Жаңалықтар

«Маңдай тер» — адал еңбектің өтеуі

Соғыстан оралмаған майдангердің ұлы, атакәсіпті мирас етіп, қой шаруашылығында қырық жыл еңбек еткен, қос орденнің («Ленин» және «Құрмет белгісі») иегері, республикаға еңбегі сіңген ауыл шаруашылығы қызметкері, өмірі аңыз, жасы тоқсанға таяған абыз ақсақал, Исатай ауданының Құрметті азаматы Жұмабай Мүтиев туралы «Маңдай тер» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Туындының авторы – есімі елге белгілі қаламгер, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, мемлекеттік қызметтің ардагері, өлке тарихын зерттеуші, «Мирас» өлкетанушылар клубының жетекшісі Мәди Өтеғалев. Еңбек адамын ұлығылауға арналған тағылымды шара оның туған жері, кең Нарынның бір шетіндегі Х.Ерғалиев ауылындағы мәдениет үйінде салтанатты жағдайда өтті.
Жасының ұлғайғанына қарамастан әлі күнге айтар ойынан жаңылмай, өңірдің қоғамдық өміріне белсене араласып, кейінгі буынның азамат болып қалыптасуына аянбай қол ұшын созып, парасат-пайымын, ақыл-кеңесін халқының келешегі жолына арнап, саналы да салиқалы ұрпақ тәрбиелеп, мәуелі бәйтерекке айналған ел ардақтысы – еңбек майталманының ғибратты ғұмыры баяндалған кітаптың таныстырылымына жиналған жұрттың қарасы қалың еді. Олардың бәрі де қарапайым адал еңбегімен абыройға бөленіп, бедел биігінен көрінген, бүгінгі күні ғұмырнамалық туындының басты кейіпкері болып отырған ел ағасын қошеметтеп, көрсетілген зор құрметке ризашылықтарын білдірді.

Кешке қатысқан аудан әкімі Нұрым Мусин жылы лебізге толы құттықтауын жолдады.
Адал еңбектің өтеуі іспетті жаңадан жарық көріп, қалың оқырманымен қауышқалы отырған кітап, оның басты кейіпкері мен авторы туралы ойларымен бөлісті. Олардың қатарында ұзақ жылдар бойы қос өзен аралығын қоныстанған қазыналы өңірді басқарған ел ағасы, еңбек ардагері, Исатай ауданының Құрметті азаматы Зұлбұхар Сүйнешев, Қамысқала ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған Бекболат Мусин, ауыл шаруашылығы саласының ардагері Владимир Зұлхашев, ауыл әкімі Рафиғат Тәжиденова және басқалары болды.
Көп кешікпей жаңа кітаптың тұсаукесер рәсіміне кезек берілді. Туындының кейіпкеріне бағышталған жыр жолдары оқылып, ауыл өнерпаздары әуелеген әндерімен, күмбірлеген күйлерімен көпшілікке рухани нәр сыйлаған кештің шырайын келтірді.

Дәулетқали АРУЕВ
Исатай ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button