МАҚСАТ АЙҚЫН, МІНДЕТ ЗОР
Жеке кәсіпкер Аманжол Ғаббасов Азғыр өңіріне қарасты Сүйіндік селолық округіне «көгілдір отын» жүргізуге ықпал етуді сұрады. Тұрғынның тілегін тыңдаған облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы осы мәселе бойынша қаражат бөлініп, құжаттарының дайындалып жатқанын жеткізді. Газ құбыры желісі Балқұдық, Сүйіндік және Қошалақ селолық округтерінің тұсымен өтіп, жолдағы елді мекендерді қамтитын болады.
Сол секілді Ганюшкин селосының тұрғыны Жұмазия Төлегенова сұлулық салонын ашып, жеке кәсібін бастау үшін құрал-жабдықтар алуға 3 миллион теңге қажеттігін айтады. Аймақ басшысы аудан әкімі Амангелді Барақатовқа «Жұмыспен қамту — 2020» бағдарламасы бойынша тұрғынға көмектесіп, шешімін табуды тапсырды. Аймақ басшысының қабылдауында басқа да тұрғындар болды.
* * *
Одан соң облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Құрманғазы ауданының әкімі Амангелді Барақатовтың тұрғындар алдындағы есеп беру жиынына қатысты.
Өткен жылдың әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы туралы есеп берген Құрманғазы ауданының әкімі қол жеткен мерейлі істері жөнінде баяндады.
Құрманғазылықтар үшін ауыл шаруашылығы басты тіршілік көзі болып табылады. Өңірдегі асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын «Рсай» шаруа қожалығы, «Сүйіндік», «Ақжонас» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері мен «Мақаш», «Құрманғазы» өндірістік кооперативтерінде 30421 бас асыл тұқымды еділбай қойы, 286 бас асыл тұқымды қазақтың айыр өркешті түйелері және 576 бас асыл тұқымды қазақтың жабы жылқылары өсіріледі.
Өңір халқы үшін балық шаруашылығы да – негізгі атакәсіптің бірі. Аудан басшысының баяндамасынан білгеніміздей, өткен жылы балық аулауға 5052,6 тонна лимит бөлініп, оның 3691 тоннасы ауланған. Ауланған балықтың 80 пайызы, яғни 2953 тоннасы шаруашылықтардың өз цехтарында өңделіп, дайын өнім ретінде шығарылған.
Аудан бойынша жоғары технологиялық өндірістерді іздестіру мақсатында 35,0 млн. теңге несие қаражаты есебінен «Ганюшкин егін өнімдері» ЖШС «Сүт өнімдерін дайындап, өңдейтін цех» зауытын іске қосты. Серіктестік сүт өнімдерінің алты түрінен 37 тонна өнім шығарды. Сонымен қатар, аталған мекеме жыл ішінде 25 тонна жүн дайындады. «Талап» кірпіш зауытының базасында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жергілікті құрылыс материалдарынан (саз) тәулігіне 180 текше метр керамзит шығару зауыты іске қосылды.
Одан әрі ауданның инфрақұрылымдық дамуына тоқталған аудан әкімі Амангелді Кеңесұлы өткен жылы «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңберінде су жүйесі мен су тазарту қондырғысын реконструкциялау және құрылыс жұмыстары бойынша 18 нысанның құрылыс және қайта жаңғырту жұмысы жүргізілгенін айтты.
Биылғы жылыкөптен шешімін күтіп жүрген Дәулеткерей – Алға тас жолы құрылысының басталуы да мақаштықтар үшін жағымды жаңалық болды.
Жарыссөзге қатысқан Мақаш ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Өтеулі Хасанов жол құрылысының басталуына қаржы бөліп, жағдай жасаған облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлына алғысын білдірді. Сол сияқты, Құрманғазы ауданының Құрметті азаматы, аудандық «Серпер» газетінің бас редакторы Таңатар Дәрелов Елбасы саясатын лайықты жүзеге асырып отырған облыс, аудан басшыларына ризашылығын жеткізді. Ал, Ганюшкин мектеп-интернатының директоры Орынша Құмарғалиева өңірдегі білім ошақтарына мемлекет, облыс, аудан тарапынан материалдық қолдаулар көрсетіліп отырғанын айтып, алда да ел сенімінен шығу үшін аянбай еңбек ететіндіктеріне сендірді.
Өткен жылдағы әлеуметтік-экономикалық даму және оны одан әрі жетілдірудің міндеттері мен негізгі бағыттары жөнінде өткенді безбендеп, алдағыны айқындаған жиын барысында тұрғындар көкейлеріндегі сауалдарын жолдап, түйіні тарқатылмай отырған мәселелерді аймақ басшысы Б.Ізмұхамбетовтің назарына ұсынды.
Құрманғазылықтардың тілектерін тыңдап, жиынды қорытындылаған облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов көтерілген мәселелердің кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтып, аудан басшылығына бірқатар міндеттер жүктеп, тапсырмалар берді.
