МҰНАЙЛЫ КЕНІШ ҚАҚПАСЫ «Теңіз» кеден бекеті жиырма жылдық асуын атап өтті
Алғашқы адым осылай басталды
— Атырау облысы бойынша Кедендік бақылау департаментінің құрамында алғаш құрылған кеден бекеттерінің бірі – «Теңіз» кеден бекетіне жиырма жыл толып отыр. 1993 жылдан бері құрылу, қалыптасу жолдарынан өтіп, қазіргі таңда даму жолына түскен «Теңіз» кеден бекеті бүгінгі таңда өзге де мемлекеттік және мемлекеттік емес ұйымдармен, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылармен тығыз, тұрақты байланыс орнатқан, облыс аумағына ғана емес, республика көлеміне танымал кеден бекетіне айналды, — деді «Шаңырақ» вахталық поселкесінде өткен мерекелік жиында Атырау Кедендік бақылау департаменті бастығы Құрманғали Тасмағамбетов. — Атырау кеденінің тарихында орны бөлек тұлғалар аз емес. Айталық, Мұрат Өтешовтің есімі осы саланың тұңғыш негізін қалаған ардагер ретінде облыс кеденінің тарихында алтын әріппен жазылып қалды. Бүгінгі ұрпақ солар салып берген сара жолды лайықты жалғастыру үстінде. Теңіз кенішін игерумен байланысты кедендік ресімдеу мен кедендік бақылау жүргізу саласында осы жылдары тығыз іскерлік қарым-қатынас орнатқан «Теңізшевройл» ЖШС (Тим Миллер) және оның мердігер компаниялары, «Теңізмұнайқұрылыс» АҚ (Т.Жұмағұлов), «НефтеСтройСервис ЛТД» ЖШС (И.Ақдрашев), «Бақай» корпорациясы (М.Балжігітов) еңбектері жоғары бағалауға лайық.
«Теңіз» кеден бекетінде әр жылдары басшылық қызмет атқарған Жанболат Дощанов, Еркін Сабетов сияқты азаматтар бастап, Біржан Кенжебеков, Еммат Ерекенов, Сергей Канашкин, Нұрлан Әшенов, Самат Талбаев, Аблахат Сахым секілді кеденшілер де құрметке лайық деп білемін.
Құрманғали Нұрғалиұлы ардагер кеденшілерді, кеден бекетінің жеке құрамын мерейлі жиырма жылдықпен құттықтап, баршасына амандық-саулық тіледі.
Гурьев кеденінің құрылуы КСРО Министрлер Кеңесінің жанындағы Мемлекеттік Бас кеден басқармасының 1989 жылғы 14 тамыздағы №132 бұйрығына сәйкес болды. Ол Қазақстандағы Қорғас, Қазақ кедендерінен кейінгі үшінші құрылым болатын. Атырау кеденінің (Гурьев таможнясының) басты міндеттері болып сол жылдардан бастап игеріліп жатқан Теңіз кенішіне Кеңестер Одағы көлемінен, шет елдерден Теңіз газ айыру зауытының, вахталық жұмысшылар кентінің, Құлсары қаласының құрылыстарына қажетті ағылған құрал-жабдықтарды, ірі көлемді жүктерді және Ақтау қаласындағы кәсіпорындарының экспорттық, импорттық тауарларын дер кезінде кедендік ресімдеуден өткізіп, шұғыл түрде жүктердің айналымға шығуына ықпал жасау еді.
Салтанатты жиында баяндама жасаған «Теңіз» кеден бекетінің басшысы Самат Талбаев сөзін осылай бастап, кеден бекетінің тарихын зерделеуге талпыныс жасады. Бұл кезеңде Жылыой өңірінде венгрлердің «Ведепсер», «Хемокомплекс» компаниялары, неміс, жапон, канада, француз мамандары бірлесіп, газ айыру зауытын салуды бастаған болатын.
Импорттық жүк лектерінің толассыз келуіне байланысты Гурьев кеденінің аз құрамдағы қызметкерлері Ақтау, Атырау, Құлсары темір жол стансалары, әуежай, су, тас жолдары арқылы ағылған жүктерді уақтылы ресімдеуді кешеуілдетіп жатты. Мына бір айғақты назарға ұсынайық. Сол кездегі Атырау кедені аумағындағы көлік құралдары қатынасының жүйелері сын көтермейтін, тас жолдардың бәрі бұзылған, Құлсары темір жол стансасындағы жүк түсіру алаңдары, темір жол тораптары осыншама көп жүктерді аз уақыттың ішінде қабылдауға қабілетсіз болатын. Құлсары-Теңіз темір жолы пайдалануға әлі алынбаған уақыт еді.
