Мұнайлы астананың шырайлы шағы
Өткен аптада Атырау қаласының әкімі Серік Шәпкенов бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, тәуелсіздік жылдары облыс орталығының қол жеткізген жетістіктері туралы баяндады.
Қала 100 мың адамға көбейді
Шаһар басшысының айтуынша, егемендік жылдарында қала халқы 100 мың адамға өскен. Осыдан 17 жыл бұрын (1999 жылы) өнеркәсіптік өнімінің көлемі 12 млрд. теңгені құраса, биыл 178 млрд. теңгеге жетті. Яғни, 14 есеге артып отыр.
— Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында-ақ өңіріміз инвестиция тарту бойынша республикада жетекші орынды иеленді. Негізгі капиталға инвестиция тарту көлемі 767 млрд. 179 млн. теңге болып, былтырғы жылмен салыстыр-ғанда 129,8 пайызға өсті. Жалпы, облыс көлемінде қаланың үлесі – 42 пайыз, — дейді қала әкімі.
Баяндамадан байқағанымыздай, құрылыс саласында да өсім байқалады. Аталмыш бағытқа салынған инвестиция көрсеткіші өткен жылдармен салыстырғанда 17 есеге артқан. Тек биыл қалада 366 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, ал, 2003 жылы бұл көрсеткіш 89 мың шаршы метр еді.
250 шақырым жол салынады
— Ағымдағы жылдың ішінде қала мен шаһарға қарасты округтер бойынша 95 шақырымды құрайтын тасжолдардың құрылысы жүргізілді, ал, келесі жылы біздің жоспарымызда қаржының бөлінуіне қарай жобалық-сметалық құжаттары дайын жалпы ұзындығы 250 шақырымға жуық болатын 30 елді мекендегі 311 көшеге тасжолдар салу көзделген. Облыс орталығының инженерлік инфрақұрылымын дамыту мақсатында Еркінқала, Водников-2, Талғайраң, Жаңаталап ауылдарына ауыз су желілері, Көкарна ауылына ауыз су, көгілдір отын желісінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Өсімдік шаруашылығын дамытуға, көктемгі егіс-дала жұмыстарына, жанар-жағармай материалдарымен қамту және дақылдарды қорғалған топырақта өңдеп өсіруге 42 шаруашылыққа 6,3 млн. теңге субсидия төленгендігін айтқан қала басшысы өз мақсатында пайдаланылмай отырған ауыл шаруашылығы жерлерін қайтару өзекті мәселе болып отырғандығын жасырмады.
— Қазіргі кезде Атырау қаласы бойынша ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылмай жатқан көлемі бес мың гектардан астам елу шақты жер учаскесі анықталды. Пайдаланылмай жатқан жерлерді тексеру барысында 160 жер учаскелері тіркеліп, оның ішінде, мүлдем игерілмеген 126 жер учаскесі иелеріне шара қолдану үшін тиісті органға жолданды. Сонымен бірге, 246 жер учаскесіне тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр, — деді Серік Жамбылұлы.
Баспасөз конференциясы барысында қала әкімі келер жылы құрылыстары аяқталатын нысандарды да атап өтті. «Нұрсая» ықшамауданында 624 орындық — екі, Ақжайық ауылындағы М.Отаралиев атындағы 120 орындық мектептерінің, Еркінқала мен Бірлік ауылдарындағы 280 орынға негізделген балабақшалар құрылыстарын аяқтау және Ракуша ауылындағы «НКОК» компаниясы демеушілігімен 300 орындық жаңа мектеп ғимаратының құрылысын бастау жоспарланып отыр.
12 мың бала балабақша кезегінде тұр
Бұған қоса, келер жылы жоспарға сай Ф.Досымова атындағы №12 орта мектеп, қалалық лицей, №20 балабақша, Дамбы ауылындағы балалар саз мектебі ғимараттары күрделі жөндеуден өтетінін айтқан Серік Шәпкенов балабақша тапшылығы мәселелесін де көтерді.
— Қазіргі таңда 12 327 бала балабақша кезегінде тұрса, 14 013 оқушыға орын тапшылығы туындап отыр.
Осы өзекті мәселелерді шешу мақсатында, — деді қала әкімі, — жаңадан 6516 орындық 10 мектептің, 5000 орындық 20 балабақшаның құрылыстары үшін жобалық-сметалық құжаттарын жасақтауға қаражат бөлініп, мемлекеттік сатып алулар жарияланды. Бұл нысандардың құрылысы аяқталған кезде қаладаға жол кептелісінің мәселесі де шешіледі. Өйткені, қазіргі таңда ата-аналар балаларын мектепке апару үшін қаланың бір шетінен екінші шетіне жеткізуге мәжбүр. Сол себепті, жол бойында қозғалыс та көп.
Баяндамадан соң қала басшысы журналистерді толғандырған сауал-дарға жауап берді. Сұрақтардың басым көпшілігі қоғамдық көліктер мәселесіне қатысты болды.
— Бұған дейін қоғамдық көліктер жұмысын жетілдіру, барынша тиімді ету мақсатында, Атырау орталық диспетчерлік қызметі енгізілді. Автобустар GPS жүйесіне қосылып, аялдамалардың бірқатары ақпараттық таблолармен жабдықталды. Алайда, бәрі тек қағаз жүзінде ғана қалған сыңайлы. Табло көліктің нақты қозғалысын көрсетпейді, жүргізушілер көбінесе GPS-трекерлерді ажыратып тастайды.
