Махамбетте балық тұншығуының алдын алу жұмыстары жүруде

majna4 Жаңалықтар

Махамбет ауданында жауапты сала мамандары мен табиғат жанашырлары қатқан мұзды ою жұмыстарын жүргізуде. Бұл – су астындағы балықтардың тұншығуының алдын алудың бірден-бір жолы. Қазір дәл осындай жұмыстар облыстағы су айдындарының барлығында да жүргізіліп жатыр.

Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының ұйымдастыруымен, тиісті мекемелер мамандарымен бірлесе отырып, аудан көлеміндегі 6 су айдынында ойық ою жұмыстары қызу жүруде. Мамандар алдымен қолда бар техникаларымен мұзды квадрат пішінде ойып алады. Ойық көлемі – 2х3 метр. Кейін жан-жағын қауіпсіздік мақсатында лентамен орайды да, белгі орнатады. Бұл жұмыстар Алға, Ортақшыл, Ақжайық ауылдық округтеріне қарасты Қоржын, Алмағамбет, Қызыл-Жар, 8-ауыл, 13-ауыл, 15-ауыл көлдерінде жүргізілуде.

– Қаңтар айынан бастап ауданға қарасты ауылдық округ әкімдерінің ұйымдастыруымен ауыл маңындағы көлдерде үкі, майна ою жұмыстарын жүргізе бастады. Су айдындарының судағы ерітілген оттегі мөлшері тексерілді және судың гидрохимиялық сараптамасына сынамалар алынды. Көлдердегі мұз құрсауының орташа қалыңдығы 30-35 см болса, ерітіліген оттегінің мөлшері 17-19 мг/л көрсетті. Бұл көрсеткіш – балықтардың  тіршілігіне қолайлы. Жасалған жұмыстар жергілікті атқарушы орган өкілдері мен біздің бөлімнің бақылауында болады,-дейді Махамбет балық инспекциясы бөлімінің басшысы Б.Сұпығалиев.

Мұз ою жұмыстарымен балық шаруашылығына қарасты мекемелер ғана емес, жергілікті атқарушы орган өкілдері де айналысады.

ҚАЗБЕК АЙТҚАЛИЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз