МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАРАЛДЫ
Осылайша, алдымен ел экономикасының, соның ішінде экспорт пен ішкі сұранысты қанағаттандыруға бағдарланған кәсіпорындағы кідіріссіз жұмыс жасауын қамтамасыз ету жөнінде алынуы тиіс шараларға назар аударылды.
Келесі кезекте, әлеуметтік мәні бар тамақ өнімдері бағаларының негізсіз өсірілуіне жол бермеу, рынокты күнделікті қажетті азық-түлік түрлерімен толықтырып отыру және өңірлік тұрақтандыру қорларының қызметтерін жетілдіру мәселелеріне көңіл бөлінді. Оған жалғаса мемлекеттік материалдық резервтің ағымдағы ахуалы қаралды.
Мәжілісте көтерілген ең бір маңыздырақ мәселелердің қатарында Қазақстанның экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің кешенді жоспарын жүзеге асыру жайы болатын. Мұның өзі көршілес Ресей Федерациясына қарсы санкциялар енгізіліп, Украинадағы ахуал күрт нашарлап кеткен жағдайда қолданылатын, шұғыл шешім қабылдауды талап ететін шаралар болып табылатындығы қаперленді.
Күн тәртібіндегі осынау өзекті мәселелер төңірегінде тиісті министрліктер мен республикалық ведомостволардың жетекшілері баяндап, жекелеген аймақтардың басшылары хабарлама жасады. Нақты міндеттер мен тапсырмалар беріліп, хаттамалық шешімдер алынды. Олардың орындалысына қатаң бақылау қойылатындығы ескертілді.
Дәулетқали АРУЕВ.