Атыраудың Махамбет ауданында «Мирас» кәсіпкерлік кешені ашылды (ФОТО)
Бүгін Махамбет ауылында «Мирас» кәсіпкерлік нысаны ашылды. Бұдан былай ауыл халқы «Мирас» ұсынатын шағын маркет, шаштараз, көлік жуу орталығы және қоғамдық моншаның қызметін пайдалана алады.
«Туған жерге туыңды тік» деген халық нақылын өмірлік ұстанымына айналдырған азаматтар ауданымызда жетіп артылады. Солардың бірі бүгін халық игілігіне берілген «Мирас» кәсіпкерлік нысанының иесі Қайырбек Ахметжанов.
– Бүгін мен үшін өте қуанышты күн. Өзімнің туып өскен ауылымның өркендеуіне сәл де болса үлесімді қосқаным болсын деп осы бастаманы өткен жылы қолға алған болатынмын. Алла сәтін салып құрылыс жұмыстарын биыл толықтай аяқтадық. Қолымыздан келгенше заманауи қызмет көрсету орындарын ашуға тырыстық. Ең басты мақсатымыз халықтың көңілінен шығу – дейді туған жерінің тұғырын биіктеткісі келетін кәсіпкер.
Жаңа ғимараттың ашылуы салтанатты жағдайда өткізілді. Аудан әкімінің орынбасары Ұлықбек Тналиев ауыл халқын жаңа нысанның ашылуымен құттықтап, кәсіпкерге сәттілік тіледі. Қайырбек Ахметжановтың анасы, ардагер Нұрзила Сымқызымен бірге лента қию рәсімін жасады. Кәсіпкердің қуанышын бөлісуге келген жұртшылық, арнайы дайындалған ақ дастарханнан дәм татып, ақжарма тілектерін ортаға салды.
Баян СҮЙЕУОВА.
Суреттерді түсірген автор.