«Математиктің өтірік айтуы мүмкін емес…»
Асқар ЖҰМАДІЛДАЕВ,
Ұлттық ғылым академиясының академигі, физика-математика
ғылымдарының докторы, профессор:
Оның есімі аталса-ақ, көз алдыңызға сансыз есеп-қисап келе қалады. Оның әр минуты – өлшеулі. Өмірлік принципі де сол – әр секундты текке өткізбеу. Осы ұстанымынан таймай күн кешіп келеді. Әлемдік танымалдылыққа ие болып отырған қазақша алгебраның авторы, ғалым – басқа да қоғамдық мәселелерге қатысты өзіндік пікірімен ерекшеленетін қайраткер. Атырауға сапары барысында математиканың қыр-сырын жетік меңгеріп, сол саланың дамуына, алға басуына бар білім-білігін сарп етіп жүрген жанмен аз-кем тілдескен болатынбыз.
— Алдымен, Атырауға қош келдіңіз, аға! Әңгімені осы салаға келуіңізден бастасақ. Қазақ ауылынан шығып, Мәскеу университетіне түстіңіз. Есеп, сандар әлеміне қадам басуыңызға қандай құлшыныс түрткі болды?
— Рахмет! Бұл – менің Атырау ғана емес, тұтастай батыс өңірге жасап тұрған алғашқы сапарым. Динамикасы жоғары қала екен. Хан ордалы Сарайшыққа бардым. Әсерлі сапар болды.
Ал, құлшыныс, мотивация дегендер – кейінгі кезде шыққан әңгіме. 1969 жылы алғаш рет Алматыға келдім. Келу себебім – қарапайым. Сол кезде бізге шаш қоюға рұқсат бермейтін. Жас 10-12-ге келді, баста шаш жоқ, тақыр бас. «Ұят болар, шаш қоюға рұқсат беретін бір жерге кетейін». Ойыма келгені – осы ғана. Сөйтіп, Алматыда интернатта оқыдым. Аттестат алған күннің ертеңіне вокзалға келдім де, Мәскеуге билет сұрадым. Бар екен, алдым. Төрт күн жүріп жеттік, түсе сала аузыма бірінші түскені «МГУ» болды, сұрадым. Бардым, ертеңіне емтихан тапсырдым, түстім де кеттім.
— Неге математика?
— Мен сол кезде құжат тапсыруға барғанда, жолдың бойында басқа факультет тұрғанда соған түсіп кетуім де мүмкін еді (күліп). Ал, негізінде математика – ең тәуірі. Олай дейтін себебім, математика – өте адал ғылым. Мұнда алдау еш мүмкін емес. Екі жерде екі – төрт. Көрдіңіз бе? Былай-былай, бас-қаша алдай алмайсың.
— Сіз шет елге көп шығасыз. Қазақстандық студенттерді сол жақта оқитындармен салыстырғанда не айтар едіңіз?
— Ғылыми себеп болмаса, осы күні шет елге көп шықпаймын. Ал, студенттерге келетін болсақ, дүниежүзінің қай түкпіріне барсаң да, олар бірдей. Тек ерінбейтін, оқитын студент болып, еріншек, оқымайтын студент болып қана екіге бөлінеді. Басқа еш айырмашылықтары жоқ. Жалпы, мен артық деген ұғымды ұнатпаймын. Қазақ ешкімнен артық та, кем де емес. Бәрі бос сөз. Француздың, немістің жасағанын мен неге жасай алмаймын, олардың дәлелдеген теоремасын мен де дәлелдей аламын деп алға ұмтылу керек. Бар болғаны сол.
— Көп оқисыз ба?
— Дүниеде кітап көп. Оның бәрін оқып шығу мүмкін емес. Мен негізі пайдалы кітапты ғана оқимын. Бар керегімді Абайдан табамын. Жалпы, қазаққа керектің бәрі осында бар. Ол тоқпақпен ұрғандай қылып, бәрін алгоритммен айтады.
— Ғылымның бәрі ана тілінде оқытылуы керек деген ұстанымыңыз бар. Осы орайда үштілділік туралы не айтар едіңіз?
