Махамбет ауданында – жаңа әкім
Дүйсенбі күні облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Махамбет аудандық мәслихатының кезектен тыс сессиясына қатысты.
Аймақ басшысы депутаттарға Махамбет ауданы әкімінің қызметіне Әлимұхаммед Құттымұратұлының кандидатурасын ұсынды. Депутаттар облыс әкімінің бұл ұсынысын бірауыздан қолдады.
Әлимұхаммед Құттымұратұлы 1983 жылы туған. 2007 жылы Қ.Жұбанов атындағы мемлекеттік университетті, 2012 жылы Қазақстан-Ресей халықаралық университетін тәмамдаған. Экономист, заңтану бакалавры.
Еңбек жолын 2004 жылы «Ара-А» ЖШС-де жабдықтаушы болып бастады. 2008-2010 жылдары – Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының бас маманы, экономика және бюджетті жоспарлау мәселелері бойынша бас маманы. 2010-2012 жылдары Батыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының жалпы бөлімінің меңгерушісі, кейін Орал қаласы әкімінің орынбасары. 2012-2013 жылдары Атырау облысы әкімі аппаратының басшысы. 2013 жылдан 2016 жылға дейін Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы.
Жиында Нұрлан Асқарұлы осыған дейін ауданды басқарған Әлібек Нәутиевке атқарған қызметі үшін ризашылығын білдіріп, жаңа әкім Әлимұхаммед Құттымұратұлының жұмысына сәттілік тіледі.
Бұдан кейін Махамбет ауданының жаңа әкімі Ә.Құтты-мұратұлы сөз сөйлеп, өзіне көрсетілген зор сенімге ризашылығын білдіріп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына өзінің білімі мен тәжірибесін, бар күш-жігерін жұмсайтындығын айтты.
Өз тілшіміз.