МӘҢГІЛІК ЕЛ ИДЕЯСЫ – ҰЛТТЫҢ ҰЛЫ МҰРАТЫ
«Мәңгілік Ел — Елбасының ерлігі, бейбітсүйгіш халқымыздың бірлігі мен бүгіні. Ал, бүгінгі жастар – біздің болашағымыз» деген аймақ басшысы Президент бастамасымен дүниеге келген «Болашақ» стипендиясының келешек иегерлеріне даңғыл жол ашқанын атап өтті. «Бүгінде көптеген жастарымыз шет мемлекеттердің белді жоғары оқу орындарында білім алып жүр. Алдыңғы лектегі мемлекеттік жауапты қызметтерді атқаруда. Бұл әр адамның болашағының да, бақытының да өз қолында екенін көрсетеді» деген облыс әкімі одан әрі елдегі тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. «Елдегі бірлікті бағаламаудың соңы қандай болатынын бауырлас Украинаның бүгінгі жағдайынан көріп отырмыз. Ол елдің болашақта қандай арнаға түсерін ешкім біліп отырған жоқ. Сондықтан да, бірлігімізден ажырамау маңызды» деп атап өткен облыс басшысы еліміздің жарқын болашағы жастардың қолында екенін айтты.
Бір мың жарымға жуық жасты қамтыған Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен атаулы шараға Қазақстан Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары Маралтай Райымбек арнайы келді. «Ізгі ой ойла, ізгі сөз сөйле, ізгі іс тындыр» деген өсиетке кезінде Пайғамбарларымыз тоқтаған екен деседі. Демек, Мемлекет басшысы жария еткен Мәңгілік Ел идеясы мен республикамызды «Қазақ елі» деп атау бастамасы – осындай ізгі ниеттен туған дүние. Ең бастысы, Мәңгілік Ел болудың бізде барлық алғышарттары дайын», – деп атап өтті ол.
«Мәңгілік Ел идеясы – ұлтымыздың бірлігін сақтай отырып, болашаққа бірге жұмылуға жасалған қадам» деп есептейді «Вайнах» шешен-ингуш ұлттық-мәдени орталығының ардагері Сейтамин Акаев. Оның пікірінше, Қазақ елі бүгінде әлемдік қауымдастыққа достықтың бесігі ретінде танылды. «Ендігі жерде еліміздің болашағы үшін ерінбей еңбек ету маңызды» дейді ол. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы-драматург Рахымжан Отарбаев сөзін тереңнен толғады. «Ерте замандарда өткен батырларымыз өз жерінде туса да, өз елінде өлмеген екен. Сонау қарақалпақ жерінде Сырым батыр жатыр. Басқасын айтпағанда, арыстан туған Исатай батыр мәңгілік мекенін Ақтөбе жерінен тапты. Олар «қазағым» деп, «елім» деп, «жерім» деп өтті. Осындай арыстарымыз армандап өткен Мәңгілік Ел болу идеясын Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды» деген драматургтың пікірінше, бұл – мемлекетіміздің барлық саласындағы реформаларға жол сілтейтін қуатты идеология. «Сол секілді мемлекетіміздің атауын «Қазақ еліне» ауыстыру да – бабаларымыздан қалған аманат. Бұл ұсынысты Елбасы ең алдымен болашағымыз – жастарға сеніп айтты» деп атап өтті жазушы.
Акция барысында қатысушыларға жалынды сөздерін арнағандардың арасында Атырау мұнай өңдеу зауытының жас маманы Артем Сергеевич те болды. «Мәңгілік Ел идеясы мемлекетіміз үшін тарихи миссия болып табылады. Мемлекетіміздің атауын «Қазақ елі» деп өзгертудің өзі – біздің ұлы мұратымыз жолындағы негізгі қадамдардың бірі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясында жастардың қозғаушы күш екендігін баса айтты. Демек, еліміздің егемендігін баянды ету біздің қолымызда» деген ол бүгінде «өсемін» деген жас маманға барлық жолдардың ашық екендігін атап көрсетті. «Өйткені, жұмысқа тұруда жас ерекшелігі емес, маманның кәсіби шеберлігі бірінші бағаланады. Сондықтан, әр жас өз ісінің шебері болуға ұмтылуы керек» деді ол.
Бүгінгі буын өкілдері атынан сөз алғандардың арасында жас ақын Шалқарбай Ізбасаров та болды. Оның пікірінше, еліміздің тыныштығы, береке-бірлік пен тұтастық Мемлекет басшысының сара саясатымен тікелей байланысты. Сол себепті де бұқара ұлтты ұйыстырушы күшке айналған Мәңгілік Ел идеясының маңына топтасуы қажет.
«Қазақ мемлекеті жиырма жылда жасампаз істерімен әлемге танылды. Ендігі жерде еліміз әлемнің саяси картасынан қуатты, бәсекеге қабілетті, технологиясы дамыған мемлекет ретінде ерекшеленуі тиіс». Біз пікірлескен Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бірінші курс студенті Асан Мұратов осындай ойда.
Аталған оқу ордасының студенті Дана Ерекешова да Мәңгілік Ел атану жолында жастарымыз бәсекеге қабілетті деңгейде сапалы білім алып, өз ісінің шебері болуға ұмтылуы тиіс деп есептейді. «Бүгінгі дәуір өркениетке бастар жолдың озық технологияда екендігін дәлелдеді. Ендеше, жас ұрпақтың ғылым мен білімге ден қоюы маңызды» дейді ол.
Жастарға жігер сыйлаған акцияға белгілі эстрада жұлдыздары Ерболат Құдайберген мен Айгүл Қосанова қатысып, патриоттық бағыттағы әндерді әуелетті. Бір сағаттан астам уақытқа созылған шараға атыраулық жастармен бірге, түрлі партиялардың, үкіметтік емес ұйымдардың, түрлі этномәдени бірлестіктердің өкілдері де қатынасты.