МӘМС: мұндай жүйе қажет пе?
Байқаймыз, МӘМС-ке көпшіліктің өкпесі қара қазандай. Ол өзі піспеген, шикі, сұйық дүниедей көрінеді. Әлде оны біз түсінбей жүрміз бе? Әйтеуір, шырғалаңы көп жүйе. Бір қызығы, бірден керек дәрігеріңе баруға болмайды, алдымен терапевке жазыласың, жолдама аласың. Ол жолдаманы алу үшін бір жылдық сақтандыру төлемі төленуі қажет. Егер бір айы төленбеген жағдайда, терапевтің базасында сала дәрігеріне жолдама берілмейді. Сосын кезек күтеді, одан кейін қажетті маманға кіру үшін кезекте отырады, осылай шыр айналдырады. Аяғында ем-домың апталап созылып, ауырғаныңды ұмытып кетесің, немесе жекеменшік клиникалардың көмегіне жүгінуге тура келеді. Қалтаңнан ақша шығады.
Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды
Жуырда «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің отырысында Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың коммерциялық емес қоғамдық қоры Атырау облыстық филиалының жұмысы қаралды. Қор алдын ала қабылданған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жоспар бойынша жұмыс істеп келеді. Бұл туралы қордың Атырау филиалы директорының орынбасары Айнұр Стамғалиева егжей-тегжейлі баяндап берді.
Білгеніміздей, жоспар бойынша, қор өз бағдарламасын әзірлеп, бекітті. Ғимараттың бірінші қабатында жеке және заңды тұлғалардың өтініштері мен шағымдары үшін пошта жәшігі орнатылған. Ол жұмыс уақытында өтініштердің бар-жоғына үнемі тексеріліп отырады екен. Өткен жылы және жыл басынан бері хаттар да, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар туралы өтініштер де түспеген. Осылай есепті жұмыстарымен басталған жиынның сипаты өзгеріп, соңы дау- дамайға айналып кетті. Байқағанымыздай облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты мекемелердің МӘМС-ке өкпесі қара қазандай. Қалай болғанда да, қазақта «екі қошқардың басы бір қазанға сыймайтыны» бұрыннан бар.
Басынан бастайық, қор медициналық қызметтерге ақы төлеу үшін халықтан қаражат жинайтынын бәрі біледі. Ақша жалақыдан ұсталады. Ерікті аударымдар да, инфузиялар да халықтың белгілі бір топтары үшін қызметтерді төлейтін мемлекет есебінен келеді. Халық төлейді, бірақ толық және уақытылы қызмет ала алмайды. Мұндай жүйенің қажеті не?
Орталыққа қатысты шағым көп
Партияға «Аман-саулық» медициналық қызмет көрсету орталығының жұмысына қатысты наразылықтар көп түседі. Олар Нұрсая, Жұмыскер және Еркінқала шағынаудандарында тұратын тұрғындарға қызмет көрсету көлемін алады, бірақ өз міндеттемелерін орындамайды,-деді қоғамдық кеңестің төрағасы, қалалық мәслихат депутаты Қаршыға Жауымбаев.
Айтуы орынды, бұл туралы депутаттармен кездесуде де аталған шағынаудан тұрғындары бір емес, бірнеше рет арызданған. Сондай-ақ, жаңадан пайда болған жеке медициналық ұйымдар қордан бірден көп қаражат алады деген шағымдар бар. Мысалы, «Жарқын» оңалту орталығы бірден 325 миллион теңге алған. Ал, елу жыл бойы жұмыс істеп келе жатқан облыстық балалар ауруханасы небәрі 24 миллион теңгені қанағат тұтуға мәжбүр. Айталық, балалар ауруханасы бос кереуеттерге ие бола отырып, балаларды оңалтуға ала алмайды. Өйткені, бұл мақсаттар үшін қаражат шектеулі, ал «Жарқын» үш айда кезегі келіп, қаражатқа қолы жетіп отыр.
Ал, дәрігер, қоғамдық кеңестің мүшесі Айбек Ғабдуллин айтып өткеніндей, егер емделуден кейін уақытылы оңалту рәсімдері жүргізілмесе, адам өмірлік функцияларын біржола жоғалтып, мүгедек болып қалуы мүмкін.
