
Медиа саласы нығайып, әріптестік артады
II Орталық Азия медиафорумы аясында Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Орталық Азия елдерінің медиа саласы мекемелері мен салалық ведомстволарының өкілдерімен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Республика Мәдениет және ақпарат министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Аида Балаева Өзбекстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің жанындағы Ақпарат және бұқаралық коммуникациялар агенттігінің директоры Асаджон Ходжаевпен кездесіп, Қазақстанның Орталық Азия өңірінде бірыңғай ақпараттық кеңістікті нығайтуды үнемі қолдайтынын атап өтті. Тараптар арасындағы ынтымақтастықты кеңейту және өзара тәжірибелік байланысты дамыту мақсатында ақпараттық саладағы әріптестікті нығайтуға бағытталған бірлескен хаттамаға қол қойылды.

–Әзербайжан Республикасының Медиа дамыту агенттігінің атқарушы директоры Ахмед Исмайловпен өткен келіссөздер барысында тараптар халықтар арасындағы жақындасу мен ортақ ақпараттық кеңістік қалыптастыруда мәдениет, білім беру мен медианың маңызды рөлін атап өтті. Әсіресе, тең дәрежелі ақпарат тарату мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазір Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрлігі Әзербайжанның «CBC TV» телеарнасын еліміздің аумағында тіркеу мүмкіндігін қарастырып жатыр, — делінген баспасөз хабарламасында.
Сондай-ақ Аида Балаева CNN-нің Орталық Азия және Африка бойынша өкілі Сайед Имран Ахмадпен кездесті. Тараптар тележурналистика мен медиа саласын дамытуға бағытталған екіжақты ынтымақтастықты кеңейту жоспарлары мен перспективаларын талқылады.