МӘДЕНИЕТ ПЕН ТІЛ – ХАЛЫҚ ҚАЗЫНАСЫ
Облыстық мәдениет, құжаттама және мұрағаттар басқармасының басшысы Алтынбек Нысанғалиевтің айтуынша, соңғы жылдарда аймақта жеке меншік сектор мен мемлекеттің әріптестігі артып, теңгерімге мемлекеттік емес үш мәдениет үйі берілген.
— Мәдениет саласын қаржыландыруға биыл облыстық бюджеттен 3,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл 2012 жылмен салыстырғанда 18 пайызға көп. Соңғы екі жылда мәдениет саласы материалдық-техникалық жағынан біраз жаңарып, жарақталып, 26 мәдениет нысаны күрделі жөнделді.
Махамбет атындағы қазақ драма театры және облыстық халық шығармашылығы орталығының ғимараттарына жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары бір айдың ішінде толық аяқталады. Сондай-ақ, Индер ауданының орталығы, Есбол, Бөдене ауылдарында, барлығы төрт мәдениет үйінің құрылысы басталды. Одан бөлек, тоғыз мәдениет үйінің жобалау-сметалық құжаттамасы жасақталуда. Атап айтсақ, олар – Құрманғазы ауданындағы Дәшін, Қызылқоға ауданындағы Қарабау, Мұқыр, Махамбет ауданындағы Береке, Исатай ауданындағы Жанбай ауылдары мен Атырау қаласындағы Жаңаталап, Жұмыскер, Ақжар, Еркінқала елді мекендері, — деді басқарма басшысы Алтынбек Бұхарзаұлы.
Басқарма басшысы мәдениет саласына 21 автокөлік алынғандығын, 22 тарихи және мәдени ескерткіштері қайта қалпына келтірілгендігін, Индер ауданының Құрылыс ауылының тұсында ерте темір дәуірінің қазба жұмыстарын Алматы қаласынан арнайы шақыртылған ғалым жүргізіп жатқанын, ортағасырлық Сарайшық қалашығының қазба орнын сақтап қалу мақсатында жағаны бекіту жұмыстарының жобалық-сметалық құжаттары жасақталғанын және облыста 14 мәдениет қызметкері баспаналы болғанын жеткізді. Биыл да мемлекеттің тұрғын үй қорынан тағы 10 пәтер бөлінген. Бұл жұмыстардың барлығы Елбасымыздың Ұлт жоспарында көрсетілген елдің мәдениеті мен өнерін дамытуға деген іргелі қадамдарының нәтижесі екенін баса айтты.
— Келер жылы Исатай Тайманұлының 225, Хамит Ерғалиевтің 100 жылдықтарын республикалық деңгейде атап өту жоспарда бар. Сонымен қатар, Рысбай Ғабдиевтің де 80 жылдық мерейтойы аталып өтеді. Атырау қаласындағы Салтанат сарайының алдына және Қ.Сәтпаев көшесі бойына («Ренессанс» қонақүйінің» маңы, — ред.) Жұмекен Нәжімеденов пен Фариза Оңғарсынованың ескерткіштері жыл аяғына дейін бой көтереді, — деді басқарма басшысы А.Нысанғалиев.
Ал, облыстық тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ғаділбек Хабиров азаматтардың мемлекеттік тілді білу деңгейін анықтап, бағалайтын жүйе «Қазтесттің» қолданысқа енгізу жұмысы жүйелі түрде жүргізіліп жатқанын жеткізді.
Басқарма басшысының міндетін атқарып отырған Ғ.Хабиров өз сөзінде «тілдердің үштұғырлығы» қағидатын жүзеге асыру, мемлекеттік тілді насихаттау бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.