Жарнама
Жаңалықтар

Мажарстанда өткен құрылтай көне салт-дәстүр мен мәдениетті қайта жаңғыртты

Орайы келген әңгіме.

Үстіміздегі жылдың тамыз айының ішінде Мажарстанның  Бач-Кишкун облысының Бугац қаласы маңында екі жылда бір аталатын Үлкен құрылтай өтті. Оған ғұн-тұран түркі  тілдес елдерінен  жүздеген делегат қатысты.

%d0%bc%d0%b0%d0%b6%d0%b0%d1%80%d1%81%d1%82%d0%b0%d0%bd

Қолөнер – Мұраттың  хоббиі

Құрылтай сөзінің  өзі  түркі  тілінен шығыпты. Ол «тайпалық жиын» дегенді білдіреді екен. Мажар көшпенділері де тайпалық жиындар өткізген, көбіне әскери іс-қимылдар туралы кеңестер жүргізіліп отырған.

Осы орайда, «бұл құрылтай нені көздейді?» деген сұрақ туындайды. 2006  жылы Мажарстан Табиғат мұражайының Антропология бөлімшесінің ғылыми зерттеушісі, мажар антропологы Андраш Биро Жолт өзіміздің Қазақстанға ғылыми экспедициямен келеді. Қолында бар материалдарды  жан-жақты зерттеген ғалым қазақтың мадиар тайпасының ДНК үлгілерінің Карпат бассейніндегі  мажарларға да тән екенін, сөйтіп, екі халықтың генетикалық байланысы бар екенін дәлелдейді. Бұл жаңалық ғалым мен оның тобындағы зерттеушілерді күллі әлемге танытады. Ал, 2010 жылғы кеңес ғұн-түркі халықтарының кездесуін тұрақты өткізіп тұруға шешім қабылдайды. Осы шешімге сәйкес мажар, қазақ, өзбек, түрік, әзербайжан, ұйғыр, қырғыз, башқұрт, чуваш, бұлғар, татар, түркімен, қарақалпақ, бурят, ноғай, гагауз, қарашай, саха, корей, жапон – бәрі ұлы бабалар рухы үшін мәдени-экономикалық қоғамдастыққа бірігіп, туысқандық мәлімдемеге қол қойды.

Екі жылда бір өткізілетін құрылтайға өткен тамыз айында біздің елімізден қырық адам, олардың ішінде атыраулық Мұрат Ғабдысәлімов өз отбасымен барыпты. Құрылтайдың өзі ғылыми зерттеулер мен ұмытылып бара жатқан көне салт-дәстүрді, қару жарақ пен тұрмыстық заттарды қайта жаңғыртуға арналғандықтан қолөнерші ретінде Мұрат Асуатұлын  ерекше  қызықтырыпты.  Өйткені, ол – халқымыздың ежелгі қаруының бірі саналатын садақ жасаудың шебері, шығыс жекпе-жегін жақсы меңгерген, каратэден қара белдік иегері. Елімізде тұңғыш өз қаражатына дәстүрлі садақшылардың «Ағатай» спорт клубын ашқан азамат, қоғам қайраткері – өзіміздің Мәдина Ғабдысәлімова  апамыздың інісі.

«Менің негізгі қызметім бар, мамандығым –  мұнайшы. Садақ жасау – хоббиім. Қазір өзімнің шағын шеберханамда садақ жасаумен айналысамын. Садақ неғұрлым жеңіл, тартқан кезде ыңғайлы, көкке көтерілгіш, көздеген нәрсеңе дөп тигіш болуы керек. Біраз жылдан бері садақ жасаумен шұғылданып келе жатқандықтан қазір сол технологияға қол жеткізгендеймін», — дейді Мұрат бізбен арадағы әңгімеде. Баса айтарымыз, құрылтайда Мұраттың қолынан шыққан бұл көне қару жоғары бағаланып, көпшіліктің қызығушылығын туғызыпты.

