МӘҢГІЛІК РУХ

Отанды қорғау – қасиетті борыш. Тіпті, күллі мұсылман атаулының жол сілтер бағдаршамына айналған Құран Кәрімде де Отанды қорғау басты міндет ретінде көрсетіледі. Демек, Ұлы Отан соғысы жылдары бес қаруын асынып майданға аттанған жауынгерлеріміз нендей құрметке де лайық.

Әрине, ұлы Жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Талай боздақ хабарсыз кетті, талай жауынгер майдан даласында көмусіз қалды, талай ана жалғызынан айрылып, қаншама қалыңдық қара жамылып қалды. Дүние есігін ашпай жатып талай бөбекті жетім атандырған соғыста құрбан болған сол солдаттардың барлығы ойланып қарасақ, өз алдына бір-бір тарих екен ау. Сөз еткелі отырған майдангер Сәдуақас Көшқалиев та жазусыз қалған тарихтың бірі.

Бүгінде бақилық болған Сәдуақас Көшқалиев соғыс басталған алғашқы жылдары оң-солын танып үлгермеген он бестегі бала еді. «Ел басына күн туған шақта барлық азаматтар секілді майданға аттануға тиіспін» деп тас түйін бекінген балаң жігіт жасын үлкейтіп көрсету арқылы майданға өзі сұранып кетеді. Сол кездегі Қандыағаш-Гурьев темір жол бойындағы Қарауылкелді стансасынан аттанған жігіт солдат шинелін Башқұрт АССР-нің Алкино стансасында киеді. Бұл 1943 жылдың алтыншы қаңтары еді. Өз қолымен жазып қалдырған естеліктерінде Сәдуақас Көшқалиев «арада жарты ай өткен соң Шұбаркөл стансасында оқу-жаттығудан өтіп, кейін Воронеж облысына қарасты Михайловка стансасындағы кіші колибрлі зенитті артиллерия бөлімшесінен арнайы дайындықта шыңдалған соң, шілде айының он бесі күні алдыңғы шепке жіберілдік» деп жазады.

Бұл уақытта Харьков түбіндекескілескен ұрыс жүріп жатқан еді. Сәдуақас Көшқалиев 241-ші зениттік артиллериялық полктің құрамына түседі де, үшінші Украина майданында ұрысқа қатысады. Осылайша, Украинаның Краматорск, Барвенково, Днепропетровск, Новомосковск, Пятихатка, Николаев, Одесса қалаларын жүріп өткен жауынгер одан әрі Молдова жеріндегі топтасқан неміс-румын жауынгерлеріне қарсы жүргізілген әйгілі Ясса-Кишенев операциясына қатысады.

Зенитшілер үнемі майданның алдыңғы шебінде жүретіндіктен соғыс даласында түрлі қиындықтардың орын алатыны белгілі. Шығынның көп болуы, жауынгерлер қатарының ұдайы сиреп отыруы, кей жағдайда күштің тең болмауы сынды қиындықтар бәрібір жеңіске деген құштарлықты жоя алмайды.

Кеңес Одағын жау қолынан толық азат еткен жауынгерлердің көпшілігі үшін сол тамаша бір жеңіс жылы соғыс мәңгілікке аяқталғанымен, майдангерлердің ендігі бір бөлігі социалистік лагерь елдерін қорғауға аттанған болатын. Солардың қатарында Сәдуақас Көшқалиев та бар еді. Румыния, Болгария, Югославия, Венгрия, Австрия елдерін азат ету операцияларына қатынасқан ол, бейбіт өмір орнауына үлес қосады.

Осылайша,1950 жылдың 29-шы наурызында ғана елге оралған Сәдуақас Көшқалиев майдан даласында алған жарақатына қарамастан, соғыстан соңғы қираған экономиканы қалпына келтіруге қатысады. Еңбек майданына Мақат стансасындағы мұнай базасына жұмысшы болып келген жауынгер табандылығы мен жауапкершілігінің арқасында көп ұзамай сол базаның директоры болады. Одан кейін де түрлі мекемелерде басшылық қызметтерде болған Сәдуақас Көшқалиев денесіндегі жау жарқыншағының зардабынан қырық бес жасқа қараған шағында көз жұмады.

Рас, майдан даласындағы зенитшілер полкінің сержанты Сәдуақас Көшқалиевтың ерлік істері ескерусіз қалған жоқ. Көзінің тірісінде ол «Будапештті алғаны үшін», «Германияны жеңгені үшін» сынды өзге де түрлі мәртебелі медальдармен наградталды. Бірақ, олар сол наградалар үшін күресті ме екен? Әрине, жоқ. Сол бір отты жылдары соғысқа аттанғандар Отан үшін, бүгінгі ұрпақтың бақытты болашағы үшін күресті. Отан алдында адалдықтан аттамаған арда ұлдар өздерінің ерлігі үшін ешкімнен ештеңе сұраған жоқ. Олар тек атамекенді жау қолынан азат етуге титімдей де болса үлес қосқандары үшін мың шүкір етті. Ендеше, аға буын жүріп өткен майдан жолы бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге, тәлім тәрбие болуы тиіс.

Баян ЖАНҰЗАҚОВА.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз