Махамбет және Алға: Жайық жағалауында не болып жатыр?
Махамбет ауданына қарасты Махамбет және Алға ауылдарында Жайық өзені жағалауын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Басты мақсат – су тасқынының және жағалаудың толқын суынан шайылып кетуінің алдын алу, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінде жағалау бойына арнайы бетон блоктар қойылып, қиыршық тас және гидрооқшаулағыш материалдар төселіп, су деңгейін бақылау үшін қосымша инженерлік құрылымдар орнатылып жатыр. Махамбет ауылы бойынша жұмыстың 65%-ы, Алға ауылында 30%-ы орындалды.
-Бұл жобаның іске асырылуы мен құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуі аудан әкімдігінің қадағалауында. Қиыршық тасты төсеу әдісі су эрозиясына төзімділікті арттырып, жағалаудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Топырақты нығайту арқылы тас төселгеннен кейін жағалауды абаттандыру және көгалдандыру шаралары қолға алуды жоспарлап отырмыз. Жұмыс барысында тұрығындарға зиянсыз, экологиялық қауіпсіз әдістерді пайдаланудамыз,- деді Махамбет аудандық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ерлан Жұмашев.
Жаға бекітуден бөлек Махамбет ауданының Махамбет, Бақсай, Сарайшық, Бейбарыс, Есбол, Ақтоғай ауылдарындағы Жайық өзені бойындағы 28 шақырым бөгет нығайтылып, 8 шақырымдық жаңа тосқауыл салынуда. Бүгінде 20 шақырым жердегі жұмыс толығымен аяқталды. Оған 20 адам мен 18 техника жұмылдырылған.
Айта кетейік, Жайық өзені аудан аумағындағы 17 елді мекеннің бойымен ағады. Ондағы судан қорғану бөгеттерінің жалпы ұзындығы 116 шақырымды құрайды.