Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Құмдағылар – құс ұйқылы

немесе малшы ауылдағы бір күн

Қысы-жазы күйбең тірлікпен қолдағы малының басын көбейтсем, өнімін халыққа сапалы жеткізсем деп маңдай терін сыпыра еңбек етіп жүрген малшылардың тұрмыс-тіршілігін білу мақсатымен жаңа жыл қарсаңында Қамысқала селолық округіне қарасты Күкіртті елді мекенінің Қосжыңғыл қыстағына ат басын тіредік.

%d2%9b%d2%b1%d0%bc%d0%b4%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%bb%d0%b0%d1%80-%d2%9b%d2%b1%d1%81-%d2%b1%d0%b9%d2%9b%d1%8b%d0%bb%d1%8b

Тастай Бозшиев басқаратын шаруа қожалығының бүгінгі тіршілігінен бүгінгі қыстың ауыртпалығын аңғару мүмкін емес.

Қорадағы малдың қоңы болмайды

Ерлі-зайыпты малшылар бізді шаруа қожалығының жайымен таныстыру үшін мал тұратын аула-қора жаққа бағыттады.

— Осы жерге Новобогат совхозы таратылып, мал-мүлік жекешелендірілген ала-сапыран уақытта келдім. Совхозда штаттағы аңшы болғанмын. Негізгі кәсібім –    қасқыр аулау. Ауланған түз тағысы мен оның соңынан ерген күшіктерінің санына байланысты келісім-шарт бойынша тиісті ақымды шаруашылықтан малдай алып тұрғанмын,- деп әңгіме бастаған Тастай әрі қарай ойын бүгінгі қым-қуыт тірлікпен сабақтады.

Қожалықтағы жүз жиырмаға жуық мүйізді ірі қараның жартысынан астамы алдағы көктем шыға төлдейтін көрінеді. Бұған қосымша шаруагердің жүз бас қойы, 56 жылқы мен 22 түйесі бар. Олардың жем-шөбін, суын беріп, баптап жүрген келіншегі Қоңырша. Қора-жайдан әріректе әлі мұрты да шағыла қоймаған орама пішен іскірті. Құмдауыт жер шөбінің малға жұғымы жақсы, құнары мол. Бұрқыраған боз жусанның иісі жаныңды жай таптырады.

— Осындай уақытта аулаға пішен шашып малды ұстау менің әдетімде жоқ нәрсе. Тіпті, қыстың боранды, аязды күнінде де қорадан мал көрмейсіз. Бәрі далада, өздеріне бөлінген учаскеде жайылады. Тебіндеп шөбін табуға үйренген. Қорада ұстағанның қоңы болмайды. Әкеміз малшы болғасын, шаруаның қыр-сырын жастай үйреніп өстік қой. Одан қор болған жоқпыз, еңбекпен шыңдалып, зейнетін көріп, осы малдың бағымымен нәпақамызды тауып отырмыз, — деген Тастай бізге сыртқы шаруаның жайынан хабардар етті.

— Қазақта «Тоғыз қой тұқым болмас» деген сөз бар ғой. Мен сол сөздің терістігін бүгінде адал еңбегіммен, маңдай теріммен дәлелдеген адаммын, — деп бізге тағы бір сырын ағытты.  — «Тоғыз қой, бір сиырмен ала құмда не бітірейін деп отыр екен. Бұдан ештеңе шығара алмас, шаруасы оңбас» деп күмәнданғандар да табылды. Қасқыр атып, мал жинап, несібемді молайттым, үйімді салдым. Балалы-шағалы болдық. Үкіметтен қол жайып, көмек күтетін жігітіңіз мен емес. Оны бүкіл жұрт біледі. Өз тірлігімізді өзіміз көріп жатқан қарапайым жандармыз ғой.

Аудан орталығынан Қамысқала арқылы жүрген жолымызды есептегенде осы жерге дейін 90 шақырым. Боз жусанды қар түбінен тұяғымен тебіндеп жеген қойдың күй-қоңы  жақсы екен.

— Жаңағы өзің айтқан тоғыз қойдан тұқым болғандар ма бұлар? — деп Тастайды әңгімеге қайта тарттым.

— Иә, солай. Қаракөл қойын қазақы қойдың қызыл қошқарымен будандастыру арқылы пайда болған қойлар осылар. Күйі жақсы. Мен о бастан  қойды далада жаюға үйреткенмін. Содан да шығар, таңсәріден далаға қарай маңырап, өріске шыққысы келіп тұрады. Тіпті, бір ізбен шығып, бір ізбен қораға кіретінін қайтерсің бұлардың. Малшылардың көбі қойға пішен салып, алдына жем-суын қойып, баптайды. Бірақ, малы менікінен арық, көтерем, көктемге қабырғасы қабысып әрең жетеді. Қыста далаға шығарып жаймаған малдың  оңбайтындығын, күйінің төмен болатындығын білмей ме, әлде еріншектік пе? Мен кейде осы жайларға тіпті түсінбеймін.

