Медициналық көмек деңгейі төмендеді: МƏМС-те жоспарланған параметрлер өзгеріп кеткен
Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МƏМС) қорына кем дегенде 1 трлн теңгеге жуық қаражат түспей қалған. Бұл туралы Мәжілісте өтіп жатқан Үкімет сағатында депутат Асхат Аймағамбетов айтты.
«2020 жылдан бастап елімізде медициналық сақтандыру жүйесі енгізілді. Сл кезде үміт қандай болды? Бұл реформа денсаулық саласын тез арада жақсартып, оның сапасын əлдеқайда арттырады деген үміт болды. Жылдар өтті, казақстандықтар ай сайын қорға жарнасын төлеп жатыр, бірақ сол үміт ақталды ма? Қызмет сапасы жоспарға сай артты ма? Өңірлерге барғанда, ауруханаларды аралап, сайлаушыларымызбен, эксперттермен, қарапайым дәрігерлермен болған кездесулерден, жүргізген зерттеуімізден түйгеніміз — проблемалар толық шешілмеген. Медициналық көмектің сапасынан бұрын, біз қазір қарапайым көмекті алуға зəру болып қалдық», — деді А. Аймағамбетов.
Оның айтуынша, бірінші жəне басты проблема – МƏМС-ті қаржыландыру жүйесінің теңгерімсіздігі және форматындағы олқылықтар.
«Менің айтайын дегенім, бастапқыда нақты жəне жан-жақты есептерге сүйенген қаржыландыру моделі жоспарланған еді. Ал іс жүзінде басқа модель енгізілді. Алғашқыда жоспарланған басты параметрлер түбегейлі өзгерген. Соның кесірінен денсаулық сақтау саласына қаражат жетіспейді, медицина көмекті алу деңгейі төмендеді, тарифтер азайды, кредиторлық берешектер пайда болды», — деді депутат.
Оның сөзіне қарағанда, алғашқы теңгерімді форматтан ауытқу келесі төрт бағытта болды:
Біріншіден, МƏМС қорына төленетін жарна бойынша. Қазақстандықтардың ай сайынғы жалақысынан МƏМС-ке төлейтін жарнасының ставкасы 2% деңгейінде сақталды.
Ал мемлекеттің төлейтін жарнасы, яғни бюджеттен əлеуметтік санаттар үшін МƏМС-ке аударылатын жарна мөлшері бастапқы ставкаларға қарағанда 3 есеге азайтылды.
Осы шешімге байланысты МƏМС қорына, яғни азаматтардың еміне, бюджет есебінен жүздеген миллиард теңге түспеді.
Екіншіден, пандемиямен күрес кезінде МƏМС арқылы атқарылатын қызметтер пакетіне шұғыл медициналық жәрдем, оқушыларға медициналық қызмет көрсету сияқты бюджеттен кепілідендірілген медициналық көмек арқылы төленуі керек шығыстар енгізіліпк еткен.
Бюджеттегі қаражаттың жеткіліксіздігіне байланысты шұғыл шешімдерді қабылдау үшін МӘМС қорында жиналған 700 млрдқа жуық қаражат пандемиямен күрес үшін жұмсалып кетті.
«Үшіншіден, Үкімет жоғарыда айтылған зейнеткерлер, балалар сияқты 15 əлеуметтік санат үшін МƏМС-ке бюджеттен төлейтін жарналарын қысқартып тастады. Мәселен, заңның 26-бабына сəйкес, бюджеттен бұл жарна орташа жалақы бойынша есептеліп, қорға аударылу керек болса, іс жүзінде Қаржы министрлігі оны медианалық жалақы мөлшері есебінен төлеп жатыр. Сəйкесінше, бұл заңға қайшы шешімнің кесірінен, тек 2024 жылдың өзінде 275 млрд теңгені Қаржы министрлігі МƏМС қорына, яғни біздің азаматтарымыздың емделуіне аудармай отыр. Cонда, үш жылдың өзінде, келесі жылды қосқанда, МӘМС-ке 600 миллиардтан астам қаражат бюджеттен түспеді», — деп түсіндірді А. Аймағамбетов.
Төртіншіден, медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру міндетін орындағанда, министрлік оны бюджет есебінен ғана емес, осы МƏМС-те жиналатын қаражаттың есебінен де жүзеге асырды. Бұл да МƏМС-те жиналған, қазақстандықтардың еміне тікелей жұмсалуы тиіс жүздеген миллиард теңге болған.
«Жоғарыда көрсетілген шешімдердің нәтижесінде, МƏМС қорына кем дегенде 1 трлн теңгеге жуық қаражат түспеді. Бұған қоса, 1 трлн теңгеге жуық қаражат алғашқы қойылған мақсаттардан тыс, яғни пандемиямен күрес үшін, әлде ГОБМП, бюджет арқылы төленуі керек бағыттарға жұмсалған. Осының салдарынан денсаулық сақтау саласындағы шығындардың қаржылық ауыртпалығы азаматтарға түсіп отыр. Бұл шешім Қордың да қаржылық тұрақсыздығына əкелді», — деді депутат.
Фото: Рүстем Айтхожин
ҚазАқпарат