— Мен бұл ойымнан айнығаным жоқ. Өкінішке орай, білім министрі кері пікір айтып жүр. Алайда, ағылшын тілін білу керек, оған ешкімнің дауы жоқ. Бұл жерде бір-ақ сұрақ шығады. Ағылшын тілі кімнің есебінен жүруі керек. Министрдің айтуынша, ағылшын тілі қазақ тілінің есебінен жүргізілуі тиіс. Мен бұған келіспеймін. Ал, егер қазақ тіліне қосымша ре-тінде жүргізілсе, көңілге қонады. Жұрттың бәріне сен оқуға міндеттісің деп, ынтасы жоқ, әрі ол тілді қажет етпейтін адамды қуып жүріп үйрету қисынға келмейді.
— Сіз неше тіл білесіз?
— Жалпы, тіл үйрену қиын емес. Мен оныншы класқа дейін бірауыз орысша білмегенмін. МГУ-ге емтихан тапсыр-ғанда орыс тілінен екі алғанмын. Бірақ, олимпиадаларға көп қатысқанмын, оқытушылар менің білімімді байқаса керек, аппелиациялық шағым арқылы үш қойып, оқуға түсуіме көмектескен. Маған ешкім тіл үйреткен жоқ. Бірге оқыған өзбек группаластарымның арасында «отличник» болып жүріп, тіл үйрендім. Кейін шет елге кеттім. Біраз жыл Еуропада болдым. Қиын кездер болғандықтан нан тауып, отбасымды асырау үшін, тіл үйрендім. Ағылшын, неміс, түрік, итальян тілдерін білемін.
— Сіз шәкірттеріңізді бекітіл-ген талап бойынша кітапқа сүйеніп оқытасыз ба, әлде өзіндік тәсіліңіз бар ма?
— Кітапқа сүйенуге болмайды. Адам өз ақылына салуы қажет. Мен кітапқа қарап лекция оқымаймын. Мәселен, Билл Гейтс, Стив Джобстар оқымаған. Бірақ, студенттерге оқы деп айтамын. Себебі, олар миллион-нан бір шығады ғой. Сондықтан, реализм тұрғысынан қарау керек.
— Сіз өткен жылдары есебіңізді шығарған балаға сыйақы тағайындаған едіңіз. Сол есеп шешілді ме?
— Жоқ, әлі шешілген жоқ, сол күйінде тұр.
— Ал, тағайындалған сыйақыңыздың мөлшері ше?
— Елу жасқа келгенімде «Сізге не сыйлық берейік?» деген әңгіме көп айтылды. Сонда мен «дүние қажет емес, осы есепті шешіп беріңдер, үлкен сыйлық сол» деп х!+1=у2 теңдеуін айт-қанмын. Стимул болу үшін 100 доллар сыйақы тағайындадым. Өткен жылы алпысқа толдым, есеп шешілмеді, сыйақысы жыл сайын 100 доллардан көтеріліп, 1000 долларға жетті. Бірақ, қазір 5000 болды. Өйткені, мені тағы да төрт академик қолдады. Қызығушылық танытып, 1000 доллардан тікті.
— Алдыңызға келген студент-теріңізден Мұқағалидың өлеңдерін сұрайтын «қалыптан тыс» әдеті бар математик екенсіз.
— Иә, ол рас. Математика мен поэзия – егіз. Өйткені, Мұқағалидай ақиықтың өлеңін білмесе, ол баладан математик шықпайды.
— Негізі сіз де өлең шығарасыз, иә?
— Иә, өз-өзінен өлеңдер ойыма орала береді. Бірақ, диктофон жоқ. Сол үшін қағазға түспестен қала береді. Ал, компьютерге басылғандары сақ-таулы.
— Оқушыларыңызды ынталандыру мақсатында қалтаңыздан қаржы төлейтін де қасиетіңіз бар деседі. Сол қаншалықты рас?
— Жүз пайыз рас. Ол әлі бар. Жалақым да жақсы. Мұсылмандық ұстанымда да тап-қаныңның он пайызын беру керек деген қағида бар емес пе? Мен қайыршыларға садақа бермеймін, студенттерге беремін. Есеп беремін, кім шығарады – соған 100 доллар.
— Сіз депутат болдыңыз. Бірақ, саясаттан сырт айналдыңыз. Неге?
