Махамбет ауданында ұлттық ойындар сайысы жұртшылықты тәнті етті

байга кокпар Махамбет май 9 Жаңалықтар

Ұлы Жеңістің 72 жылдығына және Отан қорғаушылар күніне орай Махамбет ауданында қой көтеру, арқан тарту, түйе палуан, көкпар және аламан бәйге сынды ұлттық ойындар ұйымдастырылды.

байга кокпар Махамбет (май) 9

Ұлттың ұлы игілігі

Көкпар – қазақтың ұлттық ат спорты ойындарының бірегейі. Ол жігіттердің күш-жігерін, төзімділігін, батылдығы мен ептілігін, ат үстінде мығым отыруын қалыптастырады.

Бұл сайыстағы бірінші орын Махамбет ауданының «Іскер» командасына  бұйырды. Жалғансайдың көкпаршылары екінші орынды иеленді. Ал,  үшінші орынға атыраулық «Мырза Адай» командасы шабандоздары ие болды. Жеңімпаздарға ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

байга кокпар Махамбет (май) 3

Қой көтеру сайысы да көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бұл сайыста үздік шығып, қойды 62 рет көтерген көктоғайлық Қазбек Мұқашев жеңімпаз атанды.

Қазақ күресі дегенде жанкүйер біткеннің делебесі қозып кететіні бар емес пе?! Дүбірлі додада он палуан бақ сынады. Финалдық бәсекеде Әлібек Қажи мен Дарын Жақсылықов белдесуге шықты. Қарсыласынан тәжірибесі озық Әлібек шалт қимылдап, басымдық танытты. Жеңімпаз Әлібекке ойынға тігілген қой малы сыйға тартылды. Содан кейін қызықты, әрі тартысты өткен арқан тартысқа сегіз команда қатысып, Көктоғай ауылдық округінің командасы жеңіске жетті.

байга кокпар Махамбет (май) 12

Желмен жарысқан сәйгүліктер

Күштілік пен ептілік сынға түскен шарада ең қызығы аламан бәйге болды. Оған 31 шабандоз қатысты. Аламан бәйгеге бес жүлде тігілді. Бас жүлде «Уаз-Патриот» автокөлігі болса, қалғаны – ақшалай сыйлық. Көкпардың тоқ бәйгесінің өзі аламан бәйгеге бергісіз болды. Жарыс жолына шыққан жүйріктер жанкүйерлердің қиқуына бөленді.

байга кокпар Махамбет (май) 1

«Бақ шаба ма, бап шаба ма?» демекші, бірінің бабы келмей, енді бірінің бағы жанбай, талай жүйрік жолда қалды. Қапы кеткендері де аз болған жоқ. Сонымен бас бәйге Маңғыстау облысынан келген 14 жастағы Бағдәулет Меңдібаевқа бұйырды. Ат иесіне бәйгені облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев тапсырды.

Екінші жүлде – 700 мың теңге ақшалай сыйлыққа маңғыстаулық Қобылан Таңатаров ие болды. Ал, үшінші орын алған  атыраулық Жасұлан Хайруллин 400 мың теңге ақшалай сыйлықпен марапатталды. Төртінші және бесінші орындар  Жұмаш Ізбасаров пен Жасқанат Нұрдәулетке бұйырып, оларға 50 мың теңге ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Абай АҚМҰРЗИЕВ

Суреттерді түсірген: Рахым ҚОЙЛЫБАЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз