Мал өлекселері жойылуда
Қызылқоға аудандық төтенше жағдай жөніндегі жедел штабтың ұйымдастыруымен өңірде су тасқынының салдарынан өлген малдың өлекселерін жинау және жою жұмыстары жүргізілуде. Бұл жөнінде аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осыған байланысты арнайы құрылған комиссияның мәліметінше, жеке қожалықтардың иелігіндегі 250 малдың шығынға ұшырағаны анықталған. Оның 129-ы мүйізді ірі қара, 47-сі ұсақ мал, 73-і жылқы және біреуі түйе.
Жауаптарды тұлғалардың түсіндіруінше, қазір тіркелген мал өлекселері бекітілген биологиялық қағидаға сәйкес арнайы қазылған шұңқырларға тасталынып, өртелуде. Тиісті санитарлық залалсыздандыру шаралары алынып, ережелердің қатаң сақталынуы қадағалануда. Бұл жұмысқа негізінен аудандық ветеринариялық стансаның мамандары, ауылдық округтердің әкімдері, шаруа қожалықтары мен жеке қосалқы шаруашылықтардың иелері жұмылдырылған. Күні бүгінге дейін барлығы 182 малдың өлексесін жою жүзеге асырылған.
Бұған қоса, аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының тарапынан қауіпті аурулардың белең алып, таралуына жол бермеу мақсатында профилактикалық шаралар қолға алынған. Бірінші кезекте ауыз су тұтыну бойынша әлеуметтік желілер арқылы ескертпе жасалынған.
Айта кету керек, осы уақытқа дейін тұрғындардың жұқпалы ішек ауруларына шалдығу дерегі тіркелген жоқ.
Дәулетқали АРУЕВ
Қызылқоға ауданы