Махамбеттік кәсіпкер жүн өңдеу цехын ашып, халыққа отандық өнім ұсынып келеді
Махамбеттік Амангүл Жұмағұлова 2020 жылы «Бизнестің жол картасы 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың бағдарламасы шеңберінде 2 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаражатқа ие болып, жүн өңдеу цехын іске қосты, деп хабарлайды Махамбет аудандық әкімдігінің баспасөз қызметі.
Аудан орталығынан ашылған «Дәулет» жүн өңдеу цехы тұрғындарға таза табиғи жүннен жасалған көрпе-көпшік өнімдерін ұсынып отыр. Мамандығы педагог, үш баланың анасы Амангүл жүнді өңдеу техникасын анасынан үйренгенін айтады.
-Анам өте шебер адам болды. Жүн жуып, тоқыма тоқып, сырмақ сырып, көрпе тігіп, киіз басатын. Бала күнімнен осы еңбекті көріп өстім. Әкем өмірден ерте өткен соң, анама көмектесіп, қолқабысымды тигіздім. Есейгесін педагог мамандығын алып, ол бойынша жұмыс жасай жүріп, көрпе тігуді де қолға ала бастадым. Шағын көрпелерден бастап, қыз жасауын тігетін дәрежеге жеттім. Тіккен өнімімді сатып, табыс көзіне айналдырдым. Шаруа қожалықтарында малдың жүнінің тектен-текке қоқысқа кетіп жатқанын көргенде, жүн өңдейтін жеке шеберханамды ашу туралы ой келді. Бастапқыда жолдасым мен балаларым көмектесті. Кейін қарамағыма 2 жұмысшы алдым. Бұған қоса үйренуге ниетті оқушыларға бос уақытымда жүнді өңдеуді және көрпе тігуді, құрақ оюды үйретіп жүрмін. Болашақта шеберханамды кеңітіп, жұмысшы күшін көбейтіп, жүннен жіп шығаруды және киіздің заманауи түрлерін басып шығаруды ойластырып жүрмін. Мақсатым – халықты отандық өніммен қамтамасыз ету, деді кәсіпкер.
Айта кетейік, Амангүл Жұмағұлова 2021 жылы аудан бойынша «Үздік кәсіпкер» атағына ие болған еді.