— Өмірде алдыңда не тұрғанын болжап біле де алмайсың, жоспарлай да алмайсың, сонысымен қызық. Депутат болам деп ойлағаным жоқ, кездейсоқ келдім. Ғылым жолына ерте келдім, докторлық атағымды қорғадым. Ең жас доктор ретін-де 90-жылдары депутаттыққа сайландым. Бірден санақ комиссиясының төрағасы болдым. Ол кезде компьютер жоқ, 360 депутаттың дауысын ауызша санадық. Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған және бұдан да басқа тарихи шешімдердің соңында менің қолым тұр. Осылайша саясатқа келдім. Бірақ, маған жұмыс принциптері ұнамады, кетіп қалдым.
— Ұялы телефон ұстамайсыз…
— Иә, ұстамайтыным рас. Оның маған қажеті жоқ.
— Ал, теледидар, интернет ше?
— Интернеттен анда-санда электронды пошта қараймын, жастардың қазақтілді тақырыптық жобаларын қараймын. Ал, жұрттар сияқты «фейсбук», «твиттер» дегенге жоқпын. Бұлар мүмкін жастарға керек шығар, ал, маған мүлде қажеті жоқ. Теледидардан «Дискавери» каналын қараймын.
— Математика – дәлдікті, шапшаңдықты қажет ететін ғылым. Осы аталған қасиеттердің барлығы сіздің бойыңыздан табылады. Бұл кәсіби бейімделу ме, әлде туабітті қасиет пе?
— Оның қалай екенін мен білмеймін. Бірақ, ой қысып кеткенде тоқтауым қиын, ол кінәмді толық мойындаймын. Ал, негізінде уақытты үнемдеу-ді өте жақсы көремін. Екі-үш шаруаның басын қосып, бір-ақ жасағанды ұнатамын. Бір жерге бір жұмыс үшін бармаймын. Ал, бір аптаға шақырту алсам, мүлдем бармаймын. «Ортасындағы «дастархан басында бас-қосу» деген секілді тармақтарын алып таста, лекция оқуды көбейтіп, екі күнге ықшамдап, интенсивті жоспар құр, сосын шақыр» деп талап қоямын. Менің ырғағыма ілесетін адам болса, келісемін. Ал, керісінше болса, неге бір-біріміздің уақытымызды алуымыз керек, бірден бас тартамын. Принципім осындай.
— Бос уақытыңыз бола ма?
— Бос уақытымды да босқа өткізгім келмейді. Күн сайын орталық стадионға барып, суға түсемін. Бұл менің бос уақытым, демалысым болып есептеледі. Уақытымды текке өткізгім келмегендіктен тойға да бармаймын. Ол – «партсобрание». Артық қыдыру, босқа жүру – маған жат.
— Үйде қандайсыз?
— Оны жеңгелерің айтпаса, мен білмеймін.
— Ал, бала тәрбиесіндегі үлесіңіз ше?
— Мен балаларымды тәрбиелемеймін. Тек сабаққа апарып, алып келемін.
— Сол дұрыс деп ойлайсыз ба?
— Иә. Өйткені, бала еркін болуы керек. «Былай емес, олай. Ананы жасама, мынаны жаса» деу – дұрыс емес. Үлгі алумен өсуі керек. Мен арақ ішпеймін, темекі тартпаймын, босқа жүрмеймін. Тек жұмыс жасаумен отырамын. Балаларым соны көріп өсуде.
— Қандай арманыңыз бар?
— Идеяларым көп. Соларды дамытатын шәкірттерім аз. Бірақ, соңғы кезде шығып келе жатқан балаларым – өте білімді. Олар менен озады. Оған күмәнім жоқ. Солар озатын күнді көрсем, бірінші арманымның орындалғаны. Екіншісін кейін көре жатармыз.
— Егер сіз математик болмағанда қай салада жүруіңіз мүмкін еді?
— Ауылда шопыр, иә тракторист болатын едім. Себебі, әкем – шопыр.
— Қызықты әңгімеңізге көп рахмет!
Гүлжан ӘМІРОВА
Асқар ағамыз «Түнгі студияға» ұлы Медетпен келген, сонда ұлының да математик екенін байқадық, дәлірек айтқанда, әлі кішкентай бала ғой, сонда математикалық ойлауы мықты екенін байқатты есептер шығару кезінде, солай.