Майдангер мұнайшы
Жауқан Сәлиевтің еңбек жолын ұрпақтары жалғастыруда
Аймақтағы мұнайшылар династиясының қатарындағы Сәлиевтер отбасы – қазақтың сайын даласында мұнайды алғаш рет игеруге атсалысумен бірге, ел басына күн туған сәтте Отан қорғаған ердің ұрпақтары. Мұнай саласында қарапайым жұмысшылардың бірі болған Сәли қарттан өрбіген балалар – бүгінде облысқа ғана емес, республикаға танымал мұнайшылар әулеті.
Заманның қиындығымен күресе жүріп, «Эмбанефть» деп аталатын мекемеде жұмыс жасаған әкенің қажырлы еңбегін көріп өскен ұлы Жауқан да мұнайшылықты кәсіп еткен. 1917 жылы шаруа отбасында дүниеге келген ол қиындыққа мойымай алға ұмтыла жүріп білім алады. 1934 жылы Жамбыл атындағы орта мектепті бітіре салысымен Гурьев қаласындағы фабрикалық-зауыттық оқытудан өтіп, кейін 1935 жылы мұнай техникумында білімін жалғастырған. Бұл жерден мұнай ұңғымасын бұрғылаушы-техник мамандығын алып шыққан оның арнайы рұқсат қағазы «Мұнайкомбинатына» жолданып, «Байшонас» мұнай кәсіпшілігіне бұрғылау-технигі болып жұмысқа орналасады. Гурьев мұнай техникумын Өтеп Балғымбаев, Қуаныш Құдабаев, Қапан Ақмұрзиев, Шамбай Оразалиев сынды танымал мұнайшылармен бірге аяқтайды. Жауқан Сәлиев өзінің қолымен жазып қалдырған өмірбаянында 1940 жылдың қыркүйек айында «Қазмұнайкомбинатының» бұйрығымен Мәскеудегі КСРО мұнай өнеркәсібі басшы қызметкерлерінің білімін жетілдіретін алты айлық оқу курсынан өткенін айтады.
«Курсты аяқтаған соң 1941 жылдың наурыз-шілде айлары аралығында Сағыз кен орнында бұрғылау инженері қызметін атқардым. Сол жылдың шілде айында «Қазмұнайкомбинаттың» бұйрығымен Гурьев қаласындағы бұрғылау шеберлерін дайындайтын мекемеге шебер (мастер) болып ауысып, 1943 жылға дейін еңбек еттім» деп жазады ол өмірбаянында.
Сын сағаты соққанда
Алайда, соғыс кезінде қызметтен гөрі ел тағдыры қымбатқа түсіп, 1943 жылдан бастап майдан даласына аттанады. Украина, Венгрия, Румыния, Австрия елдерін неміс басқыншыларынан азат ету жолындағы жан алып, жан беріскен ұрыстарға қатысып, ерен ерліктің үлгісін көрсетеді. Бейбіт күнде қызметінде іскерлігімен танылса, майдан шебінде жауынгерлік шеберлігімен көзге түседі. Әсіресе, жауынгердің марапат қағаздарында жауапты әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындап, жауға қарсы тиімді іс-қимылдар жасағандығы айтылады. Ол 1945 жылдың қаңтар-ақпан айларында Барт селосы маңына дивизиямен бірге жаяу әскерлер мен танкілерге қарсы алты мыңнан астам мина қойған. Сондай-ақ, жауға 200-300 метр жақын, жан-жақтан қарша бораған оқ астында жүріп, фашистердің танкілеріне қарсы 1200 мина тастаған. 1945 жылдың 17-24 ақпан аралығындағы оның бұл көзсіз батырлығы еленіп, «Ұлы Отан соғысы» орденіне ұсынылады. Жауқан жауынгердің ұрыстардағы нағыз батырға тән жауынгерлік әрекеттері ескерусіз қалмай, «Ұлы Отан соғысының» бірінші, екінші дәрежелі және «Қызыл жұлдыз», үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендерімен, «Ерлігі үшін» және тағы басқа да медальдармен марапатталады.
Отан үшін от кешкен Жауқан Сәлиев соғыстан 1946 жылы елге оралып, 1948 жылға дейін «Қазақстанмұнай» деп аталатын бірлестікте өндіріс бөлімінің басшысы қызметін атқарады. Бұдан кейін 1948 жылдың шілдесінде Гурьев облыстық партия комитетінің шешімімен аталған органның мұнай бөлімінің нұсқаушысы болып қызметке қабылданады. Ал, 1953 жылы облыстық партия комитетінің нұсқауымен «Қазақстанмұнай» бірлестігіне қарасты Комсомол мұнай өндіру басқармасының директоры болып тағайындалады.
Одан әрі 1970 жылдан бастап Қошқар мұнай кәсіпшілігінің басшысы қызметін атқарады. Әр күнін тынымсыз еңбекпен өткізіп, қазақ даласында «қара алтынды» игеруге өзіндік қолтаңбасын қалдырған Жауқан Сәлиұлы 1974 жылы дүние салады.
Ұрпақ – өмір жалғасы
Оның артында жұбайы Әсия Исабаева екеуі тәрбиелеп өсірген Мақсот, Сатыбалды есімді ұлдары мен Гүлшат, Айша, Ажар, Гүлжамал, Нұржамал есімді қыздары қалған еді. Жұбайы Әсия да – мұнайшы, 1970 жылы зейнеткерлікке қалып, 2002 жылы дүниеден өтті. Балаларының барлығы дерлік – мұнай саласының қызметкерлері. Тек Гүлжамалы ғана ұстаздық жолды таңдаған. Уфа институтының тау-кен инженері мамандығы бойынша білім алған үлкен ұлы Мақсот – бүгінде ардагер-мұнайшы. Мақат ауданының Құрметті азаматы, «Самұрық-Қазына» төсбелгісінің иегері. «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «ҚазМұнайГаз» компаниясының, салалық министрліктің мақтау грамоталарымен марапатталған. Жұбайы Қарлығаш Оразымбетова екеуі – бір қыз, үш ұл тәрбиелеп өсірген бақытты отбасы. Мұнай саласында еңбегі өлшеусіз Мақсоттың үш ұлы да – мұнайшы. Немерелерінің үлкені Темірлан Мақсотов Шымкент қаласындағы политехникалық колледжде білім алған.
Осылайша халықтың басына қара бұлт төнген заманда жауға қарсы қасқая тұрған Жауқан жауынгердің ұрпақтары – әкеден өнеге алған, елге абыройлы азаматтар. Жауқан Сәлиевтің ерлігі мен еңбегі елге мұра, ұрпағына үлгі болып қала бермек. Өйткені, ерлік даңқы ешқашан өшпейді!
Жауқан Сәлиев – «Ұлы Отан соғысының» бірінші, екінші дәрежелі және «Қызыл жұлдыз», үшінші дәрежелі «Даңқ» ордендері мен «Ерлігі үшін» медалінің иегері.
Әулетте мұнай саласын меңгерген мұнайшылар сабақтастығын бүгінде бесінші ұрпағы жалғастыруда. Осыдан үш жыл бұрын, 2014 жылы Сәлиевтер әулеті «Самұрық—Қазына» әл—ауқат қорының еңбек әулеттерін мерекелеу салтанатына қатысып, марапатқа ие болды. Сол жылы «Мерейлі отбасы» республикалық байқауының «Тату отбасы» аталымында жеңімпаз деп танылды.
Мәлике Мәлік