Жарнама
Жаңалықтар

Мал ауырса, жан ауырады

Жыл сайын жүйелі түрде жүргізілетін екпе, аула-қораларды залалсыздандыру, аурушылыққа байланысты жарияланатын шектеу мен оқшаулау сияқты кешенді шаралар әлі де болса күткендегідей нәтиже бермеуде. Тіпті, карантин жарияланған елді мекендердің өзінде мал арасында кездесетін жұқпалы аурулар қайталап бой көтеруде.

Мал ауырса, жан ауырады

Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Атырау облыстық аумақтық инспекциясы басшысының орынбасары Сұлухия Бисенованың айтуынша, әр жылы мал арасында тіркелетін ауру түрлері де өзгеріп, алмасып отырады. Мәселен, 2016  жылдың шілде айында облыс бойынша 7 мыңға жуық мал (негізінен мүйізді ірі қара) нодулярлы дерматит дертіне шалдықса, оның 1068-і өлген.

Осы жылдың маусым айынан бастап облыста сақау ауруының індеті таралуда. Белгілі болғанындай, аурудың бұл түрі жылқы малының арасында кездесуде. Ал, оның дәл белгісі, шығу себебі туралы нақты айтуға ертелеу екен. Осыған байланысты қазіргі уақытта лабораториялық зерттеу жұмыстары жалғасуда. Бұдан бөлек, мал арасында жиі ұшырасатын пастереллез ауруы да біздің облыстың аумағын айналып өтпеді. Күні бүгінде оның ошағы толықтай жойылған.

Жыл сайын ауру түрлерінің өзгеруіне қарай олардың тізілімі де жаңарып отырады. Дегенмен, солардың қатарынан қашан да  бруцеллез ауруының қалмайтынын  тәжірибе дәлелдеуде. Мәселен, тек өткен жылдың өзінде облыста 669 бас мүйізді ірі қара мен 2902 бас ұсақ  мал бруцеллезге шалдыққан. Олар оқшауланып, түгелімен қасапқа жіберілген. Сол сияқты, биылғы жылдың алғашқы жартысында бұл ауру тағы да 660-тан астам мүйізді ірі қара мен 2000-ға  жуық ұсақ малды қамтыған. Салыстырып қарағанда, есепті мерзімде аталған ауру саны жағынан сәл азайғанымен, деңгейі жөнінен әнебір төмендей қоймағандығы  аңғарылады.

Көп жылдан қой тұқымын асылдандырумен айналысып келе жатқан белгілі ғалым-селекционер, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Елемес Абдошевтың түсіндіруінше, мұның басты себебі мамандар мен мал иелерінің жауапсыздығында болып отыр.

–Мал ұстайтын адамдардың көпшілігі бруцеллез ауруының белгілері біліне бастаған кезде  оны ветеринар-дәрігерлерге айтуға асықпайды. Керісінше, егер малы өліп қалса, орнына мемлекеттен өтемақы болар ма екен деп дәмеленіп, күтумен уақыт өткізеді. Соның салдарынан  ауру малды оқшаулау мен союға өткізу шаралары да тиісті мерзімінен кешіктіріледі. Ал, осы уақытта бруцеллез басқа малдарға жұғып, әрі қарай таралуына жол ашылады. Осындай салғырттыққа жол берілмесе, бұл жалпы алғанда азайтып, жоюға болатын ауру, — дейді ғалым.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдарында сала мамандарының күшімен облыс аумағында бруцеллездің ошағы жойылған. Ол кезде мал кеңшарлардың иелігінде, яғни, мемлекеттің меншігінде болатын. Сол себепті де, барлық профилактикалық, емдеу шаралары жоспарланып, орындалысы қатаң бақылауда ұсталатын. Бүгінде ондай жұмысты ұйымдастыру оңай емес. Сонымен қатар, жаппай екпеден өткізу жұмыстары еліміздің барлық аумағында  бірдей, бір мезгілде жүргізілуі қажет. Мұның өзі сайып келгенде, жұқпалы аурудың көрші облыстардың аумағынан бері өтіп, біздің жерімізде таралмауына, ауру малдан сауына берілмеуіне септігін тигізеді.

Кезінде  облыстың ветеринария қызметіне басшылық жасап, оған қоса мал ауруларын есепке алу мен зерттеу жөніндегі эпизоотиялық жасақты басқарған,  қазірде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде студенттерге дәріс беріп жүрген Мәди Қибасов та мәселеге қатысты ой-пікірімен бөліскен болатын.

Бүгінгі таңда бізде жүргізілетін эпизоотияға қарсы күрес жұмыстарының сапасы сын көтермейді. Оның үстіне, вакцинациялау, яғни, жаппай егу жұмыстарының да толыққанды атқарылатындығына күмәндімін. Біріншіден, қанша жерден базаға енгізіліп, түгенделгенімен, қолдағы малдың  дәл есебі жоқ. Өйткені, түрлі себептермен иелері малын шаруашылық кітабына түгелдей тіркетпейді. Екпе жұмыстарын да олардың өздері өткізуі немесе соған мүдделі болуы тиіс. Мұнда да әртүрлі себептер алға тартылып, жұмыстың тиянақты атқарылмай қалуы ықтимал. Осындай жағдайларды ескерсек, бруцеллезбен ауырған малдың  дер мезгілінде оқшауланатындығына да кепілдік беру қиын. Бұның бәрі жинақтала келе, аурудың азаймауына әкеліп соқтыратындай.

Дәулетқали  АРУЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button