Маңдай тердің жемісі
«Жылдың үздік кәсіпкерін» анықтады
Бейсенбі күні Атыраудағы «Салтанат сарайының» үлкен залында облыстың кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағы және кәсіпкерлер палатасы облыстық әкімдіктің қолдауымен жылдағы дәстүрге сай «Жыл кәсіпкері – 2016» конкурсының қорытындысын шығарып, үздік бизнес өкілдерін ұлықтауға арналған салтанатты рәсім өтті.
Мерекелік шарада Ұлттық Кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің төрағасы Абай Жұмағұлов пен Атырау облысының кәсіпкерлері мен жұмыс берушілер одағы төрайымы, облыстық мәслихаттың депутаты, осы шараны ұйымдастыру комитетінің жетекшісі Әлия Бекқожиева сөз алып, барша әріптестерін ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесімен және келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Егемен еліміздің өсіп-өркендеу жолындағы еңбектеріне толағай табыстар мен зор жетістіктер тіледі.
Салтанатты кешке қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықты жұмыспен қамту, әлсіз топтарды қолдау, өнеркәсіптік және тұтыну тауарларын өндірудегі қол жеткен табыстарында шағын және орта бизнес өкілдерінің сүбелі үлес қосып отырғандығын баса айтты.
— Ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық тойы аталып, енді санаулы күнде тарих қойнауына аттанғалы отырған 2016 жыл мұнайлы өңіріміз үшін толымды табыстар жылы болды. Облыста бұрын-соңды болып көрмеген ірі бизнес жобалары қолға алынды, мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асты. Күні бүгін өңірде шағын және орта кәсіпкерлікпен 125 мың адам айналысады. Бұл облыстағы экономикалық белсенді халықтың 40 пайызын құрайды. Яғни, біздегі әрбір төртінші адам бизнес саласында жұмыс жасайды деген сөз.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, мемлекеттен несие қаражат пен субсидия бөлінуі нәтижесінде халық тұтынатын тауарлар сапасы жақсарып, отандық тауар өндірушілер қатары артты. Елбасының халыққа Жолдауында белгіленген міндеттерді орындауға, сапалы әрі бәсекеге қабілетті, экологиялық таза өнім өндіруге, жаңа жұмыс орындарын ашуға, еліміздегі жекешелендіру үрдісіне қатысуға аймақ кәсіпкерлерінің қосар үлестерінің мол болатындығына сенемін, — деді Нұрлан Асқарұлы. Ол сонымен бірге бизнес өкілдерін жаңа жылда да тың жобаларға қатысып, табыстарын молайтуға, ел игілігін еселей түсуге мол мүмкіндіктің бар екендігіне тоқталды.
Аймақ басшысы кәсіпкерлік салада табысты еңбек етіп жүрген бір топ бизнес өкілін «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Атырау қаласының экономикалық өркендеуіне үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің біразына шаһар басшысы Серік Шәпкенов Алғыс хат ұсынды.
«Жылдың үздік жас кәсіпкері» аталымы бойынша конкурстық комиссияның шешімімен осыдан бір жыл бұрын кәсіпкерлік қызметін бастаған «Studbolt Manufacturing» ЖШС директоры Сәкен Мұратов лайық деп танылды. Ол басқаратын жас кәсіпорын мұнай-газ өндірісіне қажетті металдан жасалған бекіту бұйымдарын өндіреді. Кәсіпорынның ғимараты тұрғызылып, мұнда кеңсе, дайын өнімдерді сақтайтын қойма, өндірістік цех жайғасты. Жаңадан 8 жұмыс орны ашылды.
«Үздік ауыл шаруашылық өнімін өндіруші» номинациясы бойынша Махамбет ауданындағы «Алмалы Құс» ЖШС бас директоры Шыңғыс Нақпаев жеңімпаз атанды. Құс өсіріп, жұмыртқа өндірумен айналысатын құс фабрикасының өнімдері өңірдің сауда нүктелерінде сатылады. Серіктестік германдық заманауи жабдықтармен жарақтанған. Жобалық қуаты жылына 30 млн. дана жұмыртқа өндіруге арналған кәсіпорынның мамандары Қазақстан мен Ресей қалаларында арнайы оқытылып, дайындалды.
