Жарнама
Жаңалықтар

Маңдайшаң қай тілде?

Мемлекеттік тіліміз – қазақ тілінің өркен жайып, әр саладағы қолданысында тілдік нормалардың орындалуын, көрнекі ақпараттардың мемлекеттік тілде жазылуын жоспарлы түрде қадағалап жүрген Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі  түсіндіру және әдістемелік көмек көрсету мақсатында  кезекті акция ұйымдастырды.

Маңдайшаң қай тілде

Акция барысында белгілі бір нысанның сыртқы маңдайша жазуы, ішкі-сыртқы көрнекілік ақпараттық тақталардың стандарттық нормаға сай орналасуы, жазылуы тексеріледі. Бұл кезекте қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ақылбек Рысқалиев бастаған топ құрамында «Экоальянс» қоғамдық қорының мүшесі Арман Хайруллин, тіл жанашырлары Әділбек Шакиров, Ермек Мұхамбетқалиевтар болды.

Олар Атырау қаласындағы «Мерей» сауда орталығында орналасқан «Мечта» сауда орны, «Идеалмаркет» ЖШС-нің «Лидер» супермаркетінде болып, нысандардағы жазулардың тілдік нормаға сәйкестігін бақылап шықты.

Халық аузында «Мерей» базары аталатын сауда орны құжат бойынша бүгінгі күні «Авангард» әмбебап сауда кешені болып өзгертіліпті. Алдымен, олар  осы кешеннің ішінде орналасқан автокөліктердің бөлшектерін сататын базардың жай-күйімен танысты. Мұндағы темір-терсек сатқан сауда нүктелерінің көпшілігі маңдайшалары мен жарнамаларын тек орыс тілінде жазумен шектелген екен. Бөлшек сатушылардың дені өзіміздің қаракөздер бола тұра, олардың ана тіліне деген құрметі байқалмады. Керісінше, өзге ұлт өкілдері қызмет көрсететін сауда орындары өз маңдайшалары мен жарнамаларын екі тілде жазып қойған. Акция барысында осы олқылықтар «Авангард» әмбебап сауда кешенінің директоры Олеся Макароваға түсіндіріліп, екінші тарап алдағы уақытта көрсетілген кемшіліктердің реттелетіндігін айтты.

Түсіндіруші топ одан соң жабық ғимаратта орналасқан «Мечта» сауда орны мен «Идеалмаркет» ЖШС-нің «Лидер» супермаркетін аралады. Бұл жерде де тілдік нормалар талаптарының орындалмаулары анықталып, орын алған қателіктерді заң талаптарына сәйкестендірулері туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытқа талаптар қойылып, бір ай мерзімнен кейін олардың орындалу нәтижесі қорытындыланатыны қаперлеріне берілді.

Мұратбек Жаңабай

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button