— Бұған дейін отыз маршрутқа қызмет көрсететін сегіз тасымалдаушымен кездесу өткіздік. Олардың айтуынша, мәселе сыйымдылығы 100 адамға дейін болатын үлкен автобустардың жетіспеуінен орын алып отыр екен. Нәтижесінде, қызмет көрсетуі тиіс жиырма автобустың орнына сегіз қоғамдық көлік шығады. Әрине, бұл қала тұрғындарына қолайсыздық тудырады.
Біз қазір тасымалдаушылармен келіссөз жүргізудеміз, олар маршруттардың шығынды көп қажет ететіндігін алға тартады. Мұндай жағдайда заңда субсидиялау мүмкіндігі қарастырыл-ған, біз осы мәселені анықтап жатырмыз. Сонымен қатар, олардан паркті жаңартуды талап етеміз. Ал, электронды таблоға, GPS-трекерлерге келер болсақ, бұл жүйені жетілдіретін боламыз.
— Үлкен автобустары жоқ тасымалдаушылар маршруттарды бөлу тендеріне қалай жіберіледі?
— Біріншіден, ереже бойынша тасымалдаушылар автокөлікті жалға ала алады, екіншіден, егер билік маршруттарға қызмет көрсетуге тыйым салуға дейін қатаң шаралар алатын болса, онда қалада көлік коллапсы туындауы мүмкін.
— Нұрсая, Болашақ, Тұлпар ықшамауданарының тұрғындары орталыққа баратын №4 және №30 «а» (бұл да екіге бөлінеді, — ред.) маршруттардың дұрыс ойластырылмағандығына шағымданады. Олардың ешқайсысы Сәтбаев немесе Азаттық даңғылдары арқылы жүрмейді. Қажетті жерлеріне жету үшін тұрғындарға қаланы шыр айналып жүруге тура келеді. Нұрсаядан «Динаға» жету бір сағаттай уақытты құрайды. Осы мәселені шешу жолдары қарастырылып жатыр ма?
— Маршруттарды әзірлеумен мамандандырылған мекеме айналысуы тиіс. Олардың қызметкерлері жүру ұзақтығын, тоғысу мүмкіндігін және тағы басқаларды ескеруге міндетті. Маршруттың жүру ұзындығы үш шақырымнан аспауы тиіс. Ал, бізде тоғыз шақырымға дейін созылатын маршруттар бар. Келесі жылы мамандардың көмегімен маршруттарды қайта әзірлеуді бастаймыз.
— Қала тазалығы мәселесін қозғасақ. Шаһар тұрғындары «Арнаулы автобаза» жұмысына қатысты жиі шағым айтады. Сондай-ақ, қазіргі қыс мезгілінде мұз арқылы Жайықтың бір бетінен екінші жағына тіке шығуға жаға бойын қаптап өсіп кеткен қамыстар кедергі келтіруде. Қамыстарды шабу, қала тазалығын бақылауда ұстау мақсатында қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
— Қала тазалығы – өте маңызды сұрақтардың бірі. Қыс мезгілінде бұл мәселе сәл бәсеңсігенімен, жаз келе қайтадан көтеріледі.
Бұл орайда жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, әлі толықтай шешілді деп айта алмаймыз. «Арнаулы автобаза» қоқыстарды таситын арнайы көліктердің жоқтығын алға тартқан болатын. Қазіргі таңда осындай он көлік сатылып алынды, барлығы іске қосылды. Көшелердің барлығына қоқыс салатын контейнерлер орнатылды.
Бұған дейін қоқыс тастағаны үшін бірде-бір тұрғынды әкімшілік жазаға немесе басқа да жауапкершілікке тарту мүмкін болмаған еді. Біз енді қаланы абаттандыру ережелерін қабылдадық.
Жайық бойына қамыс өсіп кеткенін де байқап отырмыз. Қамыс шабу бағытындағы жұмыстар жүргізіледі. Алға қойған үлкен мақсаттарымыздың бірі – келер жылдан бастап Жайық бойын абаттандыру жұмыстарын жолға қою. Қазіргі таңда концептуалды шешімдер қабылдап келеміз, кейін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халыққа ұсынып, бірігіп нақты шешім қабылдайтын боламыз.
— Атырау қаласынан Исатай ауданына шығар жолда орналасқан көпірдің қасында ағынды су өткен жылдан бері жатыр. Оның шіріп, сасыған иісінен тіпті көлікпен өтіп кетудің өзі қиын. Осы суды химиялық жолмен тазарту арқылы пайдалануға болмас па еді?
— Кәріздік жүйеміздің жағдайын жақсы деп айтуға келмейді. Себебі, қазіргі таңдағы жеке секторлардың сексен пайызы септикпен өткізіп, қалған жиырмасы осы кәріздік жүйе арқылы екі жаққа сарқынды суды шығарып отыр. Екі жерде де тазартқыш құрылғылары жұмыс жасамайды.
Бұл мәселеге қатысты облыс әкімі арнайы тапсырмалар берді. Сол бағытта жұмыстар жүргізіп келеміз. Жайық өзені қаланы екіге бөліп отырғандықтан, екі бетте де жүйенің құрылысын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда сол жағалаудағы нысан құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы анықталды, енді қаржы жағынан инвесторларды тарту, суды толығымен тазартып, егістікке немесе басқа мақсатта пайдалануға мүмкіндік беретін технологиялар қарастырудамыз.
Айгүл ЕРТІЛЕУ
Суреттерді түсірген: Әнуар ӘБІЛҒАЗЕВ.