— Осыншама малды тек Қоңырша екеуің бағасыңдар ма? Басқа көмекші жоқ па?

— Бірер жылдықта қой саны бес жүзге жетті. Біртіндеп азайтқаным бұл. Менде көмектесетін Қоңыршадан басқа кісі жоқ. Жазғы каникулда  балаларым қолғанат болуға жарады. Малды солар бағады. Еңбекке ерте шынықтырып жатқаным ғой. Айтқанымызды екі етпей орындайды. Мендей жұмыс жасайтын, малдың жайын білетін бір кісі болса, еңбегін төлеп жұмысқа алар едім. Бірақ, құлшынып тұрған жан көрінбейді. Жастардың қырдан қалаға қашқан заманы болды ғой.

— Жылына екі рет – қойдың жабағы, күзем жүндерін қырқасыздар ғой. Жүнін қайда өткізіп жүрсіздер?

— Өзімізге қажеттісін алып, қалғанын босқа құрттатпай өртеп жібереміз. Ешкім алмайды, қабылдайтын жер жоқ, терісі де жиналмайды.

%d2%9b%d2%b1%d0%bc%d0%b4%d0%b0%d2%93%d1%8b%d0%bb%d0%b0%d1%80-%d2%9b%d2%b1%d1%81-%d2%b1%d0%b9%d2%9b%d1%8b%d0%bb%d1%8b-2

Жел диірмені жарық беріп тұр

Үй жанында қаңғалағы жел бағытымен айналып тұрған, электр қуатын беретін жел диірмені тұр.

Иә, ғылым мен техника қарыштап дамыған сайын электр қуатына деген сұраныс жылдан-жылға артуда. Ал, табиғаттың балама энергиясын пайдаланушылар әзірге тек алыс аймақтағылар – малшылар, жеке шаруагерлер. Қамысқала ауылдық округіне қарасты біраз дала ерлерінің осы табиғи ресурсты пайдаланып отырғаны ғана көңілге медеу.

Тастай Бозшиевтің күн көзінен қуат алатын батареяларды тұрмыста қолдана бастағанына он жылдың жүзі болыпты. Бүгінде үй төбесіне орнатылған күн батареясын ол тек телефон жүйесінің тұрақты  істеуіне  ғана қалдырып, ал, мына жел диірмен тұрмыстағы нағыз энергия көзіне айналды. Ешқандай шығыны жоқ қарапайым ғана қытайлық құрылғыны әкеліп орнатып беруімен қосқандағы құны екі жүз мың теңге. Аудан орталығынан шалғайда тұратын адамдарға бағасы қымбаттау көрінгенімен қосымша шығынының  жоқтығын ескерсек, оны пайдалану әлдеқайда  тиімді, өйткені, алты жыл бойы еш кідіріссіз қызмет істеп тұр.

Жаңалыққа жаны құмар жігіттің ендігі ойы – кең үй салып алу. Оған дайын тұрған су жаңа жел генераторы және бар. Соңғы кезде Тастайдың бұл тірлігі осы құм өңірін мекен еткендердің де қызығушылығын оятқандай. Олар өз үйінде тұрақты ток көзінің болғанын, қаладағыдай өмір сүруді қаламайды дейсіз бе? 

Үй ырысы – Қоңыршаның қолында

Шаңырақтың  берекесі Қоңырша да осал болмай шықты. Осы жаққа бағыт алғанда сапарласымыздың бірі Тастай мен оның келіншегі туралы біраз мағлұмат берген-ді. Оның бақсайлық жылқышы Қазыбаев Рәсім деген қарттың қызы екендігінен, жас кезінде атқа шауып, қазақтың «Қыз қуу» сынды ұлттық сайыстарына қатысып, өзіне жете алмаған талай жігітті боз жорғаның үстінде қамшының астына алынғанынан хабарлы қылған. Тіпті,  Халық батыры Исатай Тайманұлының 200 жылдығында, күй атасы – Құрманғазының мерейтойында топ жарғанын, «УАЗ» бен шетелдік көліктің қай-қайсысын да шебер жүргізетіндігін білдік. Енді міне,  әулеттің ибалы келіні, алты баланың анасы, жарасымды отбасы отағасының сенімді серігі екендігін де дәлелдеп жатқан жайы бар.

Балаларының үлкені – Шыңғыс Атырау агротехникалық колледжінде оқиды. Кейінгі Шынар, Манас, Қасымхан, Шара, Алмас есімді ұл-қыздары Хамит ауылындағы орта мектепте оқып, интернатта жатып, білім алады.

— Сенбі сайын жағдайларын біліп, сағынғанда ауылға әкеліп, мауқымызды басып аламыз. Әйтпесе, жұмысымыз өнбейді, — дейді Қоңырша.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Исатай ауданы.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button