралы, азаматтың еркін таңдау бойынша емханаға тіркелгені туралы, және басқада көптеген қызметтерде пациент телефон номеріне  SMS-хабарлама жіберіледі.

    Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының Атырау облыстық филиалы облыстық денсаулық сақтау басқармасы, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҚЕАҚ Атырау облысы бойынша филиалы, Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті және барлық медициналық мекемелермен тығыз байланыста жұмыс жасайды. Өңірдегі денсаулық сақтау саласының күнделікті, айлық, тоқсандық, жылдық есептерін жинақтау, қорытындыларын ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне тиянақтап тапсыру жұмысы, ақпараттық жүйелерге енгізілген мәліметтерден талдау жасап, сұраныстарға сәйкес қажетті ақпараттарды Денсаулық сақтау басқармасы, әкім аппаратына ұсыну, сонымен қатар статистикалық деректердің нәтижесінде өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне оң шешімдер қабылдауда орталықтың атқаратын жұмысы өте маңызды.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі күтілетін нәтижесі — Қазақстан Республикасы экономикасының даму қарқынын жеделдету жəне цифрлық технологияларды пайдалану есебінен халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, сондай-ақ Қазақстанның экономикасын болашақтың цифрлық экономикасын құруды қамтамасыз ететін түбегейлі жаңа дамуға көшіруге жағдай жасау болды.

Бар саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнап, тынбастан еңбек еткен, қашанда құрмет пен алғысқа бөленген, осы саланың қымбатты ардагерлері, РЭДСО Атырау облыстық филиалы ұжымы және барша денсаулық саласының қызметкерлері! Сіздерді төл мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтап, ұзақ өмір, мықты денсаулық, отбасы қуанышы мен шаттығын тілейміз. Әрдайым көпшіліктің алғысы мен құрметіне бөленіп жүре беріңіздер!

Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының Атырау облыстық филиалы

img 20220621 wa0050

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button