«Сауда саласының үздігі» аталымына «Стройинвест–К» ЖШС-нің «Мастер Дом» сауда үйінің директоры Владимир Георгиевич Калентьев лайықты болды. Өз тұтынушыларына он бес жылдан бері қызмет көрсетіп келе жатқан сауда үйіне құрылыс материалдарын сататын ірі сауда жүйелері қарайды. Облыс тұрғындарына Ресей, Испания, Польша, Чехия және басқа да елдердің сапалы құрылыс материалдарын ұсына отырып, түрлі мерекелер мен атаулы күндерде төмен бағадағы акциялар ұйымдастыруды, тұтынушыларын бағалы тосын сыйлықтармен қуантуды да дәстүрге айналдырған.
«Қызмет көрсету саласының үздігі» атағын «NGN Service» ЖШС басшысы Серік Ақтөрешев жеңіп алды. Компания негізінен компьютерлер мен оргтехникаларды, оларға қажетті құрал-жабдықтарды сату, бағдарламалық қамтамасыз ету, жөндеу және сервистік қызмет көрсету ісіне маманданған. Қаладағы дүкендері арқылы өз тұтынушыларына қолжетімді бағамен сату, сапалы қызмет пен шұғыл жеткізуді жүзеге асыратын серіктестік «Теңізшевройл» ЖШС-не лайықты серіктес болып отыр.
Конкурстық комиссияның шешімімен «Атырауда жасалған» аталымы бойынша «Карат» ЖШС басшысы Сүлеймен Ақ-драшев жеңімпаз деп танылды. Атыраулықтарға «Дәулет-нан» деген атаумен танылып үлгерген бұл кәсіпорын қазір 52 түрлі нан және бөлке өнімдерін шығарады, 126 адамға жаңа жұмыс орнын ашты. Қаладағы дүкендер жүйесіне тұтынушыларға тәулігіне он екі тонна нан өнімдерін жеткізеді. Сондай-ақ, аталмыш компания консервіленген ет өнімдері мен бөтелкедегі тазартылған ауыз су шығаруды да қолға алған.
Орталықтандырылған бақылау пульті арқылы түрлі меншіктегі нысандарды, жеке үйлерді, қойма, сауда орындарын күзетуді, дабыл қаққыш белгілер мен бейнебақылау жүйесін орнатуды қамтамасыз ететін «ПЦН Күзет» ЖШС бас директоры Гүлмира Жұмағалиева «Кәсіп-кер әйел – 2016» номинациясы бәсекесінде үздік шықты. Фирмада 360 адам жұмыс жасайды. Құлсары, Ақтау қалаларында филиалдары ашылған.
Әсерлі кештің шешуші сәті де келіп жетті. «Жыл кәсіпкері – 2016» байқауының жеңімпазын марапаттау құрметі облыс әкімі Нұрлан Ноғаевқа жолданды. Өз бизнесін осыдан ширек ғасыр бұрын бастаған, бар бақытын да, нәсібін де кәсіпкерліктен тауып, табысты бизнес ханымдар қатарында жүрген, екі жүзден астам адамды жұмыспен қамтуға ұйытқы болған, Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерекесіне орай Елбасы Жарлығымен «Құрмет» орденін өңіріне таққан «Медицина» АҚ бас директоры Забира Дәулетжанова «Жылдың үздік кәсіпкері» атанды.
Мерекелік кеште бірқатар кәсіпкерлерге демеушілер де сый-сияпат жасады. Лотерея билеттері ойналды. Кеш қонақтары үшін танымал әншілер мен өнер топтары ән шырқап, би биледі.
Суреттерді түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.