1990 жылдың ортасында осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында Одақтық Бас кеден басқармасы Атырау кеденінің жеке құрамының санын 25-ке дейін өсіру, Құлсары кеден бекетін құру туралы шешімі шықты.
Ғасыр жобасына айналатын үлкен өндіріске деген импорттық жүктердің темір жол, авто, әуе, су көліктері арқылы келуі ұдайы өсіп отырды. Теңіз кенішіне қатысты жүктерді ресімдеген, алғашқы ауыртпалық жүгін көтерген, адал қызмет үлгісін көрсеткен Александр, Сергей Канашкиндерді, Серік Мағзомовты, Амангелді Төлеповті, Самат Басаровты, Сейілхан Нұғмановты, Тимур Қадыровты, Игорь Истоминді, Жанболат Досжановты, Қазтуған Абуовты, Сәбила Жайлашованы ардақтамаса бола ма?!
Атырау өңірінің экономикалық даму үрдісі кедендік қызмет көрсету көлемін де өсірді. Маңғыстау түбегінде кең ауқымды жұмыстар жүріп, экспорттық жүктер шет елдерге көптеп жіберіліп, импорттық тауарлар құрамы өсті. Осыған байланысты 1990 жылы Атырау кеденіне қарасты «Шевченко» кеден бекеті құрылып, бастығына бұрынғы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкері Шора Тәжімғалиев деген азамат тағайындалды.
Күрмеуі көп іс
Атырау кеденінің құрамына «Құлсары», «Шевченко» кеден бекеттері енді. Бұл тізімге кейін «Ақтөбе», «Ақсай» бекеттері қосылды.
Егер 1990 жылы барлығы 89 жүк жеткізілімі ресімделсе, 1991 жылы тек Атырау облысынан 1875 жүк жеткізілімі ресімделді. Осы жылдардағы экспорттық-импорттық жүктерді тасымалдау түрлері бойынша бөліну үлесі былайша сипатталады: темір жол тасымалы – 87 пайыз, әуе тасымалы – 0,5 пайыз, автокөлік бойынша – 12,5 пайыз.
Кеден ісін ретке келтірудің кешенді шараларын жүзеге асыру мақсатында 1993 жылдың 1 қаңтарында Республикалық Кеден Комитеті жойылып, республика бойынша кеден органдарының барлық құрамалары мен құрылымдық бірлестіктері бағынатын Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігі жанындағы Бас кеден басқармасы құрылды. Ал, Атырау кедені осы Бас кеден басқармасы Батыс-Аймақтық кеденінің орталығы болды.
Батыс-Аймақтық кеденінің қызмет жүргізу аймағына жалпы штат саны 1000 адамнан тұратын Атырау, Орал, Ақтөбе және Маңғыстау облыстарының аумақтары енді.
ТШО қалай түледі?
Каспий теңізінің солтүстік-шығыс жағалауына орналасқан Теңіз кен орны дүние жүзіндегі игерілген өте үлкен көлемдегі кен орындарының бірі болып табылады. 1979 жылы ашылған кен орнының мұнай қоры 25 миллиард баррельге бағаланған. Осынау байлықты игеруде Теңіз кенішіне әкелінетін тауарлар мен көлік құралдарын тез де сапалы ресімдеу мен жеңілдетілген кедендік ресімдеу тәртібін жетілдіру мақсатында Атырау облысы Жылыой ауданына қарасты «Теңізшевройл» ЖШС-нің аумағында «Теңіз» кеден бекеті ашылды.
«Теңіз» кеден бекетінің алғашқы штат құрамы аз ғана қызметкерлерден тұрды. Олар: бекет бастығы Жанболат Досжанов, бас инспекторлар: Еркін Сабетов, Қабдеш Майлыбаев, аға инспекторлар: Сибағат Ағисов, Ғайнидин Атолов, инспекторлар: Ануар Шакиров, Айдынғали Ерболов, Қамажай Жүрекова, Қайрат Исмағұлов, Жақсығали Разуанов, Қайыржан Тілегенов, Самиғолла Хисметов. «Теңіз» бекетінің негізін қалаушылар – осылар.
Пайдамыз қандай?