 

Қазақ құртының ерекше дәмі

Ғабдысәлімовтар мұндай құрылтайға екінші рет қатысып отыр. Оларға, әсіресе, жиынның ұйымдастырылуы, қонақтарды күту, түрлі мәдени-көпшілік шаралар, соның ішінде спорттық және ұлттық ойындар мен сайыстар өткізу өте қатты ұнайды.

— Құрылтайға осыдан екі жыл бұрын барғанымда аяғым ауыр болатын, — дейді Мұраттың келіншегі Жаннат Санғалиева. — Үйдегі Ғайния, Дина, Санат атты қыздарымыздан кейін өмірге Дархан атты ұл әкелдім. Құрылтайда ол ең жас қатысушы ретінде тіркелсе, ең қарт қатысушы 93 жастағы түркиялық Ердоган бей болды. Шара барысында жүзден астам киіз үй тігіліп, небір ойын-сауыққа кезек берілді. Отызға тарта мемлекеттен 700-ге жуық қатысушы келді. Олардың арасында майталман өнер иелері ән-күйден шашу шашса, қолөнер шеберлерінің бірі қыштан құмыра, енді бірі ағаштан түйін түйіп жатты. Ал, «Бабалар киіз үйінде» мұражай топтамалары, ғылыми ұйымдардың археологиялық және антропологиялық жәдігерлері қойылды.

Құрылтай кәсіби атбегілер мен шабандоздар үшін де маңызды мерекеге айналған. Мұнда атбегілер шеруі өтіп, Мажарстанда сақталып қалған көкпар, аударыспақ ойындары ойналған. Бір мезетте мың садақшы жебе тартып, мажар жауынгерлерінің теріден жасалған тарихи киім-кешегі, қола құю, металл өңдеу техникалары көрсетілген. Ғылыми конференциялар өткен. Оның жұмысына біздің қазақстандық ғалымдар – Айболат Көшкімбаев, Қырым Алтынбеков, Лейла Жансүгіровалар қатысқан. Жерлестерімізді Америкадан келген қалмақ пен мажарлық Агнесса қатты таңғалдырған. Олай дейтін себебіміз, екеуі  де  интернеттен қазақтың көне  аспабы – домбыраны көріп, қызығушылық танытқан. Домбыра құлағында ойнауды өздіктерінен үйреніп, шағын концерт қойған. Әсіресе, Агнесса өзіміздің Жанар Айжанованың орындауындағы әндерге қызығатынын айтып, бірнеше ән орындап берген. Елімізден барған делегация бөлек киіз үйде болып, қонақ күткен. Түрлі ұлттық тағамдардан дастархан мәзірін дайындаған. Тіпті, ертесіне бірнеше адам келіп, «құртты неден және қалай  жасайды?» деп, қайта-қайта сұраумен болыпты.

P.S. Бүгін – 21 қыркүйек. Ғабдысәлімовтар отбасы бұл датаны ерекше құрметтейді. Өйткені, дәл осы күні Мұрат пен Жаннаттың қосылғандарына – жиырма, ал, ата-аналары – Асуат пен Сәуленің үйленгендеріне 48 жыл толып отыр! Осынау ерекше күнмен біз де Ғабдысәлімовтарды шын жүректен құттықтаймыз, өмірдегі бар жақсылықты тілейміз. Мұрат пен Жаннат Құрылтайды ұйымдастырушыларға – «Мажар-Тұран» қорының төрағасы Андраш Биро Жолт және Мажарстан Парламентінің вице-спикері Шандор Лежак мырзаларға, осынау сапарға барып-келуге мүмкіндік туғызған облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа  өздерінің шексіз ризашылықтарын білдіреді. Алдағы уақытта  бізде де осындай  құрылтай  өтсе деп армандайды  Ғабдысәлімовтар.

Лиза СЕЙТІМОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button