Маман масаға қарсы препарат ұсынды
Мемлекет басшысының аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес биылғы жылдың 8 сәуірінен бастап Атырау қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы шеңберінде жұмыстар жүргізілуде.
Акцияның мақсаты – елді мекендердің көшелерін тазарту, ағаш отырғызу және аумақтарын абаттандыру, қоршаған ортаның ластану мәселесіне тұрғындардың назарын аудару, тазалықты сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру.
Осы акция аясында маусым айында (8,29) 2 рет сенбілік өткізіліп, тазалық жұмыстарына қала және қалаға қарасты ауылдық округтер бойынша 6 мыңға жуық адам қатысып, 27 тонна қоқыс полигондарға тасымалданып, 28 техника жұмылдырылды. Бұл туралы облыстық комиссия отырысында Атырау қаласы әкімінің орынбасары Тілек Махуов айтып берді.
Тазалық жұмыстары үшін қала аумағы 13 аумаққа бөлініп оған қала әкімдігіне қарасты бөлімдері бекітілді. Жеке секторда орналасқан тұрғын үйлер иелеріне өз аумақтарын таза ұстап, шарбақ сыртындағы әртүрлі құрылыс материалдары, топырақ, жиналған темір қалдықтар, шөбін шабу жұмыстары бойынша түсіндірме жұмыстары жүргізілуде және учаскелік полиция арқылы ҚР ӘҚБтК 505 бап бойынша 544 әкімшілік хаттамасы толтырылды. Оның ішінде 493 әкімшілік хаттамаға ескерту жазасы бойынша. 50 хаттамаға 2,5 млн.теңге көлемінде айыппұл салынды.
Одан бөлек күн сайын «Спецавтобаза» ЖШС тарапынан қала бойынша көшені жуу, аялдамаларды жуу, алаңдар мен аллеяларды күнделікті тазалау, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін тазалау, көше бойындағы арықтарды су мен қоқыстан тазарту (Азаттық даңғылы, Тайманов даңғылы, Сәтбаев даңғылы, С.Бейбарыс даңғылы, Құрманғазы көшесі (к-сі), Махамбет көшесі, С.Датов к-сі, Әуезов к-сі, Ғұмаров к-сі, Абай к-сі, Уәлиханова к-сі, Бергалиев к-сі); Жайық өзенінің жағалауын су тасқыны кезінде шайып кеткен бөренелер мен ағаштардан күнделікті тазалау, контейнер алаңына дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстарға 70 жуық техника,400 жуық адам жұмылдырылады.
Қуаттылығы жылына 150 мың тонна жаңа қатты тұрмыстық қалдықтар полигонының жобасын жасақтау 2016 жылы бастау алған. Алайда жобалау жұмыстары түрлі себептерге байланысты ұзаққа созылған. №15-0029/21 сараптаманың оң қорытындысы 2021 жылдың 5 ақпанда алынған. Жобалаушы мекеме «Полиграм» ЖШС.
Құрылыс монтаждау жұмыстарының мемлекеттік сатып алу конкурсы 2024 жылдың басында рәсімделіп, 2024 жылдың 2 ақпанында «Батыс Строй Сервис – Атырау» ЖШС жеңімпаз болып анықталған.
Келісім шарт 2024 жылдың 8 сәуірінде тіркелген. Мердігер мекеме
тарапынан аталмыш жобаның шұғылдығын ескере отырып, қазу жұмыстары басталды. Қазба жұмыстары басталуымен жер асты суының жобада көрсетілген деңгейден бірнеше есе көтерілгендігі анықталды.
Сонымен қатар жобада көрсетілген технологиялардың ескіргенін ескеріп және жергілікті халықтың көбейуіне байланысты қуаттылықты жылына 150 мың тоннадан 200 мың тоннаға көтеру қажеттілігі белгілі болды.
Аталған мәселелерді басшылыққа алып мердігер мекеме тарапынан жобалау сметалық құжаттамасына түзетулер енгізу бойынша хат жолданды. Қазіргі таңда ЖСҚ түзетулер енгізуге құжаттар жасақталуда. Облыстық бюджеттік комиссияның шешімі күтілуде.
Атырау қаласын масаға қарсы дезинсекция жұмыстарын жүргізу мақсатында ашық электрондық конкурс жарияланып, жеңімпаз болып «AG Disinfection services» ЖШС мердігер мекеме болып танылды. Кестеге сәйкес қала бойынша 1234 көп қабатты тұрғын үйдің жер төлелері мен кіреберістеріне дәрілеу жұмыстары жүргізілуде.
Қосымша топтар бекітілген кестеге сәйкес кешкі 21.00-02.00 ге дейін 6 дана арнайы автокөлікпен (газель автокөлігі желдік генератормен қамтылған) қала көшелерін, жасыл желектер мен саябақтарды құрайтын аумақтарға дезинсекциялық жұмыстарын жүргізеді.
Маусым айында қала көшелерін арнайы энтомолог мамандарының ұсынған «Агран» «Циперметрин» дәрілері мен масаға қарсы улау жұмыстары жасалды. Сонымен қатар шілде айынан бастап маса көбеюіне байланысты арнайы шақырылған маманның ұсынуы бойынша «Фоскон-55» деп аталатын жаңа препарат қолданылып отыр. Жұмыстарды бақылау үшін әкімдік мамандарымен кезекшілік жүргізілуде. Яғни препараттың құйылуы, пайдалану мерзімі бақылануда, — деді баяндамашы.
Комиссия отырысында электр жарығы бойынша да баяндама жасады. Тілек Махуовтың айтуынша, бүгінгі күні тұрғындардың өтінішіне сәйкес «Атырау жарық» АҚ өкілдерімен бірлескен жұмыс нәтижесінде 40 дана КТПнГ орнату орыны анықталынды. 30 данасын қою жоспарлануда, қалған 10 данасы резервте тұрады.
Қала бойынша көше жарықтандыру жұмыстары бойынша осы уақытқа дейін мемлекеттік жекешелік әріптестік жоба аясында 1 этап 77 көше, 2 этап 218 көше, 3 этап 21 көше,4 этап 188 көше, 5 этап 382 көшенің күні бүгінде 186 көшеге жарықтандыру құрылыстары аяқталды. Жыл соңына дейін қалған 195 көшені жарықтандыру аяқталады. Аталған 5 этап (МЖӘ) бойынша 886 көше жарықтандырылды. Осы уақытқа дейін бұрыннан жарықтандырылған көшелер (көше, көпір, үйлер ауласы, парктер, саябақтар т.б. нысандар) саны 303. Мемлекеттік жекешелік әріптестік жобасының 6 кезеңімен 454 көшені жарықтандыру жоспарланып отыр.
Әрі қарай Атырау қаласы бойынша арам шөптерден және қамыстардан тазалау, ойын алаңдарын күтіп-ұстау және көгалдандыру мәселелері де сөз болды.
Рита ЖАЙҒАЛИҚЫЗЫ,
суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