2014 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫЛАРЫ:
АУЫЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ
* Ауданның барлық меншік нысандары 11636,8 тонна ет, 11571 тонна сүт және 144,6 мың дана жұмыртқа өндіріп, алдыңғы жылмен салыстырғанда ет – 98, сүт – 100, жұмыртқа 93,1 пайызды құрады.
* Мүйізді ірі қара – 50005, қой мен ешкі – 170499, жылқы – 14171, түйе 4891 басқа жеткізілді немесе 2013 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 13%, қой мен ешкі – 7,9%, жылқы 9,2% артық, ал, түйе 1,3%-ға төмендеген.
* Өткен жылы 677,5 гектар жерге егін егілді. Барлық егіс көлемінің 217,5 гектары – көкөніс, 408 гектары – картоп және 52 гектары – бақша дақылдары. Егілген егіннің 588,1 гектары жиналды.
КӘСІПКЕРЛІК
Аудан бойынша 2014 жылдың қорытындысымен шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2118 болып, 2013 жылмен салыстырғанда 152 бірлікке көбейген. Ондағы жұмыс жасайтын адам саны есепті мезгілде 3272 болып, 2013 жылдың есепті мерзімімен салыстырғанда 97 адамға өскен.
2014 жылы шағын кәсіпкерлікке қатысты сегіз дүкен, 416 шаршы метр құрайтын бір сауда нарығы, 267 шаршы метр құрайтын екі қойма ғимараты, 270 шаршы метр құрайтын бір әкімшілік ғимарат, 1763 шаршы метр құрайтын үш тойхана, 186,7 шаршы метр құрайтын төрт тегершік жөндеу шеберханасы іске қосылды.
ӘЛЕУМЕТТІК САЛА
Ауданда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушылардың саны жылдан жылға азайып келеді. 2013 жылдың қорытындысымен аудан бойынша 223 аз қамтылған отбасыларындағы 1183 адамға 25329,7 мың теңге төленсе, өткен жылдың есепті кезеңінде 28336,4 мың теңге 201 отбасындағы 1110 адамға төленді. Нәтижесінде, атаулы әлеуметтік көмек алушылар отбасы саны 22-ге және 73 адамға азайды.
ИНФРАҚҰРЫЛЫМ
Өткен жылы 9169 шаршы метр құрайтын 59 тұрғын үй тұрғындардың қаржысы есебінен салынып, пайдалануға берілді. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 1,3 пайызға артық.
«Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасына сәйкес Қадір-2 мөлтекауданынан 5 га құрайтын жер учаскесі бөлініп, үш қабатты 60 пәтерлік тұрғын үй құрылысы басталып, жұмыстары жүргізілуде.
Аймақ басшысының тапсырмалары:
Ауданның ауыл шаруашылығы саласында бірқатар жұмыстар атқару;
1. Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту, шаруаларды қолдау бағытындағы жұмыстарды күшейту;
2. Егін көлемін озық технологиямен ұлғайту шараларын алу;
3. Ауданда жылыжай шаруашылығы дамымаған. Сондықтан, осы жұмыстарды қолға алу;
4. Сәбіз, қырыққабат және қызылша өнімдерін тасымалдауды жолға қою;
5. Нан бағасын тұрақтандыру;
6. Ауданда балық шаруашылығын дамыту үшін балық өсіруге тоған шаруашылықтарын салу қажет. Сонымен бірге, ауданда қаз-үйрек өсіруге мол мүмкіндік бар, осы жұмыстарды жүзеге асыруды қолға алу;
7. Өткен жылыаудандағы уақ малдың 41 пайызы ғана бірдейлендірілген. Осындай кемшілікке жол берген жауапты қызметкерлерге шара қолдану;
-Кәсіпкерлікті дамыту бағытындағы жұмыстар баяу жүргізілуде, жандандыруды қолға алу;
— Ауданда Индустрияландыру картасы шеңберінде екі жоба жүзеге асып жатыр. Оның өзі де облыс әкімдігінің тікелей бастамасымен іске асты. Сондықтан, аудан әкімдігі осы бағыттағы жұмыстарға ерекше ден қойып, қолға алу;
-Аудан басшысы ауыл кәсіпкерлері арасында түсінік, насихат жұмыстарын жүргізіп, қарқынды жұмыстар атқаруы қажет;
-Ауданда жекеменшік бірде-бір балабақша жоқ. Кәсіпкерлерді ұйымдастыра отырып, 2015 жылы бір немесе екі жекеменшік балабақша ашу ісін қолға алу;
— Қазіргі уақытта ауданға тоғыз дәрігер жетіспейді. Осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру;
— Энергия үнемдеу саясатын іске асыруға арналған кешенді жоспардың орындалуын қамтамасыз ету;
— Аудан бойынша жер инспекциясымен бірлесе отырып, осы кезеңге игерілмеген 12,2 мың гектар ауыл шаруашылығы жерлері мен жеке тұрғын үй және коммерциялық мақсаттағы 121 жер учаскесін қайтару шараларын алу.
Рита ӨТЕУҒАЛИ, Қанат ҒҰМАРОВ.
Құрманғазы ауданы.