Жарнама
Жаңалықтар

«МӘДЕНИЕТКЕ АҚША ЕМЕС, НИЕТ ҚАЖЕТ»

 Атқарылған іс аз емес, міндеттер де ауқымды

Бүгінде Исатай ауданы халқына мәдени қызмет көрсетуде мемлекеттік жүйедегі 30 мәдениет мекемесі жұмыс жасайды. Мәселен, кітапхана жүйесіне қарасты 18 кітапхана, бір аудандық орталық, бір балалар кітапханасы және 16 ауылдық кітапхана бар. Исатай ауданы бойынша мемлекеттік тізімдегі  сегіз тарих және мәдениет ескерткіштері тіркелген. Бұл туралы аудан әкімі Тұрарбек Сұлтанбеков баяндады.

Бұдан соң Индер ауданының әкімі Серік Арыстан аудандағы мәдениет ошақтарының жай-күйі мен проблемалық мәселелерді ортаға салды.

— Ең басты проблема – бес мың халқы бар Есбол  және мың жарым халық тұратын Бөдене ауылдарында мәдениет үйі ғимаратының болмауы өңірлердегі мәдениеттің дамуына кедергі болуда. Сонымен қатар, Индербор кентінің аумағына Аққала кенті қосылуына байланысты және тұрғылықты халық санының өсуіне орай, Индербор кентінен 400 орындық мәдениет сарайын және Аққала елді мекенінен 200 орындық клуб салу қажеттігі туындап отыр. Жергілікті округтерде кітапханаларға мектептер мен мәдениет үйлерінен бір бөлме ғана берілген, бұл халықтың еркін қатынауына және  оқырмандар залында отырып кітап оқуларына қиындығын тигізеді. Республикалық қорғауға алынған Махамбет баба мазарына баратын жолдың да тозығы жеткен. Бұл үлкен қаражатты талап етеді. Малайсары би мен Мұрат ақын басына қойылған мазарлар да тұрғызылғалы күрделі жөндеуден өтпеген.

Жиын барысында Мақат ауданының әкімі Ерболат Омаров та күн тәртібіндегі мәселе бойынша есеп берді.

—  Аудандағы кітапханалардың типтік үлгідегі ғимараты болмағандықтан, басқа мекемелердің ғимаратындағы бөлмелерде орналасқан. Сондықтан, кітапхананың орналасқан бөлмелері тар, оқырмандармен бірлескен шара өткізуге қолайсыз, күнделікті оқырманның емін-еркін кіріп-шығуына да ыңғайсыздық тудыруда. Мақат тарихи-өлкетану мұражайы жеке кәсіпкердің апаттық жағдайда тұрған ғимаратына жапсарласа орналасқан.  Көрме залы тар болғандықтан, келушілердің аралап жүруіне мүмкіндік жоқ, экспонаттардың көпшілігі көрмеге сыймай тұр.  Болашақта мұражайдың өзіне типтік үлгідегі ғимарат қажет, – деді ол.

Одан әрі облыстағы тарихи-мәдени мұра объектілерінің қазіргі жағдайы мен шешімін табуды қажет ететін мәселелер туралы облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау, қалпына келтіру және пайдалану жөніндегі мемлекеттік инспекция басшысы Мұхамбетқали Кипиев  баяндап берді. 

Бабалар  тарихы ескерусіз  жатыр

Отырыста комиссия мүшелері өз ойларын ортаға салды. Алдымен сөз сөйлеген жазушы Рахымжан Отарбаев:

— Осыдан төрт-бес жыл бұрын Мысырда болдым. Египетті біраз араладым. Александрия, Каир қалаларын аралап, 120 сұлтанның зиратына тәу еттім. Олардың барлығы – Жайық бойынан кеткен біздің қазақтар, шеркеш пен беріш сұлтандары. Сол елді үш жүз жыл билеген. Оларды іздеп барып жатқан ешкім жоқ. Ұсынысым – Делегация жасақтап, ел екенімізді көрсетіп сол жаққа барсақ… , — деген ойымен бөлісті.

Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан ұсынысты қабылдап, қазан айында кеңес шешімімен делегация жасақталатынын жеткізіп, жиында көтерілген мәселелер бойынша да пікірін білдірді.

— Мәдениет саласында көңіл толатын дүниеден гөрі, көңіл толмайтын мәселелер көп. Археологиялық жұмыстарды жүйелеу керек. Осыдан екі жыл бұрын археологиялық институт  немесе орталық құру туралы бастама көтерген болатынмын. Құжаттары жасақталып, аяқсыз қалды. Егер зерттеу жұмыстарын жүргізіп, бастап кететін адам болса қаржы да табылады деп ойлаймын. Шыны керек, қазіргі мәдениет аудандарда концерт қою керек болғанда ғана еске түсетін сала сияқты. Облыс әкімі осыдан екі жыл бұрын «аудандардың мәдениет күндерін өткізейік, елде не бар екен» деп жинап еді, апыл-ғұпыл киім тіктіру, нөмір іздеу басталды. Мәдениет басқармасына қарасты ұйымдар да бар мәселені қаржыға тіреп отырады. Құрманғазының заманында мемлекеттен ақша бөлінбесе де, қаржысыз-ақ  мәдениеті дамыған. Атырау қаласында «Ақ желкен» орталығы жұмыс жасайды, бір тиын қаржы бөлінбейді, бірақ маған аптасына үш рет аталмыш орталықта өтетін мәдени шараға шақырту келеді. Мәдениет үшін ақша емес, ниет қажет. Облыс мәдениетке 4 миллиард теңге бөліп отыр. Бұл қаржыға әлем демей — ақ қояйын, Қазақстанның есінде қалатын жылына төрт шара өткізуге болады ғой.

Кітап шығару да мәдениетке жатады. Рахымжан Отарбаевтың «Бас» кітабы жазылып, баспаға кетті. Мықты болсақ, осы кітапты бәріміз жабылып, әр үйді, әр ауылды аралап, кітап шығатынын айтып, насихатын арттырып, туындыны бес мың данамен өткізіп жіберейікші, — деген Шыңғыс Жұмабекұлы облыстың мәдениет саласына жүйелі жұмыс керектігін атап айтты.

Сондай-ақ, қоғамдық кеңесте басқа да мәселелер қаралып, ұсыныстар айтылды.

Рита ӨТЕУҒАЛИ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button