Мәрмәрдың алғашқы медалі
Биыл Сабыр Қазыбаев атындағы Атырау облыстық жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған балалар үйінің төрт тәрбиеленушісі Ақмола облысындағы Бурабай курорттық аймағының Шучье өзені жағасында орналасқан «Балдәурен» сауықтыру лагерінде демалып келді.
Сауықтыру орталығында балалар демалумен бірге, жас патриоттар академиясы ұйымдастырған әртүрлі байқауларға қатысып, жақсы әсермен оралды.
Жас патриоттар академиясы ағымдағы жылдың сәуір айында педагогика ғылымдарының докторы Тильдаш Битуованың идеясымен құрылған еді. Мұнда ең тәрбиелі, жан-жақты, өз елінің тарихын білетін, елін сүйетін балалар ғана қабылданады.
«Балдәурен» сауықтыру лагерінде демалған 3000 баладан іріктеліп 750-і академияға қабылданған. соның ішінде біздің балалар үйі тәрбиеленушісі Мәрмәр Рахиденованың да болғаны біз үшін үлкен қуаныш. Жас патриоттар академиясының слетында өзінің жан-жақтылығымен көрінген Мәрмәр академияның арнайы сертификатымен және «Патриоттар байқауына қатысқаны үшін» медалімен марапатталды.
Сонымен қатар, Қапшағай қаласында «Балдәурен-Қапшағай» демалыс базасында патриоттар слеты болып, еліміздің түкпір-түкпірінен делегациялар қатысты. Оның ішінде №4 облыстық шипажай мектеп-интернатынан Гүлзира Самигуллина, Құрманғазы ауданы, Еңбекші мектебінен Ермахан Насихан мен Бейбарыс Хайролла болды. Айта кетсем, құрманғазылық Насихан Ермахан мен Хайролла Бейбарыс ерлік жасаған батыр балалар, олар өзенге батып бара жатқан әйелді құтқарған болатын.
Сәния МУСИЕВА,
С.Қазыбаев атындағы Атырау облыстық
балалар үйі директоры.