Кеден қызметінің, кеденшілердің, жалпы барлық құрылымның атқарылған қызметі мен жеткен жетістіктері статистикалық ақпараттар мен салыстырулардан тұратыны белгілі. Мәселен, сол статистика мәліметтерінің деректеріне сүйенсек, былтырғы 2012 жылы «Теңіз» кеден бекетінің қызметкерлері құны 1 миллиард 835 миллион 594 мың АҚШ долларына бағаланатын тауарына кедендік ресімдеу жүргізген. Оған 13 мың 904 дана тауарлар декларациясы толтырылған.
Ал, ағымдағы жылдың тоғыз айының қорытындысы бойынша құны 1 миллиард 309 миллион 469 мың АҚШ доллары тұратын кедендік тауарға ресімдеу жүргізіліп, 11 мың данаға тарта тауар декларациясы жасақталған.
Мемлекеттік бюджетке 1 миллиард 100 миллион 665 мың теңге көлемінде кедендік төлемдер мен салықтар өндіріліп, бекетке берілген жоспар 104,24 пайызға орындалған. Кеден бекетінде ресімделетін тауарлардың 90 пайызынан астамы шартты босатылған. Жыл басынан бері босатылған тауарлар бойынша кедендік төлемдер мен салықтар сомасы 18 миллиард 960 миллион 351 мың теңге құрап отыр.
Кеден заңдылықтарының сақталу жайы ше? Бұл ретте заң бұзушылықтың тоғыз дәйегі анықталып, оның үшеуі сот органдарымен, алты іс кеден органдарымен қаралып, барлығы 233 мың 685 теңге сомасында айыппұл салынып, мемлекет пайдасына өндірілген екен.
Жалпы бекет бойынша ресімделетін импорттық тауарлардың негізін шикі газды жер қойнауына кері айдау және кеніште салынған екінші буын зауыттың қалыпты жұмыс жасауына қажетті құрал-жабдықтар мен қосалқы бөлшектер құрайды. Импорттық тауарлардың басым көпшілігі Ұлыбритания, АҚШ, Германия, Италия, Украина, тағы басқа шетелдерден келеді екен.
Ал, экспортқа негізінен күкірт, пропан, бутан, қара темір сынықтары мен олардың үлгілері, уақытша әкелу мерзімі аяқталған әртүрлі техникалар, басқа да тауар түрлері шығарылып, көбінесе олар алыс шетелдерге – Польшаға, Түркияға, Қытайға, Венгрияға, Словакияға жөнелтіліп отырады.
Заман талабына сай
Бірлескен Кеден Одағын құру туралы Ресей мемлекетімен арадағы келісім-шартқа сай Атырау облысы мен Астрахан облысы арасындағы шекаралық «Құрманғазы» және «Ақкөл» кедендік бақылау бекеттерінің алынып тасталуына байланысты, босаған қызметкерлері «Теңіз» кеден бекетінің құрамына енгізіліп, штаттық кестеге сай құрамы отыз қызметкерге дейін өсірілді. 2008 жылдың мамыр айынан бастап, бекеттің жұмыс жасау тәртібі ауысымдық әдіске ауыстырылған.
«Теңіз» кеден бекетінің қызмет көрсету аймағында «Теңізшевройл» ЖШС, басқа да сыртқы экономикалық қызметке қатынасушы ірі мердігер кәсіпорындары орналасқан. Сонымен қоса СЭҚ қатынасушылардың тауарлары мен жүктерін негізгі кедендік ресімдеуден өткізгенге дейін сақтайтын екі уақытша сақтау қоймасы, екі кеден қоймасы және бес өз тауарларын сақтау қоймасы жүйелі жұмыс жасап келеді.
Сондай-ақ, кедендік ресімдеу кезінде кедендік төлемдер мен салықтар төлеуді тез әрі тиімді пайдалану үшін пост-терминал аппараты орналастырылған. Аталмыш терминал арқылы күні бүгін 15 миллион 740 мың теңге сомасында кедендік төлемдер мен алымдар алынып отыр.
* * *
«Теңіз» кеден бекетінің құрылғанына 20 жыл толу мерекесіне арналған салтанатты жиында «Теңізшевройл» ЖШС бас директоры Тим Миллер, кеден ісін тұңғыш ұйымдастырушы, ардагер Мұрат Өтешов, Жылыой ауданының әкімі Мақсым Ізбасов, ардагер Александр Канашкин, басқа да алыс-жақыннан – Москвадан, Лондоннан келген байырғы кеденшілер құттықтау сөз сөйледі, естеліктер айтылды. Ардагер кеденшілерге Алғыс хаттар мен мерекелік медальдар ұсынылып, лайықты сый-сияпаттар жасалды.
Қаржау Оразбаев,
меншікті тілшіміз,
Жылыой ауданы.