Жарақаттан кейін, мысалы, қалпына келтіру процедураларын үш аптадан кешіктірмей бастау керек. Содан кейін сүйектер біріктіріліп, қайтымсыз процесс жүреді,-деді А.Ғабдуллин.
– Ал егер сіз «Жарқын» орталығына келсеңіз, онда бірнеше айлап кезекке тұрасыз. Бұл аралықта бір тұрғын мүгедек болып қалғаны бар. Арызданғанымызбен, ол адамның денсаулығы енді қалыпқа келмейді, — деді дәрігер.
Бұл мәселе бойынша қор өкілдері түсініктеме берді. Соманы бөлу порталдағы өтінімдерден келеді. Онда кімнің және қандай жұмыс көлемін орналастырғаны, ең бастысы – мамандардың көбірек болуы басты назарға алынады екен.
Комиссия құрамында кімдер бар?
Айтпақшы, қаражатты бөлумен құрамына негізінен экономистер, заңгерлер мен қаржыгерлер кіретін қор филиалының жанындағы арнайы комиссия айналысатын көрінеді. Оның қатарында бірде-бір халық қалаулысы немесе қоғам белсендісі жоқ. Өйткені, олардың ойынша, бұл жерде әңгіме ақшада, сол себепті де қор жанындағы комиссияда осы «есепке мықтылар» болуы қажет екен. Жиында комиссия құрамына депутатты қосу ұсынылды.
Қоғамдық кеңес мүшелері мен медициналық мекемелердің шақырылған директорлары қордың тұрақты айыппұлдарынан көз ашпайтындарын айтып, шағымданды. Сонымен қатар, қор тарапынан бұзушылықтар, атап айтқанда аударымдарды үш және одан да көп айға кешіктіру нормаға айналып кеткенін айтып отыр. Бұл ретте қор қызметкерлері ешқандай жауапкершілікке тартылмайды екен.
Айыппұлдарға уақытша мораторий қоюды ұсынамын. Өйткені, қордың өзі ақшаны үш айға кешіктіріп аударады,-деген облыстық кардиологиялық орталығы директорының міндетін атқарушы Сандуғаш Жұмағалиева пандемия кезінде олардың орталығы мүлдем бейінді емес іспен айналысқандарын, жүрекке операция жасаудың орнына инфекцияларды емдегендерін айтты. Соның нәтижесінде пандемия FOMS есебінен жойылғаннан кейін жабуға уәде етілгенімен, жабулы қазан сол күйі жабулы күйінде қалыпты. Уәде етілген қаражат та, бақыр да жоқ. Нәтижесінде қарызға белшелерінен батқан көрінеді. Қазір кардиоорталықта жалақы төлеуге және коммуналдық қызметтерді жабуға ғана қаражат жеткілікті. Шеберлік-кластары, жабдықтар сатып алу туралы айтудың қажеті жоқ.
Ақылға қонымсыз жауап
Бір сөзбен айтқанда, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі кеңестің екі сағаттық отырысы облыстық денсаулық сақтау және медициналық сақтандыру қорының бір-біріне деген талаптарына ұласты. Өкінішке қарай, Атырау облыстық қорының директоры болмаған кезде оның өкілдері ақылға қонымды жауап бере алмады. Директордың орынбасары Айнұр Стамғалиева жақында ғана декреттік демалыстан жұмысқа шығып, осы уақытқа дейін істі зерттемегенін айтып ақталды. Қалай болғанда да, біз екі негізгі медициналық ұйым арасында үйлесімді жұмыс жоқ екенін байқадық. МӘМС те, облыстық денсаулық сақтау басқармасы да өздерін ақтауға бейім. Әркім өз шындығын айтып, тартысады. Ал, жапа шегетін қарапайым тұрғын, сақтандыру үшін ай сайын тиісті соманы аударатын, бірақ оларға уәде етілген тиісті көмекті ала алмайтын ел азаматы.
Жиынды қорытындылаған «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңес төрағасы Қаршыға Жауымбаев қор жұмысындағы кемшіліктерді көрсете отырып, Денсаулық сақтау министрлігіне хат дайындауды және министрдің атына жіберуді ұсынды.
МӘМС жүйесі елге сапалы ақылы медициналық қызмет көрсету үшін бе, әлде мемлекеттің қазынасын толтыру үшін ойлап табылған жүйе ме?
Рита ӨТЕУҒАЛИ
Сурет: gov.kz