Мәжіліс депутаты — атыраулықтар арасында
Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Дүйсенбай Тұрғанов жұмыс сапарымен Атырау облысына келді. Халық қалаулысы өңірге сапарын аймақ энергетиктерімен кездесуден бастады.
Бірінші кезекте «Атырау жылу және электр орталығы» акционерлік қоғамына маңдай тіреген Мәжіліс депутаты кәсіпорындағы қыс маусымына дайындықтың деңгейімен және оның өту барысымен танысты. Атқарылған жұмыстарға назар аударып, шешімін күткен проблемаларға көңіл бөлді. Жалпы өңірдің энергокешені нысандарында, соның ішінде тұтынушыларды электр және жылу энергиясымен жабдықтаушы осы орталықта инвестициялық бағдарламалар шеңберінде жүзеге асырылған жобалар, алдағы уақытқа межеленген жоспарлар жайында кешен басшысы – директорлар кеңесінің төрағасы Алтынбек Қаршегенов баяндады.
Бұдан соң мәжілісмен Дүйсенбай Нұрбайұлы «Жайлы мектеп» жобасы бойынша Атырау қаласының аумағындағы «Жұлдыз-2» шағынауданында салынып жатқан 900 оқушы орындық орта мектептің құрылысында болды. Осында атқарылған жұмыстардың барысымен танысып, туындаған мәселелерге көңіл бөлді. Тұтастай алғанда, құрылыс-монтаж жұмыстарының кестеге сәйкес орындалып жатқанына қарамастан, бірқатар іркілістерге де жол беріліп отырғанын атап өтті. Мемлекет басшысының бақылауында, сондай-ақ «AMANAT» партиясының қадағалауында тұрған нысан болғандықтан, құрылыстың қарқынын арттырып, орын алған олқылықтар мен жіберілген кемшіліктерді тез арада түзету қажеттігін баса айтты.
Келесі кезекте халық қалаулысы облыс әкімдігінде аға буын өкілдерімен кездесті. Басқосуды облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов кіріспе сөзбен ашып, қоғамдық ұйымның ұйытқы болуымен іске асқан жұмыстардан хабардар етті. Басқосуға қатысқан ақсақалдар атынан Мәжіліс депутатына көкейде жүрген ойлары мен ұсыныс-тілектерін жеткізді.
Мұнан кейін Мәжіліс депутаты Дүйсенбай Тұрғанов облыс аудандарын аралап, жергілікті жұртшылықпен жүздеспекші.
Дәулетқали АРУЕВ
Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