
Мақаттық мұнайшы үздік еңбек адамы атанды
Қоғамның дамуы мен алға қарай өркендеуінде әрбір мамандықтың, әр еңбектің өз орны бар. Әсіресе, қарапайым еңбек адамдарының еңбегі ерекше құрметке лайық. Астана қаласында Жұмысшы мамандықтар жылына орай еңбек адамының қоғамдағы мәртебесін көтеру және “Адал адам — Адал еңбек — Адал табыс” атты бағдарламалық мақаласындағы ұлттық құндылықтарды кеңінен насихаттау мақсатында еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып жүрген азаматтардың арасында “Үздік еңбек адамы” республикалық байқауы өткен болатын.
Аталған байқауда бақ сынаған Атырау облысы Мақат ауданында мұнай саласында елеулі қызмет етіп жүрген Айболат Қапақов жеңімпаз атанып, І дәрежелі дипломмен марапатталды.
Мақат ауданы әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, Айболат Қапақов Доссормұнайгаз өндіру басқармасында 30 жылдан бері арнаулы көлік керуенінің жүргізушісі қызметін абыроймен атқарып келе жатқан білікті маман.
Ол өзінің табанды еңбегі мен біліктілігінің арқасында зор құрметке ие болып, бүгінде “Үздік еңбек адамы” төсбелгісіне ие болды.
Жалпы, мұнайшылар адал еңбегімен елдің экономикалық әлеуетін дамытуға ғана емес, өңірлердің әл-ауқатын жақсарту жолында аянбай еңбек етіп келеді. Осындай, өз кәсібін жетік меңгерген мамандар арқылы ұлт сапасы артып, еліміздің экономикалық әлеуеті одан әрі дами түсері анық.