Махамбет Досмұхамбетов: Біздің мақсатымыз – халық үніне құлақ асатын әкімдік қалыптастыру
Atr.kz/27 тамыз, 2020 жыл. Бүгін, 27 тамыз күні Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің төрағалығымен селекторлық кеңес өтіп, жиында жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.
Осы жылдың 1 наурызынан бастап облыс әкімдігі жанынан азаматтарды қабылдау жөніндегі фронт-кеңсе өз жұмысын бастаған болатын. Бүгінде осы арқылы азаматтар тарапынан келген өтініш-тілектер жедел әрі тиімді қарастырылуда.
Облыс әкімдігі аппараты өтініштерді қарауды бақылау бөлімінің басшысы Жандос Бөлекбаевтың сөзінше, фронт-кеңсе ашылысымен оған 600-ден астам азамат түрлі өтініштерімен келген. Олардың мәселелерінің тақырыбына қарай облыс әкімінің және орынбасарларының қабылдауына жазу, өтініштерді қабылдау, тіркеу және жергілікті атқарушы органдар мен орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменттерінің құзырлы лауазымды тұлғалары арқылы консультациялар мен түсініктер беру жұмыстары жүзеге асырылуда.
Күн тәртібіне қойылған мәселелер бойынша жауапты мамандардың есебін тыңдаған өңір басшысы нақты тапсырмалар берді.
— Жалпы біздің жұмысымыздың негізгі мақсаты – «халық үніне құлақ асатын» әкімдік қалыптастыру. Әр арыз-шағымның артында азаматтарымыздың мұң-мұқтажы мен тағдыры тұр. Екіншіден, «тәртіпсіз — ел болмайды». Атқарушылық тәртіп – мемлекеттік қызметтің басты міндеттерінің бірі.
Сондықтан, әрбір мәселенің маңыздылығын ескере отырып, тапсырмаларды мерзімінде, сапалы орындауды қамтамасыз етуіміз қажет. Берілген тапсырма мүлтіксіз орындалуға тиісті. Тапсырмалардың орындалысына бірінші басшы жауапты екендігін қатаң ескертемін, — деді облыс әкімі.