Махамбет ауданында 8 инвестициялық жоба іске асуда
Атырау облысының Махамбет ауданында 8 инвестициялық жоба іске асуда. Нәтижесінде, Индустрияландыру картасы аясында 235 жұмыс орны ашылды,-деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бүгінгі таңда Махамбет ауданында 1871 субьект тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 12,4% -ға өсіп отыр. Олардың 81% , яғни 1514-і белсенді бизнес субьектілер.
«Өңірдегі кәсіпкерліктің белсенді дамуының арқасында 2625 адам жұмыспен қамтылды, бұл аудандағы экономикалық белсенді халықтың 16 пайызын құрайды»,-дейді Махамбет ауданының әкімі Сырым Рысқалиев.
Жыл басынан бастап 16 кәсіпкерлік нысан іске қосылып, 85 адамға жалпы саны 857 несие берілген. Нәтижесінде 125 жаңа жұмыс орны құрылды.
Одан бөлек ауданда әртүрлі несиелік бағдарламалар арқасында кәсіпкерлер бастамасымен 8 жоба жүзеге асырылуда.
«Бүгінде аталған жобалардың үшеуі іске қосылып, 11 адам жұмыспен қамтылды. Егер қалған 5 жобаны іске қоссақ, онда жаңа кәсіптік нысандарда 75 адам қызметке қабылданады»,- дейді Сырым Рысқалиев.
Жаңадан іске қосылған нысандар қатарында 4-5 мың қаз өсіретін 2 ферма мен металл өнімдерін өндіру цехы бар.
Айқара Ғұмар