Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Мәрт мінезді аға

Atr.kz/28 маусым, 2019 жыл. Атырау журналистерінің алдыңғы толқын – аға буын өкілдері арасында есімін ел білетін, құрметпен аталатын әріптестеріміздің қатарында Ғайнолла Зинуллин де бар.

Олай деуіміздің себебі, осыдан бір жыл бұрын, жасы жоталы жетпісінен енді ғана асқан шағында өмірден өткен ағамыз с а н а л ы ғ ұ м ы р ы н журналистикаға арнады. Балықшы аудандық «Каспий таңы» газетінің редакциясында тілшіліктен басталған еңбек жолы әуелі облыстық радиода, кейіннен өлке баспасөзінің қарашаңырағы – облыстық «Атырау» газетінде жалғасты. Шаңырақтағы бес перзенттің бірі – Ғайнолланың бала кезден жазуға машықтығы, өлеңжырға ғашықтығы байқалатын.

Содан да шығар, мектеп, ауыл өмірінен жазған қысқа хабарлары мен түрлі тақырыптағы шағын мақалалары Балықшы аудандық «Каспий таңы», облыстық «Коммунистік еңбек» (бүгінгі «Атырау»), республикалық «Қазақстан пионері» газеттерінде жарияланып тұратын. Кейіннен С.Киров (қазіргі әл-Фараби) атындағы Қазақ ұлттық мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде оқып жүргенінде де Алматыдағы мерзімді басылымдар, радио редакцияларына барып, қызметкерлерімен араласып-құраласып жүретін.

Университеттің соңғы курсына көшкенде Ғайнекеңнің қызметке қабілеттілігі және қажеттілігі ескеріліп, облыстық радиоға жұмысқа шақырылады. Оқуын сырттай бөлімнен тәмамдайды. Осылайша, жиырма жылға жуық облыстық радиода тілші, редактор, аға редактор қызметтерін абыроймен атқарған ағамыз ауыл шаруашылығы саласынан шұғыл хабарлар мен түрлі жанрдағы материалдар дайындап ұсынатын.

– Бірде облыстық телерадио комитет төрағасы Әбуғали Ғабдуллин ағамыз шақырып алып, «Ал, Ғайнолла, тез жолға жинақтал, ертең Қызылқоға ауданына барасың», — деді.

Ойланып-толғанатын уақыт жоқ. Содан Мақатқа дейін пойызбен барып, одан әрі совхоздарға жем таситын машинаның құрама жем тиелген қорабына мініп, баратын жеріме әупірімдеп жеттімау, әйтеуір! Сол кезде Энгельс кеңшарының басшысы Сабыр Омаров ағамыз еді. Түн жарымында, тіпті сағат 3-тің шамасы болса керек, партком хатшысы Инамат Уәйісов ағайдың үйіне келдім. Ертесіне кеңшар директорына жолығып, шаруамды айттым. Орталықтан 30 шақырым жерде орналасқан «Жалын» комсомол-жастар шопандар бригадасына баруым керек. Үш күн бойына үздіксіз соққан қарлы ақ түтек боранда шаруашылықтың екі отар қойы ығып кеткен. Бригада мүшелері қоғамдық малдың шашауын шығармастан қайтарған. Мақсат – жастардың ерлікке пара-пар істерін паш ету, арнаулы репортаж дайындау.

Қиындығы молынан болғанымен, сәтті де мазмұнды материал әзірленіп, радиоэфир арқылы әуе толқынына шығарылды. Осы топтама Қазақ радиосынан да таратылды, — деп естелігімен бөлісетін еді Ғайнекең. Тоқсаныншы жылдардың басында Алматы жоғары партия мектебінің журналистика бөлімінде білімін жетілдіргесін Ғайнолла Зиноллаұлы еңбек жолындағы тұсауын кескен Балықшы аудандық «Каспий таңы» газеті бас редакторының орынбасарлығына тағайындалды. Бірер жылдан соң облыстық «Атырау» газеті редакциясына бөлім редакторы болып ауысты. Осы кезеңде Ғайнекең қай тақырыпты да ширатып жазатын, тәжірибесі, кәсіби біліктілігі мен шеберлігі толысқан кәнігі журналист ретінде жұртшылыққа кеңінен танылды.

Әсіресе, оның денсаулық сақтау саласына қатысты өзекті мәселелерді арқау еткен сын, сараптама мақалалары, медицина майданының майталмандары, ақ халаты мен арына дақ түсірмеген абзал жандар жайында жазған суреттемелері мен очерктері, оқиға ортасынан дайындаған репортаждары оқырмандардың талғамынан шығып отыратын. Еңбегі лайықты бағаланып, 2003 жылы Атырау облысы әкімінің Т.Амандосов атындағы сыйлығын иеленді. Өзге де мақтау-марапаттары аз болмады. Ағамыз отбасы, әулеті, ағайынтуысына, айналасына да қадірлі, өнегелі жан-тұғын.

Құдай қосқан қосағы Гүлнәр Мұғалқызымен екеуі ұлағатты ұрпақ тәрбиелеп, олардан өрбіген немережиендерінің ата-әжесі атанды. Жүрегінің сырқаты болса да сыр бермей, апамыз ауырып қалса, алдымен сол кісінің науқасынан тезірек айығып кеткенін тілейтін. Екеуі шынымен біріне бірі өмірлік серік еді. Амал нешік, пәни дүниедегі сыйластықтары қимастыққа айналды ма, арада жарты жылдан астам мезгіл өткенде отанасы Гүлнәр апамыз да бақилыққа аттанды.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button